– Ершат Ағыбайұлы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының кезекті отырысы қазақ елінде өтіп, Астана декларациясы қабылданды. Бұл басқосудың басты ерекшелігі ғылым мен технологияға арналуында деуге болады. Жалпы, ұйым мен оған мүше елдердің осы тұрғыдағы әлеуеті қандай?
– Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Астанада өткен кезекті отырысы әлемдік аренада қазақ елінің беделін арттыра түсті. Бұл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі деп айта аламын. Ислам әлемі барлық саланы қамтитын орасан зор экономикалық қуатқа ие. Сонымен қатар айрықша жағырапиялық орны бар, табиғи қазбалары, кен байлықтары мен еңбек ресурстары мол әлем. Экономикалық тәжірибесі, еңбек күшінің үйлесімділігі де биік деңгейде. Атап айтсақ, Атлант мұхиты мен Үнді мұхитын жалғайтын Суэц каналы бар Мысырдың әлеуеті жоғары. Ал Парсы шығанағындағы мұсылман елдері мұнай қорына бай. Мұнай өнімдерін шығанақ арқылы Үнді мұхитына шығару Араб түбегіндегі елдердің геосаяси маңыздылығын арттырады. Десек те, мұсылман елдері өз мүмкіндігін толық пайдаланып отырған жоқ деп ойлаймын. Елбасы айтқандай, ғылым мен технология, ғылымды өндіріске енгізу тұрғысынан артта қалып келеді. Осы орайда Астана декларациясының маңызы ерекше.
– Сіз исламтанушы ретінде Қазақстан ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дамуынан не ала алады, не бере алады деп ойлайсыз?
– Алары да, берері де аз емес. Ең маңызды бағыттың бірі ретінде ғылым мен технология саласындағы интеграцияны айтар едім. Бұл тараптағы байланысқа Қазақстан осыдан 10 жыл бұрын үш сатылы халықаралық білім беру жүйесін енгізген кезде-ақ нақты қадам басқан болатын. Бүгін осы салада оң нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Ендігі кезекте оны дамыту керек. Ғылым жолын таңдаған қаншама жастар мұсылман елдерінде тәжірибеден өтіп, ғылыми дәрежелерін қорғауда. Ал араб мемлекеттері мен Пәкістаннан келген мамандар еліміздегі жетекші оқу орындарында атомдық физика, ядролық физика, нанотехнология сияқты салаларда PhD дәрежесін қорғауда.
Қазақстан 2013 жылы құрамына 56 ел кіретін Ислам әлеміндегі ең беделді ұйымдардың бірі Халықаралық ислам фиқһ академиясына (International Islamic Fiqh Academy) тұңғыш рет мүше болды. Мен сол күннен бастап Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы тұрақты өкілдігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ұсынысы бойынша, Қазақстан Республикасының атынан академияның тұрақты мүшесі болып тағайындалдым.
Бұл академияның негізгі мақсаты – мұсылман елдеріндегі көп көтерілетін ғылым, заң, мәдениет, ислам каноны, медицина, экономика, индустрия, технология, ауыл шаруашылығы, биология және химия салаларындағы түйткілді мәселелерді зерттеп, оған қатысты бірегей шешімге пәтуаласу. Мысалы, 2013 Сауд Арабиясы корольдігінің астанасы Риядта өткен академияның XXI съезінде генетика, гендік инженерия, адам геномы, Сукук (ислам банктерінің өнімі), қаржылық операциялардағы хедж (сақтандыру), жануарды тоқпен ұрып, кейін өңеші мен күре тамырларын кесу арқылы бауыздау, ислам мектептері (мәзһабтары) арасындағы диалог сияқты мәселелер көтеріліп, оң шешімдер қабылданды. Осы орайда, Қазақстанның мұсылман елдері арасындағы ғылыми айналым көшіне ілесуі ИЫҰ-ға мүше елдер арасындағы ықпалдастықты дамытуға дайындығы мен әлеуетінің жоғары екендігін айқындайды.
Ислам ғылымына келсек, барлық мұсылман елдеріндегі білім ордалары біз үшін жарай бермейді. Өйткені, Қазақстанда исламияттың өзіндік моделі қалыптасқан. Қазақ халқы ғасырлар бойы Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебін ұстанып келеді. Сондықтан мүфтият ИЫҰ елдері ішінен Ханафи мәзһабы бойынша оқытатын Мысырдағы «әл-Азxар» университеті мен Түркиядағы «Хасекей» академиясында жастардың білімін жетілдіруді, тәжірибе алмасуды қолға алған. Діни кадрлар негізінен ҚМДБ-ға қарасты «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам университетінде дайындалады. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамында Мысыр елінен келген 18 ғылым докторы дәріс береді. Бұл Орталық Азиядағы теңдесі жоқ оқу орны. Осы университетте ИЫҰ құрамындағы Орталық Азия елдерінің студенттерін оқыту арқылы еліміз халықаралық білім интеграциясына үлес қосу мүмкіндігіне ие бола алады.
– Астана декларациясы Ислам әлемінің рухани сілкінісі мен жаңғыруына қаншалықты негіз бола алады?
– Әлем өркениетіне мұсылман ренессансының қосқан үлесі зор. Сол кездегі мұсылмандардан шыққан әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Беруни мен әл-Хорезми сияқты ғалымдар қазіргі кездегі көп ғылымның атасы екені анық. Алайда бүгінгі мұсылмандардан неге сондай атағы әлем жарған ғалымдар шықпайды? Оған мүмкіндік көп қой?! Бүгінге дейін Нобель сыйлығын ұйымға мүше елдерден екі-ақ адам алған екен. Олар – мысырлық және пәкістандық ғалымдар.
Қасиетті Құранның алғашқы аяттары «оқы, оқы және оқы» деп түсіп, ғылым қууға үндейтіні мәлім. «Сәбә» сүресінің 3-аятындағы: «Ғарыштағы және жердегі тозаңдай заттың өзі, оның одан да ұсағы немесе үлкенірегі болсын (атом мен оның электрондары: нейтрон, протон) – барлығы да Аллаға мәлім күйде айқын кітапта (Ләухул-махфузда сақталған)» деген атом туралы мәлімет ғалымдарды ізденіске, зерттеуге жетелейді. «Әл-Бақара» сүресінің 261-аяты: «Алла жолында дүние жұмсаған жандардың іс-әрекеті (жерге егілген) бір тал тұқымының мысалындай. Сол тұқымнан шығатын жеті масақтың әрқайсысы жүз-жүзден дән береді. Өзі қалаған құлының сауабын, Құдай осылай еселеп арттырады. Алла – шексіз Жомарт, әрі бәрін де Білуші» деп, бидайдың бір дәнінен 7 масақ, әр масақ 100 дән беретіндей жағдайға жеткізіп өсіруге болатынын ишара етуде. Бүгінгі күнге дейін агромәдениет мұндай деңгейге әлі қол жеткізген жоқ. Осы мәселе ғалымдарға ой салуы тиіс. Сондай-ақ кванттық, термоядролық элементтерді өндіріске енгізу мұсылман елдері ғалымдарының еншісіне бұйырса екен деген үмітім бар.
Мемлекет басшысы бүгінгі исламды қаралауға, ақпараттық шабуылдарға қарсы төтеп беруге, мұсылмандардың құқығын таптатпауға қатысты өткір пікір білдірді. Сондай-ақ көп конфессиялы еліміздің моделі мен тәжірибесін ИЫҰ елдерімен бөлісуге дайын екенін айтты.
– Елбасы ИЫҰ-ның алдыңғы қатарлы 15 мемлекеті бірігіп, Батыс әлемімен байланыс орнату қажеттілігі туралы да айтты. Бұл ұйым қаншалықты нәтижелі болмақ?
– Иә, Елбасы G20 секілді алдыңғы қатарлы 15 мемлекеттің бірігуін ұсынды. Қазақстан 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық еткен тұста Президентіміз оны ИЫҰ деп атауға себепші болған еді. Сол кездегі айтқан тың идеялары бүгінде ИЫҰ әлеуетін жаңа деңгейге көтергеніне куә болып отырмыз. Елбасы ұсынған G15 идеясы ИЫҰ үшін үлкен нәтиже береді деп сенемін.
Ислам үмметіне ғылым мен технология саласын дамыту қажет. Бұл үшін Елбасы айтқандай, алдыңғы қатарлы Батыс елдерімен тұрақты әрі жемісті байланыс орнатылса ИЫҰ елдерінің ілгерілеуіне, әлеуетінің арта түсуіне зор пайдасын тигізеді деп санаймын. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім Қытайда болса да іздеп барыңдар», деген хадисі, мұсылман еместерден немесе жердің түбінен болса да білім алуды, ғылым үйренуді, тәжірибе алмасуды меңзеген. Жалпы, бұл ұсыныс ИЫҰ-ға мүше елдеріне, мұсылмандарға ой салуы тиіс. Исламдағы қаржы жүйесі, халал индустриясы көптеген әлем елдерінің қызығушылығын тудыруда. ИЫҰ елдері ислам экономикалық ұйымдарын құрып, халықаралық әрі жергілікті қаржы орталықтарын шариғатқа сай дамыта білсе, оң нәтиже болады деп санаймын. Еліміз ЭКСПО-ны абыроймен өткізді. Әлемнің энергия саласындағы озық технологиялары Астанадағы көрмеде тоғысты. Ондағы жаңалықтар ИЫҰ елдерін ғылымға, жаңа жетістіктерге жетелері хақ. Енді ЭКСПО-ны алдағы жылдары БАӘ өткізбек. Мұнайдың таусылу ықтималдығы артқан кезеңде оған баламалы энергия көздерін табу, оны өндіріске енгізу ИЫҰ-ға мүше елдердің мүддесі болуы керек деп ойлаймын.
– Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған осы жиында сөйлеген сөзінде мұсылман әлемінің 55 пайызы сауатсыз деді. Бұл қаншалықты рас?
– Өкінішке қарай, бұл рас сөз. Ердоған білім саласына қаржы аз бөлінетінін айта келе, кейбір елдердегі жазу-сызу білмейтін халықты меңзеген сияқты. ЮНЕСКО-ның ресми мәліметіне сүйенсек, Ислам әлемінің көп елдерінде сауатсыздық деңгейі жоғары. Оның көрсеткішін арттырып отырған Африка және Оңтүстік Азия елдері деп ойлаймын. Себебі, Африка құрлығындағы мұсылман елдерінде сауатсыздық көрсеткіші 23 пайыздан 74 пайызға дейін жетеді. Мәселен, мұсылмандар көп шоғырланған Пәкістандағы халық саны 208 млн болса, оның 55,8 пайызы сауатсыз. Ал Бангладеште бұл көрсеткіш 56,5 пайызды құрайды.
ТМД елдерінде сауатсыздық жоқтың қасы, небары 0,3-4 пайыз ғана. Қазақстан халқының сауаттылығы 97,6 пайыз екен. Алайда бұл елдердегі діни сауттылық төмен екенін айта кету керек. Исламды ғылым жолымен емес, сыртқы формаға қарап түсіну үрдіске айналып барады. Жастар таза исламды бетперде етіп түбінде жеке мүддені көксейтіндердің жетегінде кетпеу үшін діни сауаттылықты көтеру қажет. Осы мақсатта ҚМДБ 500 имамның басын қосқан Республикалық имамдар форумын өткізіп, онда «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы» және «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы исламның дәстүрлі жолы» атты тұжырымды құжаттар қабылдады. Бұл құжаттарға Орталық Азия елдері қызығушылық танытып отыр. Өйткені, Ханафи мәзһабы оларға да ортақ. Демек, бұл қадамдар Қазақстанмен көршілес ИЫҰ-ға мүше елдер арасындағы ынтымақтастыққа, діни сауаттылықты көтеруге септігін тигізеді деп сенемін.
Әңгімелескен Думан АНАШ