Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ОРАЗА АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ (фото)

0 1  337

15-маусым. Астана. /SUNNA.KZ/ – Астана мешіттерінде Ораза айт намазы оқылды.

Бүгін иісі мұсылман қауымы үшін қасиетті болған Ораза айт мейрамының бірінші күні. Осыған орай, ел мешіттерімен бірге «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде де, екі рәкәғат Ораза айт намазы оқылды.

Ұлық мерекенің ұлтымыз үшін жыл санап қадірі артып келе жатқандығы көңілге мол қуаныш ұялатады. Таң білінер-білінбестен мешітке ағылған халықтың қарасы биыл тіптен көп болды. Ораза айт намазын оқу үшін мешітке келген елордалықтардың көптігі соншалық, құлшылық ордасының атшаптырым ауласында иін тірескен жұрттың арасынан ине шаншар орын табылмады.

Жиналған жамағатқа мешітіміздің наиб имамы Бағзат Ақжол Ораза айттың қадір-қасиеті мен осы күні атқарылатын салихалы амалдар жайлы танымдық уағыз-насихат айтып, жиналған жамағатты қасиетті мейраммен құттықтады. Екі рәкәғат айт намазы оқылғаннан кейін, арнаулы Ораза айт құтпасы оқылып, құтпа соңынан мешітіміздің Бас имамы Жұманазар Садырханов елімізге амандық, халқымызға бақ-береке, Отанымызға тыныштық, азаматтарымызға екі дүниенің жақсылығын тілеп дұға жасады.

Мешітімізде оқылған айт намазына елімізге танымал ғалымдар және ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері де қатысты. Алаштың арқасүйері болған ағаларымыз намаз соңында мешіт жамағатын айт мейрамымен құттықтай отырып, ел-жұртқа ақжарма тілектерін арнады. Сонымен қатар, мешіттің ауласына арнайы Рамазан айының құрметіне тігілген ақбоз үйде ақсақалдар алқасына арнайы айттық дастарқаны жайылып, өнерлі азаматтар ән-күйімен мерекелік көңіл-күй сыйлады. Осылайша, қасиетті Рамазан айына орай ұсталатын бір айлық парыз ораза аяқталып, халқымыз үшін қасиетті Ораза айт мейрамы басталды.

Айт құтты болсын, ағайын!

 «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.