Алаш ардақтысы, қазақтың қайталанбас дара тұлғасы Ә.Н.Бөкейханның отбасы, оның жары, балалары жайында оқырман көп біле бермейді. Ел арасында Әлихан кеш үйленген, оның жары өзге ұлт өкілінен деген түрлі әңгімелер өріп жүр. Оның қайсысы қауесет, қайсы шынайы екенін кім білсін?!
Негізінде, махаббат – тылсым күш, құпия. Алаш көсемінің отбасылық жеке өмірі, жан-жары жайында тоқталайық. Алаш көсемі Ә.Н.Бөкейхан Петербордағы Орман шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін, ішкі Ресейден қоныс аударушылар жағдайын зерттеу үшін ұйымдастырылып жатқан Половцев экспедициясына қатысу үшін Омбыға келеді. Бұл кез – 1895 жылдың жазы. Бірақ, Әлекеңе экспедиция жұмысына қатысуға рұқсат берілмейді. Содан Алаш ардақтысы Омбы қаласына тұрақтап, Орман шаруашылығы училищесіне жұмысқа тұрып, математика пәнінен сабақ береді. Оқытушы бола жүріп, социалистік бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсене араласа бастайды. Осы газет арқылы саясаткер Яков Севостьяновпен танысып, жақын қарым-қатынас орнатады. Яковпен араласып жүріп, оның қызы Еленамен танысады.
Әлихан мен Еленаның бір ұл, бір қызы болады. Үлкені – қызы Зейнеп (Елизавета), кенжесі – ұлы Өкітай (Сергей). Зейнеп 1903 жылы, ал Өкітай 1904 жылы дүниеге келген.
Әлекеңнің немере інісі Сырым Райымжанұлы Бөкейхан ағасының отбасы турасында: «Ахаң «Степной край» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде Сібірге қоныс аударылғандардың ұрпағы Яков Севостьяновпен танысады. Екеуінің өмірге деген, саясатқа деген көзқарастары бір-біріне ұқсапты. Яковпен араласып жүріп, Әлихан оның қызы Ольгамен танысады. Күндердің күнінде Ольгаға: «Аяулы қызым! Саған ешқашанда Әлиханнан артық қалаулы жарды тілемес едім. Бірақ, екеуің де алдыларыңнан шығатын қиындықтарға дайын болуларың керек. Әлихан – қазақ, сен – орыссың. Сенің қандастарың басқа ұлтқа тұрмысқа шықты деп өзіңді үнемі сөгетін болады. Орыстың қызын алғаны үшін Әлиханды да елі кінәлайтын болады. Бақтарың ашылсын, шыдамды болыңдар, өздеріңе махаббаттарың қорғаныш болсын!, – деп Яков батасын беріпті. Осылайша, олар үйленеді», – деген екен [1;8б].
Ал, әлихантанушы-ғалым, ф.ғ.к. С.Аққұлы: «Әлиханның жеке өміріне қатысты мәліметтерде үйленуіне байланысты оқиғалар беймәлім күйінде қалып отыр. Оның өзге ұлттың және оның үстіне христьян дінінің қызына үйленгендігі басты құпия емес. Әлихан өзіне қалыңдық ретінде орыс қызын, Елена Яковлевна Севостьяновнаны таңдады», – дейді [2;336 б]. Мысалы, Сырым Бөкейхан жеңгесінің есімін «Ольга» деп айтыпты. Ал, ғалым «Елена» дейді. Шындыққа жанасатыны – Елена.
Әлиханның анасы Еленаны қабылдамаған екен. Бұл туралы әлихантанушының еңбегінде: «Алаш көсемінің немере інісі Райымжан Әзімханұлы Бөкейханның естелігінде «Әлихан анасының бұл жағдайға көзқарасы анық теріс болған. Ол тіпті туған келініне үйінің табалдырығынан аттатпай, былай деп хабар жіберіпті: «Мен қалайша мойнында кресі бар келінді құшақтап, бетінен сүйемін? Бұл әйеліңді көзіме көрсетпе!» делінген [2;336 б]. Ғалымның еңбегінен тағы бір қызықты мәлімет келтірсек: «Әлихан анасына ешқашан қарсы келмеген. Өзінің туғандарына келген кезде келіншегін туысқандарының ауылында, жолдастары мен серіктестеріне, ақын Абай жұртына, бөлесі Шәкәрім айналасына немесе Тұрағұл мен Кәкітайларға қалдырып кететін болған». Шәкәрім Құдайбердіұлының кіші анасы Бошантай – Әлиханның анасы Бегім ханымның туған апасы болған.
С.Аққұлының жазуына қарағанда, Алаш көсемі аса кеш үйленген. Бұл кезеңде, оның жасы 35-36-да болатын. Әлекеңнің жары Еленаның туған жылы нақты белгісіз, ал дүниеден өткен жылы 1921 жыл екен.