Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ЖҰМАНАЗАР САДЫРХАНОВ: ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (с.ғ.с.) МІНЕЗДЕРІ

0 16  926

Жұманазар Садырханов,
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің 
бас имамы

Әлем надандықтың тұңғиығына батып, жан-жақты зұлымдық қаптап, адамдар барлық нәрсенің жаратушысы болған Алла тағалаға иман келтіріп, ғибадат жасауды тоқтатқан еді. Адамдар ғаламда болып жатқан құбылыстар мен Хақ тағала жаратқан нәрселерге және өз қолдарымен жонып тас пен ағаштан жасаған пұттарына табынатын еді. Әлемді, барлық болмыстарды, адамдардың жүректерін қайғы басқан еді. Адамзат баласы міне осындай қараңғылық басқан тұңғиықтан жарық шашқан мінсіз таза жолға бастайтын тұлғаға мұқтаж еді.

Алла Тағала Құран кәрімде «Ей, адамдар! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар – Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128 – аят), – деген.

Жеті қат көк, жеті қат жер, қысқаша бүкіл ғалам үлкен құрметпен, қуанышпен Сәйидул-Мүрсәлин, Хатәмул-Әнбия, Хабиби-Худа болған пайғамбарды күтуде еді. Бүкіл жаратылыс «Хош келдің йа, Расулаллаһ!» деуге әзір еді. Хижреттен 53 жыл бұрын, Піл оқиғасынан екі ай өтіп, рабиуләууәл айының 12-сі дүйсенбі күні түнде таңға жуық Бани Хашим ұлдары ауданында Сафа тауы маңындағы бір үйде көптен күткен Алла  Тағаланың нұры Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) дүниеге келді. Оның туылуымен әлем қайтадан жанданды. Қараңғылыққа нұр төгілді.

Оның туылған жері дініміз үшін ең қасиетті  де құрметті адамзаттың тұңғыш атасы Адам (ғ.с.) мен Хауа анамыз жер бетіне түскен соң ұзақ жылдардан кейін сағыныса жолығып, мекендеген, Алла тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі Әмина.

Ол дүниеге келген таңда ғажап оқиғалар болды. Дүние нұрға толды. Әмина туғанда әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеді. Пайғамбарымыз туылғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрды. Келінінің нұрлы пір перзент көргендігін естіп атасы Әбдүлмүттәліп үлкен той жасады. Құрайыш тайпасының ұлықтарын шақырды. Сүйікті немереңе қандай ат қойдың дегенде «Мұхаммед» деп ат қойдым», – дейді.

Олар: «Ата-бабаларымыздың арасында мұндай есімді адам болмаған, бұл атты қоюдағы маңсатың не ?», – деп сұрайды.

Сонда Әбдүлмүттәліп: «Мен немеремді аспанда Хақ Тағала, жерде халық көп мақтайды деп үміттенемін», – деп жауап береді.

Мұхаммед сөзінің түбірі мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мақтау, мадақ, Аллаға шүкір, мақтаулы, ең мақтаулы деген сөздер туындайды.

Сөйтіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үш аты бар: Мұхаммед, Ахмед, Махмуд, Мұстафа.

Пайғамбарымыз – бос сөз сөлемейтін, әрбір сөзі хикмет және насихат еді. Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді, уәдесіне берік еді. Қорыта айтқанда, жаратылысы да, мінезі де  әдемі, адамдардың ең кәмілі, теңдессіз еді.

Алла Елшісінің (с.ғ.с) пайғамбарлыққа тән мынандай ерекше сипаттары бар-тын:

Сыдық – Екі дүниенің сәруары болған Хақ Елшісі (с.ғ.с)-ның әрбір сөзі садақтан суырылып шыққан жебедей тура айтылатын. Ол (с.ғ.с) иненің жасуындай болса да жалған сөз сөйлеген емес. Өйткені, Алла Елшісі (с.ғ.с) туралықты ту етіп ұстаған адамзат баласының ең асылы болатын.

Аманат – Алла Елшісі (с.ғ.с) ешқашан аманатқа қиянат жасаған емес. Пайғамбарлыққа дейінгі ғұмырына көз жібертін болсақ, Мекке қаласында кезкелген жан сапарға шығатын болса, қимас мүлкін Мұхаммед (с.ғ.с)-ға аманаттайтын еді. Сондықтан да, арабтар Алла Елшісін «Мұхаммед-Әмин» (Сенімді Мұхаммед) деп атады.

Фатанат – Алла Елшісі (с.ғ.с) ақылмен бітеқайнасып туған-тын. Оның әрбір іс-әрекеті ақылдан тұратын. Ақылға теріс оның бірде-бір сөзін немесе іс-әрекетін көре алмайсың. Өйткені, Ұлы Жаратушы өзінің сүйікті Елшісін әу баста-ақ имани ақылға малып, оның өмірі мен тағдырын ақылмен айшықтаған еді. Алла Елшісі (с.ғ.с) де әрбір істі ақылымен таразылап, байыпты түрде іске асыратын. Ол діннің өзегі ақыл екендігін «Ақылы жоқтың діні жоқ» деп ұқтырған болатын.

Исмат – Алла Елшісі (с.ғ.с) күнәсіз-тін. Оның күнәсіз болуы, Ұлы Жаратушының оның бойына күнәсіздік ұрығын (исмат) егуінде болатын. Пайғамбарлар қате жасауы мүмкін. Бірақ, күнә жасауы мүмкін емес. Олар ең жақсыны емес, жақсыны таңдаған болса, қате жасаған болады. Пайғамбарлар қателессе де, олардың қатесі пенделіктің ауылынан алыс, яғни күнәдан пәк деп ұққанымыз жөн.

Тәблиғ – Алла Елшісі (с.ғ.с) тылсымнан келген илаһи жарлықты теңдессіз ғибрат тұрғысында түсіндіретін. Оның әрбір мәселенің мән-жайын терең бойлап, көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп ұғындыратын. Қажет кезде базбір мәселелердің шешімін көркем мінезімен меңзейтін. Мұхаммед (с.ғ.с) қылмысқа жаза беруден бұрын, мұсылмандарға қылмыс жасамауды насихаттады. Исламнан бұрынғы қараңғылық дәуірдегі тайпалық түсінік бойынша қылмыс саналмаған кейбір санаға сіңіп қалған қасаң әдеттерді, жазалап емес, мүмкіндігінше ол әдеттің келтірер зиянын айтып, түсіндіруге тырысты.

Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранда пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят).

Олай болса, бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Елшінің (с.ғ.с.) есімін ардақтау, сүннетіне амал ету – сауапты іс. Ақиқатында, Алла Елшісі (с.ғ.с.) жаны жай тапқанша үмметіне деген үгітін еш үзбеді, көңілдердегі кірді, қайғы-қасіретті кетірді, әлсізді демеді, шектен асқанды сабасына түсірді, күллі адамзаттың рухани әлемін дүр сілкіндірді, зұлымдық пен надандықтың қараңғылығын сейілтті, ізіне ерген ізгілерді жақсылыққа жұмылдырып, жарқын болашаққа бастады. Үмметіне, яғни Сіз бен бізге пәни дүниеде бағдаршымыз болатын Алланың кәләмі Құран кәрім мен Өзінің (с.ғ.с.) жан адам адаспайтын сара жолы – сүннетін қалдырды. Оны (с.ғ.с.) досымен қатар дұшпаны да мойындады.

Мәуліт айында Алланы мадақтап, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол.

Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын! Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді  нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай.

    

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.