Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

НАИБ МҮФТИ ТӘУЕЛСІЗДІКТІ БАҒАЛАП, ҚАСТЕРЛЕУГЕ ҮНДЕДІ (ФОТО)

0 1  082
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Бауыржан қажы Әбдірашұлы «Нұр Астана» мешітінде жұма уағызын айтып, жұма намазын өткізді.

«Уақыттың қадірі» туралы уағыз айтқан Б.Әбдірашұлы жамағатты уақыттың қадір-қасиетін ұғынып, оны бос өткізбеуге үндеді.

«Бос уақыт – Алланың бізге берген ұлы нығметі. Біз оған тиісінше шүкір айта алуымыз қажет. Біздің шүкіріміз – бос уақытымызды жоғары бағалап, тиісінше пайдалы істерге жұмсау. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – делінген. Уақыттың маңыздылығының бірден-бір көрінісі – Алланың уақытпен серт етуінде. Құран Кәрімнің бірнеше жерінде Алла күн, түн, асыр, таң уақыттарымен серт еткен», – деп атап өтті Бауыржан Әбдірашұлы.

Наиб мүфти уағыз барысында жамағатты тәуелсіздіктің, бірлік пен бейбітшіліктің қадірін біліп, Алланың берген осынау нығметтеріне шүкір айтып, оны бағалауға, қастерлеуге, қадірлеуге шақырды.

«Бүгінгі береке-бірлігімізден айырып, ел арасына іріткі салғысы келетін ниеті бұзық топтар бар. Біз ондай адамдардың пиғылына алданып, құт-берекемізді қашырып алмауымыз керек», – деді Бауыржан қажы Әбдірашұлы.

ҚМДБ баспасөз қызметі 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.