16-мамыр. Астана. /SUNNA.KZ/ – Қасиетті Рамазан айының кіруіне орай, еліміздегі барлық мешіттерде Тарауық намазы басталды.
Биылғы Рамазан айының алғашқы түні милади жыл санауы бойынша 16-мамырдан 17-мамырға қараған түніне сәйкес келеді. Осыған орай, еліміздің аумағындағы барлық мешіттерде бүгінгі Құптан намазынан кейін, тарауық намазы оқыла бастады.
Айтулы құлшылық түрінің басталуына байланысты, бүгін кеште мыңдаған елордалық Құран айындағы құлшылықтарын бастау үшін мешітке ағылды.
Астана қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде де биылғы алғашқы Тарауық намазы оқылды. Аталмыш намаздың басталуынан бұрын Бас имам Жұманазар Садырханов жиналған жамағатты қасиетті айдың кіруімен құттықтады. Бас имам Рамазан айының қадір-қасиеті, Тарауық намазының дініміздегі орны жайлы тұщымды уағыз-насихат айтты. Сонымен қатар, ай бойы хатым оқитын «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Бағзат қари Ақжол және «Көктөбе» қарилар орталығының түлегі, бірқатар халықаралық және республикалық Құран жарыстарының жеңімпазы Қайырбай Дәукенұлын таныстырып өтті.
Игі шараға, елордалық мұсылмандар, мешіт ақсақалдары мен мешіт имамдары қатысты. Тарауықтың басталуы болғандықтан 2 мыңға жуық жамағат құлшылықтарын жасады.
Арнаулы қарилардың имамдық етуімен ай бойы күніне 20 ракағаттан Тарауық намазы оқылады. Яғни, ай бойы Құран Кәрімді басынан соңына дейін оқып шықпақ.
Алла қылған құлшылықтарыңызды, ұстаған оразаларыңызды қабыл етсін!
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі