Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алладан сұрайтын байлық

0 590

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Адам ұмытшақ жаратылыс болғандықтан, кейде өмірдің негізгі мақсаттарын ұмытып, болмашы нәрселерге бола үлкен нығметтерден, өткінші дүние ләззатына бола, мәңгілік сыйлықтан алыстап қалып жататыны бар.

Құран Кәрімнің «Ибраһим» сүресі, 34-аятында:

 وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَتَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا ۗ إِنَّ الْإِنسَانَ لَظَلُومٌ كَفَّارٌ

«…Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз», – делінсе, «Бақара» сүресінің 152-аятында:

فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ وَاشْكُرُوا لِي وَلَا تَكْفُرُونِ

«Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар», – деп шүкіршіліктің қанағаттың аса көркем қасиет екеніне меңзейді. Байқағанымыздай бұл аяттарда Раббымыз қанағатшыл адамды жақсы қасиет ретінде тілге тиек етеді. Ал, біз болсақ, Құдай Тағала өзі мадақтаған бұл қасиеттің дәрежесі қаншалық биік екенін бағамдай бермейміз.

Мүбәрак мәтінді хадис-хұдcилердің бірінде Алла Тағала былай деген екен:

يَا بْنَ آدَمَ ، عِنْدَكَ مَا يَكْفِيكَ وَأَنْتَ تَطْلُبُ مَا يُطْغِيكَ ، يَا بْنَ آدَمَ لا بِقَلِيلٍ تَقْنَعُ وَلا بِكَثِيرٍ تَشْبَعُ ، يَا بْنَ آدَمَ إِذَا أَصْبَحْتَ مُعَافًى فِي جَسَدِكَ ، آمِنًا فِي سِرْبِكَ ، عِنْدَكَ قُوتُ يَوْمِكَ فَعَلَى الدُّنْيَا الْعَفَاءُ

«Ей, пенде баласы! Сенде өзіңе жететін (дүние) бар. Ал, сен өзіңді шектен шығаратынын сұраудасың. Ей, пенде! Сен азға қанағат етпейсің, көпке тоймайсың. Уа, адамның ұрпағы! Тәні сау, жаның тыныш болып таң аттырсаң, жаныңда күніңе жететін азығың болса, бұл дүниені қайтпексің» (Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен). Ендеше, бұл хадистен аталмыш қасиетке қаншалық зәру екенімізді байқай аламыз. Алайда, бұл кедей бол, дүние таппа дегенді білдірмейді. Кімге қаншалық бұйырса соған шүкір айлау дегенді аңғартса керек.

«Бір кісінің тамағы екі кісіге, екі кісінікі төрт кісіге жететіні» жайлы хадистер де пенде өзі қанағат істесе, Алланың берекеті болатынын және сол пенденің де ізгілік жасауына мүмкіндік жасалатынын аңғарамыз. Бұл да болса қанағаттың пайдасы болмақ.

Ибн Масуд (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) мына сөзін риуаят еткен: «Үнемшілдік еткен жоқшылық көрмейді» (Ахмад, 3360; Табарани, 1/447).

Тағы бірде Алланың ақырғы Елшісі (с.ғ.с.) тамақтану барысында асқазанның үштен бірін тамаққа,  үш бірін сусынға, келесі бір бөлігін бос қалдыруға насихаттайды. Міне, мұның өзі бір жағынан адам баласын қанағатқа тәрбиелеу.

Жабир (р.а.) жеткізген тағы бір хадисте: «Ей, адамдар! (ризық-несібені) табуда көркем әрекетте болыңдар! Өйткені пенде тек өзіне тиесілі жазылғанды ғана алады. Пенде дүниеден өзіне тиесілі сыбағасы тап алдына келмейінше дүниеден әсте кетпейді», – (Хаким, 3353) делінеді.

Қазақ дүниетанымында да бұл қасиеттің алар орны айырықша. Фольклорымызда «Қанағат – қарын тойғызар, Қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар» делінсе,  хакім Абай «бес асыл істің» бірі ретінде былай баяндайды:

«Талап еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз».

Ал, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің бірінде:

«Сұраушының сүйген асын кім берер,

Барға – шүкір, жоққа – сабыр күн көрер», – дейді. Бұл жерде діни құндылықтарды жақсы білген ғасыр ақыны Мақатаев «Барға – шүкір, жоққа – сабыр» деп қанағатты айтып отыр. Шын мәтінде қанағаттың діндегі түсінігі де – осы. «Сұраушының сүйген асын кім берер» дегені қанағатсыздықпен сұрамшақтанбауға үндегені.

Ислам тарихындағы ғұлама ғалымдардың бірі Ибн Хажар әл-Асқаланидің «Мунаббихат» атты кітабында Уаһб бин Мунаббиһ әл-Йаманидің (р.а.) мынадай бір ғибыратты сөзі келтіріледі:

مَكْتُوبٌ في التَّوْراةِ الْحَرِيصُ فقيرٌ وَ إِنْ كان مَلِكَ الدُّنْيا و المُطِيعُ مُطَاعٌ و إِنْ كان مَمْلُوكًا و الْقَانِعُ غَنِيٌّ و إنْ كان جَائِعًا

«Тауратта: Ашкөз адам – кедей, дүниені иеленген болса да. Алла тағалаға бойұсынушыға басқалар бойұсынады, ол құл болса да. Қанағатшыл адам – бай, тіпті ол аш болса да».

Хамид әл-Лаффаф (р.а.): «Біз төрт нәрсені төрт нәрседен іздеп едік. Алайда, қателескен екенбіз. Іздегенімізді басқа төрт нәрседен таптық. Мал-дүниені байлықтан іздеп едік, бірақ оны қанағаттан таптық. Рақатты молшылықтан іздеп едік, бірақ оны дүниенің аздығынан таптық. Ләззаттарды нығметтен іздеген едік, бірақ оны денсаулықтан таптық. Ризық-несібені жерден іздеген едік, бірақ оны аспаннан таптық», – деген екен. Міне, өмірін ғылым жолына арнап, дүниенің ақиқатына талпынған ғалымдар нағыз байлықтың мал-дүние емес қанағат екенін жеткізеді.

Әйгілі сахаба Сағд ибн Әбу Уаққас болса баласына мынадай өсиет қалдырыпты: «Ей, балам, егер сен Алладан байлық сұрасаң, қанағатты сұра. Ол ақиқатында таусылмайтын байлық».

Ендеше, бұл айтылғандардан бес күндік жалғандағы Алладан сұрауға тиісті байлығымыз дүние-мүлік сияқты материалдық байлық емес, қанағат атты рухани қазына екенін аңғарамыз.

Бауыржан ЕСМАХАН

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.