Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақстандағы дәстүрлі діни құндылықтар және жаңашыл көзқарастар қайшылығы

0 2  271

Соңғы кездері дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарастарға үйлеспейтін әртүрлі пікірлер мен ұстанымдар еліміздің әр өңірлерінде қылаң бере бастады. Бұл құбылыс ұлттық құндылықтарымызға да кері әсерін тигізуде. Алғашқыда діндарлардың барлығына бірдей періштедей сеніп, солардан қалмай дінді үйреніп, діндар болғанның жөні осы деп жаппай дінге ұмтылу үрдісі жүрді. Алайда соңғы жылдары көпшілік халық діндарларға күдікпен қарай бастағанын көріп жүрміз. Оған күнделікті қоғамда орын алып жатқан «исламофобия» үрдісінің үздіксіз насихатталуы себеп болып отыр.

Қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде исламның құндылықтары күнделікті өмірде өз орнын алғаны белгілі. Қазірде осы ежелден халқымыз дәріптеп, құрметтеген дінімізге де күдікпен қарайтын дәрежеге жеттік. Алғашқы кездері дін адамдары мен діни кітаптарды көргенде қуана да, құрметтей қарасақ, қазір үмітімізден күдігіміз басым болды. Бұған себеп те жоқ емес. Соңғы кездері бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін топтар шыға бастады. Олардың пікірінше ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұстанып, діни-рухани қажеттілігімізді атқарып келген дәстүрлі ислам қате түсінік екен! Пайғамбарға тарихи тұрғыдан жақын өмір сүріп, бізден гөрі дінге, құдайға адалырақ болған, өзгенің емес, алдымен өз қателігіне баса назар аударған аталарымыз теріс жолда болған! Ата-бабаларымыз Құдайға серік қосып, күпірлікке түсіпті! Таза исламды кейінгі «ақылды» арабстандықтар ойлап тауыпты. Қазақстандағы исламы бидғатқа толып кетіпті. Оны тазалау керек екен…» т.б. Әлгі діндарсымақтардың пікірлерін қарап отырып мынадай сұрақ туындайды. Егер қанша ғасырдан бері ата-бабаларымыздың барлығы күнәһар болса, құдайға серік қосса, барлығы да тозаққа кеткені ме?! Тозаққа немесе жұмаққа жіберу құдайдың ғана қолында емес пе?!

Әсіресе нағыз мұсылман адам біріншіден сабырлы болуы керек. Екіншіден, ешкімге қарсы кәпір, күнәһар деген сөздерді абайлап қолдануы керек. Тіпті өздерін нағыз сүннетпен жүреміз деушілер алдымен Пайғамбардың өмірінен сабақ алуы тиіс. Өйткені Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) бір хадисінде: «Қорқытпаңдар сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар жеңілдетіңдер» – деп бұйырады. Онда мұсылмандарды сен тозаққа барасың, сенің істеп жүргенің ширк (Аллаға серік қосу, күпірлік) деп құдайдың өкілеттілігін өз қолдарына алып жүргендерді қалай түсінуге болады?!

Таразының екінші бір басында дәстүрлі исламды уағыздаймыз, біздің ата-бабаларымыз зікір салған, ең маңыздысы сол, намаздың да басқа құлшылықтардың да төресі зікір деп, асыра сілтеп жүргендер тұр. Біреуіне ұнамасаң сопы дейді, екіншісіне ұнамасаң сәләф, уахабист, қысқабалақ дейді. Сонда шынайы бауырмашылдық пен сүйіспеншілікті уағыздайтын, Пайғамбар «үмбетім» деп мақтанатын, біреудің ала жібін аттамайтын, «Ең

жақсы мұсылман – басқаларға ауызымен және қолымен зиян келтірмейтін» (хадис) мұсылмандар қайда?!

Демек соңғы кездері халқымыздың ішіне ірткі салып жүрген діндарсымақтар мен дінсымақтар ешқашан біздің мүддемізге сай келмейді. Оларда діни мүддеден гөрі саяси мүдде басым екендігі соқырға таяқ ұстатқандай анық нәрсе емес пе?! Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санап, дін үйретушілерден сақтану қажет!

Сунна бойынша қабірді зиярат ету көзқарасын қалыптастырып, шииттердің мешіттерін қиратып, мешіттерге мұнара салуға, намаздан кейін тасбих қолдануға тиым салған. Барлық нәрсенің исламның алғашқы ғасырындағыдай қарапайым болуын қалап, айналасындағыларға уағыздай бастайды. Қазірде Ибн Таймияның жақтастары мұсылман елдерінде қайтадан көбейе бастады.

Алайда сенімі үшін жәбірлеу, исламда адамға жасалған зұлымдық болып табылатындықтан, ислам дінінің таралу барысында ешбір діннің өкілдері өлтіріліп, құлшылық жасайтын орындары талқандалмағандығы тарихи шындық. Сонымен қатар ислам діні, дінді жамылып басқаларға қоқаң-лоқы көрсетуге де рұқсат бермейді. Сондықтан ешкімнің басқа біреудің сеніміне араласуына хақысы жоқ. Тек қана діни наным бойынша теріс жолда жүрген адамдарды дұрыс жолға бейбіт түрде және жұмсақ тілмен шақыру уағыздалады. Бұл ұстаным ортағасырдағы христиан дінін ұстанған дін адамдарының, халыққа жасаған зұлымдығына кереғар [1] деуге болады.

Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) бір сөзінде: «Мен де сендер сияқты бір адаммын. Дінге байланысты бір нәрсе айтсам, оны алыңдар. Бірақ өз көзқарасымнан бір нәрсе бұйыратын болсам, адам болғаным үшін дұрыс айтуым да мүмкін, қателесуім де мүмкін», – деген [2]. Бұл, дұрыс деп қабылдасаңдар алыңдар, ал қате деп санасаңдар алмаңдар деген пікірге келеді. Бұдан шығатын қортынды, Пайғамбардың өзі қателесуі мүмкін болса, басқа өздерін діндармын деп есептейтін адамдардың қателесу мүмкіндіктерінің қаншалықты болғандығын болжау қиын емес деген сөз. Сондай-ақ, Пайғамбар өзінің сөзіне сену тұрғысында да адамдарға ерік-бостандық берілгендігін айтуға болады.

Ислам, көңілге сүйіспеншілік орнатып, адамдардың арасындағы осы айырмашылықтарды жойғандығы тарихта баяндалады. Олардың шығу тегі жағынан бірдей екендіктері қасиетті Құран Кәрімде: «Ей адамдар! Расында біз сендерді бір еркек, бір әйелден жараттық. Бір-бірлеріңмен оңай таныссын деп тайпа және ұлтқа бөлдік», деп баяндалады. Бұл дегеніміз, сендер бір ата, бір анадан таралғандықтан бір-бірлеріңе үстемдік жасай алмайсыңдар, бір-бірлеріңді қорлауға жол жоқ және бір-бірлеріңе бауыр боласыңдар. Ал бауырлас адамдар бір-бірін қорлап, бір-бірлерімен дұшпан болмайды дегенді білдіреді.

Құранда тағы да: «Сендерді қарапайым бір судан жаратып, оны белгілі бір уақытқа дейін сенімді бір жерге орналастырмадық па?!» және «Олай

болса адам неден жаратылғандығына қарасын. Ол, ер мен әйелдің белі мен кеудесінен атылып шыққан бір судан жаратылған», – делінеді. Бұл дегеніміз, адам баласы осыншама қарапайым элементтерден жаратылғанымен неге осыншалық ашқарақ, тойымсыз, өшпеніділікке толы болады дегенді білдіреді. Адам баласы өзінің қайдан жаратылғандығына және бұл дүниедегі ішіп-жейтін тамағы мен баратын жеріне қарайтын болса, бір сәт те болса ойланса, осыншама талас-тартыс, соғыс-жанжал болмас еді деген тұжырым шығаруға болады. Бұл аяттар адамдар арасында қанағатшылдықты уағыздайды. Адамның жаратылысының қарапайымдылығын есіне түсіріп, оның да жаратылысына сай қарапайым болғандығын талап етеді. Олай болса, Құранның айтуынша, адамдар бір-бірінің еркін, сенімі мен құқын таптап, өктемдік жүргізуіне рұқсат жоқ.

Қорыта айтқанда көптеген араздықтар мен дұшпандықтардың басты себебі ретінде діни дүмшелік, дінді толық түсінбеуді айтуға болады. Елбасымыз: «Біз діни фанатизм мен діни дүмшеліктен қатар сақтануымыз керек» – дейді. Біздің пікірімізше, діни фанатизмге апаратын да діни дүмшелік болса керек. Сондықтан дінді ұстанушылар діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік ұстындарын да қатар меңгергені дұрыс. Егер қандай да діннің өкілі болмасын өзін жаратушысының сүйікті пендесі болуын қаласа, сол жаратушысы жаратқан барлық адамзат атаулыға, олардың сенімдеріне, тіпті әлемге құрметпен қарауы қажеттігін түсінуі тиіс. Ал дін атаулының барлығы араздастыруға, соғыстыруға емес, бейбітшілікті орнатуға келгендігін ешбір діннің өкілі жоққа шығармайды.

ЕҰУ Дінтану кафедрасының меңгерушісі,

Философия ғылымдарының кандидаты

Кеңшілік Тышқан

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Yaşar K. Örneklerle İslam ahlakı. – İstanbul, 2000. – S. 72.

2 Sahih Buhari. Tecrid Sarih Tercemesi / ауд. F.K. Abdullah ― Ankara: İlahyat  fakultesi, 2004. –  С. Ι.  – 215 s.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.