Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қош келдің, айлардың сұлтаны – Рамазан!

0 10  793

Құран үкімі

«Ей, иман еткендер! Сендерге тақуалыққа жетуде бұрынғыларға парыз етілгеніндей ораза парыз етілді» (Бақара сүресі, 183 аят)

«Ол рамазан айы, адамдарға тура жолды көрсететін, ап-анық тура жол дәлелдеріне ие және ақиқат пен қатенің арасын ажыратқан Құран сол айда түсірілген.

Бұл айға кім жетсе, ол ораза тұтсын. Бұл айда ауырған немесе сапарда болған адам тұта алмаған күндерін басқа күндері өтесін. Алла сендер үшін оңайлықты қалайды, қиындықты қаламайды. Қиындық шекпестен ораза күндеріңді аяқтаңдар, сендерді тура жолға жеткізгендігі үшін Аллаға тәкбір айтып, тағзым ет.

Осылайша Оның нығметтеріне шүкіршілік еткен боласыңдар» («Бақара» сүресі, 185-аят)

Ауыз бекітуге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үндеген!

«Рамазанның алғашқы түнінде жұмақтың есіктері ашылады. Әр түні азанға дейін бір дауыс келеді: «Күнәларының кешірілуі үшін кешірім тілейтін адам жоқ па? Тәубеге келуші жоқ па? Алла тәубесін қабыл етсін. Дұға етуші жоқ па? Оған жауап берілсін. Өзі үшін бір нәрсе тілеуші жоқ па? Тілегі дереу орындалсын» (Тирмизи. Сунан).

«Рамазан айы келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» (Әбу Дауд. Сунан).

«Үш адамның дұғасы кейін қайтарылмайды: Әділдікпен үкім беруші басшы, ауыш ашарға дейін ораза тұтқан адам және зұлымдық көруші» (Сахих Бұқари).

«Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла Тағала ондай адамның ауыз бекіткеніне мұқтаж емес» (Сахих Мүслим).

Рамазан пендешіліктен арылуы айы

Рамазан – илаһи сый-сияпаттың қазынасы. Ораза айында ынты-шынтымен құлшылық жасаған пенденің тәубесі қабыл болып, жапырағынан айырылған күзгі ағаштай күнәлары бойынан төгіліп түседі. Бұл айдағы кеш-құрым кездегі ауыз ашардың құттылығы мен таң сәрісіне тұрудың берекесі мол. Бұндай арайлы шақ көңілді сергітіп, жүрегіңді жылылыққа баулиды. Бұндай рухани елтуде адам кісімсуден, даңдайсудан, мейманасы тасудан арылып, кішіпейілдіктің кілтін тауып, ерекше рухани күй кешеді. Мүміннің көкірек көзі ашылып, ішкі иірімдері тамаша үйлесімдікке бой алдырады. Сөйтіп, жаратылыстағы саналы тіршілік иесі екендігіне көз жеткізіп, оған мың да бір шүкір етеді.

Мүмін, ізгі сезімдерге шомып, бұл айда өз-өзін бақытты санайды. Өйткені, мүмін бұл айда тамұқ есіктері жабылып, жұмақ есіктері ашылатынын, шайтандардың шынжырланып, байланатынын біледі. Бұл айда ынты-шынтымен ауыз бекітіп, рухы мен көңілін кір-қоқыстан тазартып ұстаған адамға шайтанның азғыруы өтпей, құрған тұзағы бос болып қалады. Себебі, бұл құлшылықтың мәнісін ұққанға, ораза күнәдан сақтайтын қалқан, жамандыққа қарсы бөгеу. Сонымен бірге, адам барлық періштелер жер бетіне түсетін айды бастан өткеріп, олардың пәк сезімдерімен бірге өмір сүреді.

Рамазан айында бар ықыласымен ораза ұстаушының   күнә жасайтын сезімдері суалып, керісінше сауап жасауға деген ұмтылысының ұясы ашыла түседі. Бұндай жақсылық жасауға мол мүмкіндік туған сәтте мүмін ерекше рухани шабытта болады. Ал, керісінше шайтанның жігері жасып, әл-дәрмені құриды. Таң сәрісінен ауыз ашарға дейін жалғыз қалғанда да немесе көпшілік ортада да ішіп жеуден тиып, ойды лайлап, бойды шырмайтын сезімдерден өзін-өзі тұсап, тия білу нәпсіні тәрбиелеудің үлкен мектебі екені белгілі. Әсілі, бұлай деп айту маңызды емес, бұл рухани күрестің ләззатына шомып, оны бастан кешіру шын мәнінде ғанибет. Себебі, Рамазан айындағы күндізгі нәпсімен күресіп, кешкі уақытта оның дәмі бөлек ләззатына қанығасың.

Рамазан айындағы рух майданындағы күрес біздің қарайған жүрегімізді ағартып, селкеу түскен көңілімізді жадыратып, сарғайған санамызға сілкініс туғызып, рухымызды тітіркентіп, таным көкжиегімізді арттырып, мұратымызды нақтылай түседі. Бұл айда айдында жүзіп көлдің шырайын келтірген аққу сынды, адамның ақылы өз дариясында еркін жүзіп, мәңгілік сөнбейтін сәуле Құран мен Сүннеттен жылу алып, ақыл өз арнасынан адаспай, адамдық болмысымыз өз биігіне көтеріледі. 

Рамазан жуан мен жіңішкені теңестіретін ай

Рамазанда ауыз бекітудің мағынасы тек ашқұрсақ болып жүру десек қателесеміз. Адам ашқұрсақ болғанмен,  тілімен жалған сөйлеп, күпір айтып, боқтан өзгені әңгіме қылып, шақпақ болып әркімді шағыстырып, у ішіп жатса, иманның тұрағы болуы тиіс жүрек керісінше лаң тудырудың апанына айналған болса, ашқұрсақ болып ораза тұтқанның ешқандай пайдасы болмайды. Онда, тек өз-өзіңді алдап шаршап-шалдыққаның қалады. Әсілі, ораза ұстаушының аузы қайырлы нәрсені сөйлеп, айтпас жерде тілін тартып үнсіз қалуы тиіс. Ораза ұстаушының тілі зікір немесе дұға жасап, жақсы сөздерді айтуы керек. Иманның тұрағы болған жүрек қорқыныш пен үрей, шайтанның азғыруы мен күмән, лаң мен іріткі салушылшық пиғылдан тазаруы шарт. Бұлардың орнына саналы сенім мен көркем мінезді қалыптастырып, менмендік, өзін-өзі аса жақсы көру, тек қарақан басын ойлау секілді бұзық пиғылдан ада болуы керек.

Ораза тұтудың негізгі мақсатын сай жүзеге асырған адам  ашқұрсақ болумен бірге қолы, тілі мен жүрегі де ораза тұтады. Адамның тұла бойы оразаның құндылығымен біте қайнасып, оразамен мұраттас болады. Ораза адамның өз нәпсісіне есеп берудің қайнар-көзі іспетті. Бейне жақсылық атаулының қайнар көзі іспетті. Рамазанның көк жүзі әрқашан нөсерлеп жаууға дайын рахмет бұлттарға толы болады. Кенезесі кеуіп кеткен көңілдің бұл рамазан рахметімен кемері толады. Қол, тіл, көңіл біріге отырып, рахмет бұлттарымен біте қайнасады.

Хақ діннің қазіргі хал-ахуалын Құдайға шүкір кешегі күнімізден әлдеқайда жақсы деп айта аламыз. Тоқсаныншы жылдардағы еліміздегі исламдану үдерісі баяу алға жылжыса, соңғы он жылдықта ерекше қарқынмен өрге басты. Әрине, заманның бұл бет алысындағы кейбір жамағаттардың жасап жатқан дағуатының көңілге күдік ұялататын тұстары жоқ емес. Дегенмен, осы қарқын сақталып отырса, иншалла, мұсылмандық қағидалардың алдағы он-жиырма жылда қазақ қоғамының басты құндылығына айналатынын болжау қиын емес.

Жыл санап ораза ұстаушылардың санының молая түсуі, қуантарлық жағдай десекте, халқымыз әлі қасиетті айдың рухани биігіне көтеріле алмай жатқан-дай. Әсілі, Рамазан айы жуан мен жіңішкені, бай мен кедейді теңестіруімен қасиетті. Бірақ, біз қасиетті айдағы осы ізгі үрдістің негізін сала алмай келеміз. Әлбетте, жасалып жатқан қайырымды істер мен берілген пітір садақаға сауаптың жазылатыны анық. Әйтседе, біздің қоғамда ораза тұтқан ашқұрсақ жарлы-жақыбайларға ауыз ашар беру мәдениеті әлі қалыптасқан жоқ. Дастархан жаюға жағдайы келген жандар ауыз ашарға өзінің тамыр-танысы, дос-жаранын шақырумен шектеледі. Ал, мейманасы тасыған қарны жуан дөкейлер өзімен теңдес сыбайластарын ғана шақырып, ауыз ашарды да бас пайдасына жаратуға тырысып бағады.

Түйін: Мұсылман мемлекеттерінде Ораза айында әл-ауқаты жоғары жандар кедей-кепшікке қарасып, Рамазандағы отыз күнде ауыз ашары мен сәресін беріп, жоқ-жітікті тоя тамақтандыруды дәстүрге айналдырған. Айталық, араб елдерінде Рамазанда бай-манаптармен бірге әртүрлі қозғалыс өкілдері, тіпті кейде мемлекет басшыларының өзі бас мұрындық болып қалың бұқараға ауыз ашар беріп жатады. Мұндай ізгі дәстүрлер адамдар арасындағы әлеуметтік алшақтықты бір сәтте болса ұмыттырып, бай мен кедейді біте-қайнастыратыны сөзсіз.

Жұманазар Садырханов,

«Сәдуақас Ғылмани» мешітінің бас имамы   

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.