Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ата жолы осындай ма?

0 2  094

Қазіргі қоғамдағы кейбір қауымның Түркістанды қасиет тұтып, екінші Мекке атайтындар кездеседі. Оңтүстік өңірлерге жол түсіп, барып жатса, Құран оқытып, дұға жасаудың еш айыбы жоқ, ал арнайы барып, мінәжат қылу шариғатта құпталмаған әрекет. Исламда тек үш мешітке арнайы сапар шегіп, аттануға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

 لَا تُشَدُّ الرِّحالُ إلَّا إلَى ثَلَاثَةِ مَسْجِدٍ: مَسْجِدِي هَذَا، وَالْمَسْجِدُ الْحَرَامُ، وَالْمَسْجِدُ الْأقْصَى

«Тек үш мешітке бару үшін сапар шегуге болады: бұл мешіт (Пайғамбар (с.ғ.с.) мешіті)  харам мешіті, Ақса мешіті (Ирусалимдегі мешіт)» [1].

Жоғарыда көріп отырғанымыздай өзін мұсылман деп санайтын әрбір пенде өзінің мінәжатын тек Аллаға арнау керек, тек одан ғана сұрайды. Бес уақыт намазда үзбей оқитын Фатиха сүресінде біз әрдайым:

Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз![2] дейміз. Дінді тереңнен толғап, түсіндіретін Абай шығармаларында да солай. «Алла бір, Құран шын, Пайғамбар хақ, Мүмин болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ!», – делінеді. Ата жолда деушілердің шақыратыны – аруақ, жалбарынатыны да – аруақ. Олардың аруақ деп жүргені «рух» жан, «аруақ» жандар. Олар айтып жүрген аруақ адам  баласы бұл өмірден өткеннен кейін оның тірілерге шарапаты, пайдасы болмайды. Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді:

إِن تَدْعُوهُمْ لَا يَسْمَعُوا دُعَاءَكُمْ وَلَوْ سَمِعُوا مَا اسْتَجَابُوا لَكُمْ ۖ    وَيَوْمَ الْقِيَامَةِ يَكْفُرُونَ بِشِرْكِكُمْ ۚوَلَا يُنَبِّئُكَ مِثْلُ خَبِيرٍ

«Егер өлілерге жалбарынсаңдар, олар сендердің дауыстарыңды естімейді. Олар естісе де сендерге жауап қайтара алмайды. Қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандарыңнан бас тартады. Алладан басқа сендерге ешкім хабар бере алмайды»[3].

Басқа бір аятта:

فَإِنَّكَ لَا تُسْمِعُ الْمَوْتَىٰ وَلَا تُسْمِعُ الصُّمَّ الدُّعَاءَ إِذَا وَلَّوْا مُدْبِرِينَ وَمَا أَنتَ بِهَادِ الْعُمْيِ عَن ضَلَالَتِهِمْ ۖ

«Рас, сен өліктерге естірте алмайсың. Сондай-ақ, бет бұрып бара жатқан саңырауларға дауыс естірте алмайсың»[4].

Сол себепті, шипамыздың емін іздеу барысында әулие араламай, тек Алладан сұрауымыз қажет.  Алла Тағала Құран кәрімде:

ٱلَّذِى خَلَقَنِى فَهُوَ يَهْدِينِ  ﴿  ٧٨  ﴾   وَٱلَّذِى هُوَ يُطْعِمُنِى وَيَسْقِينِ  ﴿  ٧٩  ﴾   وَإِذَا مَرِضْتُ فَهُوَ يَشْفِينِ

«Ол мені жаратқан, маған тура жол көрсетеді.”(79) “Ол маған жегізеді де, ішкізеді.”(80) “Ол қашан ауырсам, маған шипа береді»[5].

Имам әш-Шафиғи бір сөзінде: «Ғылым екеу-ақ: дәрігерлік пен фиқһ. Дәрігерлік тәнге, фиқһ дінге қажет ғылым» ,-деген екен. Алла тағала Құран Кәрімде:

وَنُنَزِّلُ مِنَ ٱلْقُرْءَانِ مَا هُوَ شِفَآءٌۭ وَرَحْمَةٌۭ لِّلْمُؤْمِنِينَ ۙ وَلَا يَزِيدُ ٱلظَّـٰلِمِينَ إِلَّا خَسَارًۭا

Құраннан мүміндерге шипа және рахмет түсіреміз. Ол залымдардың зиянын тым арттыра түседі.)[6]

Құран біздің жаралы жүрегіміздің жалғыз ғана шипасы. Алланың кәламын тиләуат еткенде, оның аяттарының нұры жүрегімізге еніп, дертімізге дауа береді. Құранның ләззатын, оның құдіретін сезінген мұсылман баласы оны күнде оқудан жалықпайды. Сонымен қатар, Құранды жанымыздың дертінен бөлек, тәнімізге шипа болу үшін де оқуға болады.

Шариғат рұқсат ететін ем жолдары: Құран аяттарымен дем салу және дәрігерлік (медицина) кеңесті, дәрі-дәрмекті қолдану.

Әз-пайғамбар (с.ғ.с.) бір сөзінде:

   لكلِّ داءٍ دواءٌ فإذا أُصيبَ دواءُ الداءَ برأ بإذن الله عزّ و جلّ

«Әрбір дерттің бір дауасы бар. Егер дауа дертке дөп тисе Алла тағала қалауымен науқас ауруынан айығып кетеді»,[7] – деген.

Алла Тағала өзінің мейірімімен ауырған құлына рақымын төгіп, ауырған кезде оның күнәларын кешіріп, оған сауап жазады.

Айша (р.а.) анамыз риуаят еткен хадисте:

ما من مسلمٍ يُشاك شوكةً فما فوقها إلاّ كُتِبتْ له درجةٌ و مُحِيَتْ عنه بها خطيئةٌ

Яғни: «Мұсылманға кірген тікен және басқа нәрсе себепті оған бір сауап жазылып, бір күнәсі кешіріледі»[8], – деген.

Басқа бір хадисте:

مَنْ يُردِ الله به خيرًا يُصبْ منه

Мағынасы: «Алла тағала кімге жақсылық қаласа оған бір қиындық береді»,[9] – деп айтылған.

Демек, аурудың өзі дәрігер тәрізді. Ол біздің көзімізді ашады. Қолда бар нәрсені қадірлеуді үйретеді. Пайғамбарымыз ауруға зиярат еткен кезде ауру адамға айтқан мынандай дұғасы бар:

فَقَالَ لَهُ:” لَا بَأْسَ طَهُورٌ إِنْ شَاءَ الله

«Еш уайымдама Алла қаласа бұл тазалану»[10] деген. Әлбетте ауру адамның ынсап көзін ашып, өзінің жағдайына қанағатшылдықпен қарайтын болады. Ол да Алланың адам баласына берген бір нығметі.

Әрине, барлық емшілерді даттауға болмайды, олардың да арасында емшілікті терең зерттеп, неше алуан шөптердің тамырлары мен жапырақтарынан тұнбалар жасап, Алланың қалауымен емдейтіндер, бұл міндетті аманат етіп алып біздің өмірімізге жеткізгендер бар. Сондай-ақ, Құран аяттарының сырларын түсініп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйретіп кеткендей дем салып, емдейтін де емшілер бар.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[2] Фатиха сүресі, 5-аят

[3] Фатыр сүресі, 14-аят

[4] Рум сүресі, 52-аят

[5] Шуғара сүресі 78-80  аяттар

[6] Исра сүресі 82-аят

[7] Мустадрак ала сахихайн, әл Хаким Нисабори

[8] Муслим хадистер жинағында

[9] Бұхари хадистер жинағынан

[10] Бұхари хадистер жинағынан

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.