Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әһли сүннет ақидасын жүйеге келтірген имамдар (ІІ)

0 997

Әһли  сүннет  мәзхабы  адасушы  мәзхабтарға  (әһли бидғат) қарағанда мынадай өзіндік ерекшеліктерге ие және ақидасы да  осы қағидалардың төңірегінде құрылған:

1.Барлық әлем  мен  тіршілік  иелері  кейіннен жаратылған.

2.Әлем босқа  жаратылмаған,  оның  өзіндік  мән-маңызы мен ерекшелігі бар.

3.Әлемдер мен бүкіл тіршілікті Жаратушы Алла.

4.Алла – Жалғыз, бастауы мен соңы жоқ. Ол – тумаған, туылмаған. Ол уақыт, мекен, һәм тәндік ерекшеліктерге мұқтаж емес. Және Одан басқа тәңірі жоқ.

5.Алланың әзәли,  әбәди  затынан  бөлінбейтін  сипаттары бар.

6.Алла ақыретте муминдерге көрінеді.

7.Тағдыр (қадар)  хақ.  Бірақ,  құл  іс-қимылында мәжбүр емес (яғни, пәнденің таңдау еркі бар).

8.Пайғамбарлардың муғжизасы,  әулиелер  және олардың  көрсеткен  кереметтері  хақ.  Бірақ,  ешқандай пайғамбар мен әулиеде тәңірлік нышан болмайды. Олар да адам, тек дәреже тұрғысынан ғана қарапайым жандардан мәртебелі келеді.

9.Алланың кәләмы  әзәли  (басы  жоқ).  Алланың сөйлеуі дауыс пен әріптерден тұрмайды.

10.Ақырет және  ондағы  болатын  жағдайлар  хақ (жәннәт, тозақ, таразы).

11.Пайғамбардан (с.а.у.)  кейін  ең  ұлы  кісі  Әбу Бәкір,  одан  кейін  кезегімен  Омар,  Осман  және  Әли. Пайғамбардың (с.а.у.) сахабалары ерекше құрметке лайық кісілер болып саналады.

12.Амал иманның бір бөлігі емес. Сеніп, иман ете тұра амал етпеген немесе күнә істеген кісі діннен шықпайды. Бірақ, ол күнәһар кісі ретінде саналады.

13.Бір әмірші  тағайындау  мұсылмандарға  парыз. Басқару жүйесі әрдайым кеңесу және сайлаумен болады.

14.Адамдарды жаратқаны  секілді,  Алла  Тағала олардың  амалдарын  да  жаратады.  Пенде  қандай  да  бір істі істеу үшін таңдайды, Алла оның таңдауына сай ісін жаратады.

15.Жақсылық жасағанға – сый, жамандық жасағанға – жаза беріледі. Бірақ, Алла қалаған мумин пендесінің күнәсін кешіруі мүмкін.

16.Ислам дінін қабылдаған, әрі мумин екендіктері белгілі кісілер мына жағдайда ғана кәпір болып есептеледі:

а) Алла  Тағаланы жоққа шығарса;

б) Аллаға серік қосса;

в) Пайғамбарлар мен пайғамбарлықты қабыл етпесе;

г)  Харам  екендігі  нақты  білінген  (аят  пен  хадис арқылы  бекітілген  үкімдерді)  нәрсені  халал  деп,  не керісінше халалға харам деп, оған сенсе (ұл  мәселер  жайында  қараңыз:  Әбу  Ханифа,  Әл-Фиқһул  әкбар; Омар ән-Нәсәфи, Мәтнул ақайд, немесе Ақидатун-Нәсәфи).

Енді әһли сүннеттің ақидасын бір жүйеге келтірген имамдарға тоқталып өтелік.

«Иман негіздері» кітабынан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.