Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы өткізілді

0 1  162

Тамыз айының алғашқы күндерінен басталған «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық науқанына Елорда мешіттері өз үлестерін қосуда.

Әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер, мүмкіндігі шектеулі балаларды қамтыған мектеп оқушыларына уақытында материалдық қолдау көрсету, жаңа оқу жылына дайындықтарын жеңілдету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы өткізілді.

Шара аясында  150 оқушыға тиісті оқу құралдары мен мектеп сумкасын тарту етілді. Сонымен қатар, мектеп формасын алу үшін әр оқушыға 7000 теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді. Осының нәтижесінде қамқорлыққа мұқтаж көптеген балалар жаңа оқу жылына даярлықпен баратын болды.

«Ислам діні білім-ғылымға аса үлкен мән берген. Себебі, Құранның алғашқы аяты «иқра», яғни, «оқы!» деп түскен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде «Кім де кім білім іздену жолына шықса, Алла тағала ол адамның жұмаққа баратын жолын жеңілдетіп, періштелер оның табанының астына қанаттарын төсейді» деген екен. Яғни оқушылардың жолдары өте маңызды әрі сауапты. Осыны ескеріп, біз де «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып жатырмыз. Себебі қасиетті Құранның «Мәидә» сүресінің 2-аятында «…жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер» деп, адамзатты ізгі істерді қолдауға бұйырады», – деді «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков. Сондай-ақ,  сауапты істерден қалыс қалмай, «Сәдуақас қажы Ғылмани» орталық мешітінің осы бір игі бастамасына қолұшын беріп, қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдірді.

Балалар мен ата-аналар мешіт қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірсе,  бас имам Хамзат Қажымұратұлы бүлдіршіндерді мешіттен қол үзбей иман нәрімен сусындап, «Мәңгілік елдің» білімді де, парасатты азаматтары болуға шақырды.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің
баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.