Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бір рет ұрыс болса…

0 986

Қазіргі талас-тартыстар қашан және қалай пайда болды?

Кейіннен кей жастарымыз дінімізді үйренуге кірісіп кетті. Олардың өздері өскен ортадағы шариғи үкімдер өздері өскен ортаға тән болатын. Олар елімізге келген шетелдік кейбір жастармен араласып, жаңа кітаптарды оқып әсерленді. Әрине сол шетелдік кей жастар дінімізді толық білетін ғалым емес, керісінше, өздері білім алуға келген әртүрлі саладағы студенттер еді.

Олар  елімізде достасқан жолдастарына Ханафи фиқхынан емес, өздері өскен ортада үйренген ілімдерін айтып беретін. Олардың өздерімен алып келген кітаптары біздің жастарымызға орасан жаңалық болатын. Әдетте ол кітаптар белгілі уақыт, белгілі орта мен белгілі мақсатты көздеп жазылған болады. Сол себепті ондай кітаптар жағдайы басқа ортаға, басқа елдерге және басқа халықтарға сай келе бермейді. Бізде осы нәзік жайтты дұрыс түсіне алмайды, немесе түсінуге әрекет етпейді.

Оның үстіне аталмыш жағдайды түсінгендердің өзгелерге түсіндіру мүмкіндігі де жоқ еді. Исламды оқып үйренуге мүлдем тыйым салынған кез еді. Барлық нәрсе жасырын орындалатын. Осындай кезеңде кім не, қайдан, кімнен оқитынын білмей бастары қататын. Сол кезден бастап жаңа-жаңа пікірлер, әңгіме сөздер шыға бастады. Осылай ескі ғұламалардың пікірлері мен жастар арасында кейбір түсінбеушілік пен келіспеушіліктер пайда болды. «Қайтыс болған мұсылмандар үшін Құран хатым қылып сауабын бағыштаса болады ма, жоқ па? Біреу келсе отырғандар орнынан тұрып күтіп алғандары дұрыс па әлде отыра бергендері дұрыс па?»–деген сияқты басталған қарама-қайшылықтың арты ақырындап талас-тартыстардың күшеюіне апарып соқты. Арада жанжалдар туып, бір-бірін түрлі жолдармен айыптаулар белең алды. Сен мутаассибсің (фанатиксің), сен пәленшесің!–деген айыптаулар пайда болды. Ұстаздары бас болған талас-тартыстарға шәкірттері де қоса кірісті. Пәленше ақ кітап оқып молда болған, түгенше сары кітап оқып молда болған деген әңгімелер тарқалды. Халқымыз арасында өте аз ғана ілімі бар кісілер де үшке бөленді. Бірінші тобы ескі жолды ұстанған діндарлар еді. Екінші топ жас молдекелер деген атпен аталатын топ болса, үшінші топ ресми рұқсаты бар (Діни басқармадан рұқсаты бар) молдалар деп аталатын. Әрбір үш топтың да өздеріне тән ерекшеліктері бар еді.

  • Қарама-қайшылықтардың етек ала бастауы

Кейін қайта құру жылдары басталды. Ождан еткіндігі, діни бостандық сияқты мәселелер көтерілді. Ақырындап мешіт салуға, діни ілімге, діни әдебиеттер қолдануға мүмкіндіктер туды.

Шетелдерден мұсылмандар келе бастады. Сондай-ақ, халқымыздың арасынан басқа мұсылман елдеріне барып келгендер болды. Ең маңыздысы халқымыз дінді жалпылама үйрене бастады. Бірақ, ол тәртіпсіз, жоспарсыз, дайындықсыз жүзеге асты. Дегенмен, басқа мүмкіндік болмады. Нәтижеде өте бұрыс бір жағдай пайда болды. Ілім іздеушілер бар, бірақ ұстаздар жетіспейді, оқушылар бар, бірақ кітаптар жетіспейді, мешіт бар, имам жетіспейді. Бұл жағдай өз кезегінде ұстаздыққа сауаты жетпесе де әлдекімнің ұстаздық қылуына, дәріс беру қағидаларымен жазылмаған кітаптармен дәріс беруіне, имамдыққа білімі таяз адамдардың өтіп кетуіне алып келді. Көп ұзамай-ақ мұның ешқандай жақсылыққа апармайтыны белгілі болды. Өздеріне лайықты бағасы төмен кітаптардан ілім жиған, білімі таяз «ұстаздар» өз білгендерімен қарсыластарымен мәселе таластыруды бастады. Өздерінің ғылыми ілімі болмағандықтын, шәкірттерін араға салуды дұрыс санады. Сонымен болмашы мәселелерде бір әлемге татитын жанжалдар пайда болды.

Әрине, имамдардың арасында ілімі аздары қол қусырап отырмай, талас-тартысқа олар да кірісіп кетті.

Шетелден келген мұсылмандар болса жараның үстіне тұз сепкендей болды. Әрине барлығы емес. Ынсаппен айтатын болсақ, шеттен келген кісілердің арасында жақсы ғалымдар да бар еді, олар бізді жақсы түсінетін, өте пайдалы кеңестер айтып үйрететін. Бірақ мұндай ғалымдар аз болатын, уақытша жұмыс бабымен ғана келіп өз жұртына қайтып кететін еді. Әсіресі, өз жұртында жұмыс таба алмаған, қолайлы мүмкіншілікті пайдаланып, өз жұртына қайтпай қалған шетелдік мырзалар түрлі жамағат пен ұйымдардың өкілі болып алатын еді. Олардың көпшілігі өз елінде елеусіз болғанымен, бізге келіп «ғұламаға» айналған еді. Бір домалап ұстаздардың ұстазына айналып алған бұл азаматтар келген жұрттары, киген киімдерімен және ең маңыздысы діни көзқарастарымен өз айналасында жиналған жастарды таңдандырып, тамсандыруға әрекет ететін. Олар өздерін қонақ етіп отырған ел мұсылмандарының мазхабын, әдет-ғұрыптарын, тарихын және де салт-дәстүрлерін қаперіне алмады. Олар тіпті дінге жаны ашып қызмет қылар болса да ең алдымен өздері қызмет қылып, ақысын алып жүрген топтың немесе қоғамдастықтың діни көзқарастарын алдыңғы қатарға қоятын. Осылайша шеттен келген сол құрметтілеріміз өздерімен бірге талас-тартыстар мен жандалды алып келді.

Бірінші кезекте жергілікті кісілер олардың біздегіден бөлекше оқып жатқан намазын көрер еді. Олардың «Фатиха» сүресінен кейін «әмин» деуі, рукуғқа барғанда және қайтқанда қол көтерулері, имамның арқасында тұрып бірдеңелерді оқитыны жөнінде сауал беретін еді. Сол кезде сол дүбәра ұстаздар біз Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеттеріне амал қыламыз, сіз сұраған нәрселер пәлен-түген деген хадистерде келген, өкінішке орай сіздерде Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне амал қылынбайды екен, деп бастайтын еді. Кейін сүннет не екенін, оған амал қылу маңызды екенін, Әбу Ханифаның айтқанымен жүрудің «дұрыс емес» екенін түсіндіруге тырысатын. Жанындағылар үшін бұл сөздердің барлығы жаңалық, өте қызықты көрінетін. Сөйтіп олар ақырындап өз ілімдерін тықпалай бастады. Әрине бұған кей намазхандар наразылығын білдіріп жатты. Олар ата-бабалары заманынан келе жатқан намаз оқу тәртібін оңайлықпен тәрк ете салар емес еді. Сонымен қатар өкінішке орай, оларға неге «әминді» дауыстап айтпау керектігін, рукуғта неге қол көтермейтіндігін, имамның артынан қырағат қылмайтынын және басқа да соған ұқсас нәрселердің тап Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен екенін түсіндіріп бере алмайтын. Олар мұндай тосын сауалдарға үйренбеген етін. Нәтижеде фиһхи мазхабқа амал ету басқа, Құран және сүннетке амал қылу басқа болып көріне бастады. Өзара наразылықтар тартысуға, тартысулар ұрыс-жанжалға айнала бастады. Ақыр соңында тараптар арасында дұшпандық күшейгені сонша, тіпті қазір бұл туралы әңгіме қозғаудың өзіне жүрек дауаламайды. Әуелгіде айтып өткеніміздей, бұларды жазуымыздағы мақсат айыптыны табу емес, болып өткен оқиғаларды біртіндеп қазбалау да емес. Бірден-бір мақсатымыз мұсылмандар арасындағы қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерге себеп болып жатқан нәрсені қолдан келгенше түсінікті етіп баяндап беру ғана. Алайда бұл жайт өз-өзімізге мынадай сауал беруімізге тосқауыл болмайды.

Келіңіздер, нәтижесіне бір ой жүгіртіп көрелік, орынсыз осы талас-тартыстардан кім жеңіске жетті? Мұсылмандар арасынан шыққан талас-тартыстардан кім пайда тапты? Ислам дұшпандары ғана. Мұсылмандар ше, тек қана зиян шекті.

Бізде мұсылмандар арасынан шыққан қарама-қайшыықтар жаңалық па еді? Жоқ! Мұндай қарама-қайшылықтар бұрын да болған. Сонда Ислам үмметінің ғұламалары бірауыздан келісіп, осы сияқты талас-тартыстардың алдын алу үшін үлкен фиқхи мазхабтардың біріне еру қажет деген шешімге келген еді. Түрлі талас-тартыстардан зардап шеккен мұсылмандар үмметі болса, бұл шешімді дұрыс көру арқылы қабыл алып, барлығы бір ауыздан келіскен (ижмағ) үммет орнаған еді.

Солай бола тұра, өткен бір қатені қайталаудың жөні бар ма?

Осы мәселе бір уақыттары мұсылмандар арасында түрлі талас-тартыстарға себеп болып, тіпті қарулы шайқасқа дейін апарған. Ақыр соңында ақида кітаптарымызға бұл мәселені жазып қоюымызға мәжбүр еткен еді. Осы жерде өздеріңіздің рұқсаттарыңызбен «Әхлу сунна уәл жамаға» ақида мазхабының ең белгілі кітаптарының бірі «Ақида Тахауия шархы» кітабынан үзінділер келтіреміз.

  • Қарама-қайшылық пен бөлінудің түрлері

Біліп алыңыз, қарама-қайшылықтың екі түрі болады:

1-Бір нәрсенің түріндегі (үқсас) қарама-қайшылық;

2-Бір нәрсеге қарсы қарама-қайшылық.

Бір нәрсенің түріндегі (үқсас) қарама-қайшылық дегеніміз – қарама-қайшы келген әңгіме немесе іс, екеуі де хақ болады және шариғатта бар болады.

Бұған мысалдар:

Екі сахаба Құран оқығанда екеуі екі түрлі оқып, қарама-қайшылыққа келгенде Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барады, сонда Пайғамбарымыз Оған Алланың салауаты мн сәлемі болсын) «екеуіңдікі де дұрыс»–деп жауап берген. (Бухари)

Азан мен иқаматтың сипаты, сәһу сәждесін қылатын кез, тәшаххуд, айт және жаназа намаздарының тәкбірлері шариғатта бар, бірақ түрлері әртүрді.

Осыған ұқсас қарама-қайшылықтарда жанжалдасу шариғатта харам болып табылады. Көбіне осыған ұқсас талас-тартыстарда үммет арасында түсінбестік туып жанжалға айналғанын көріп жүрміз. Мысал үшін, иқаматта калималарды жұп немесе тақ айту, «әминді» дауыстап не дауыстамай айту да тап осындай болып табылады. Ал бұл сияқты мәселелерде талас-тартыс тудыру харам болып табылады.

Осы түрдегі қарама-қайшылықтарға, дәлелдерінің түрлері, кейбір атауларын айту және осыған ұқсас нәрселер кіреді. Надандықпен немесе зұлымдықпен айтылар бір сөз немесе іс мақталады да екіншісі жамандалады. Соңында екі тарап арасында қастық күшейіп, ұрыс-жанжалға әкеп соғады.

Бір нәрсеге қарсы қарама-қайшылықта екі сөздің біреуі немесе екі істің біреуі хақ, бірі дұрыс емес болады. Бұл ең қиын іс болып табылады.

Бұл түрге Алла Тағаланың бірлігі (таухид) жайындағы қарама-қайшылықтар жатады. Сондай-ақ қабір азабы хақ па, әлде жалған ба? Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) миғражы (көкке көтерілуі) денесімен көтерілді ме, әлде рухымен көтерілді ме?–деген сияқты қарама-қайшылықтар жатады.

Бірінші түрдегі қарама-қайшылыққа жататын ұқсас қарама-қайшылықтарда екі жақ та хақ бола тұра, екінші жақтың қарсыласы зұлымдық етсе, бірінші зұлымдық еткен тарапты сөгеді.

Егер арада бір-біріне деген зұлымдық болмаса Құран Кәрім екі жақты да кейде құптайды немесе кейде құптамайды.

Мысалы: Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде бір ұрыста мұсылмандар дұшпандарға тиесілі құрма ағаштарын кесіп тастау жайлы таласып-тартысады. Сосын біреулері құрма ағаштарын кtсіп тастаса, біреулері кеспеді. Осылайша кім дұрыс істеді, кім дұрыс істемеді?–деген сұратар пайда болды.

Сондықтан Алла Тағала: «Сендер құрма ағашын кесіп немесе кеспей өз халында қалдырған болсаңдар жалғыз Алланың қалауымен ғана қылдыңдар»– деді.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мн сәлемі болсын) Бәни Құрайза ұрысы күні екінті намазын уақытында оқығандарды да Бәни Құрайзаға барып кешіктіріп оқығандарды да дұрыс іс істеді деп мақұлдаған. (Бухари)

Түсінігі: Хандақ ұрысында Бәни Құрайза атты яхуди тайпасы Пайғамбарымызбен (Оған Алланың салауаты мн сәлемі болсын) келісімшарт түзегеніне қарамай, мүшрік топтарға қосылып, мұсылмандарға қарсы соғысады. Ұрыс бітіп, кәпірлер мен мүшріктер жеңіліс тауып арттарына қайтып кеткен кезде, Жәбірейіл (а.с) Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мн сәлемі болсын) Бәни Құрайзаның соңына түсіп, оларды жазалауы туралы Алла Тағаланың әмірін жеткізеді.

Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мн сәлемі болсын) дереу жолға шықты да сахабаларына: «Ешқайсысың екінті намазын Бәни Құрайзадан басқа жерде оқымаңдар» деді. Бірақ ол кезде екінті намазы таяп қалған болатын. Олар жолда кетіп бара жатқанда намаз уақыты кіреді де, кей сахабалар: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазды Бәни Қурайзадан басқа жерде оқымаңдар» деген деп намаздарын Бәни Құрайзаға барғанда оқыды. Ал кейбір сахабалар: «Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзімен бізді тез жүруге үндеді, ендеше намазды уақытысында оқып алып, тез жүріп кете берсек зияны жоқ» деп намаздарын жолда оқып алды.

Сонда арада қарама-қайшылықтар шығып, кім дұрыс амал істеді?–деген сұрақтар туындады. Бұл сұрақ Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткенінде: екі жақтың да ісін дұрыс деп бағалады.

Бірақ, екінші түрдегі қарама-қайшылықта бір жақ мақталады, екінші жақ датталады.

Өйткені құран Кәрімде: «Бірақ таласып-тартысты. Олардың кейі иман келтірді, кейі қарсы келді» десе, басқа бір аятта: «Осы екі таласушы жақ Раббылары жайлы таласып-тартысты. Ендеше қарсы болғандарға оттан киім тоқылды» деген.

«Талас-тартыстар» кітабынан.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.