Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚМДБ-30: Шығармашылық байқау мәреге жетті

0 40

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

20 қазан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай «Иман» журналы ұйымдастырған «Қазақстан мүфтияты: өткені, бүгіні, ертеңі» атты шығармашылық байқау қорытындыланды, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.

Шығармашылық байқауға елімізге танымал дін ғалымдары, исламтану ғылымдарының докторлары, «Нұр-Мүбәрак» университетінің аға оқытушылары Мұхитдин Исаұлы мен Мұқан Исахан, сондай-ақ, исламтану ғылымдарының магистрі, ондаған кітаптың және Құранның мағыналық аудармасының авторы Сәбит Ибадулла қазылық етті.

Қазылар алқасы шығармашылық байқауға түскен материалдарды саралай келе мынадай қорытынды шығарды:

Байқауға небәрі жиырма шақты материал түскен. Олар мақала, эссе, сұхбат жанрларында жазылған.

Материалдардың дені байқаудың шарттары мен талаптарына жауап бермейді. Тақырып жан-жақты ашылмаған әрі тілі қарабайыр,сүреңсіз.

Қазылар алқасы материалдарды іріктеп, сараптай келе бірінші орынға лайықтысы жоқ деп шешті.

Екінші орынға «Шариғаттан шарапат» атты мақала (авторы – Сұлушаш Молдажанқызы) ұсынылды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қоғамдағы діни, рухани жаңғыру кезеңін қал-қадірінше қамтыған. Бір имамның өмір жолы арқылы сол кездегі еліміздегі діни ахуалдың қандай болғанын оқырманға жеткізуге тырысқан. Тақырып біршама ашылған, тілі жатық. Имамның қызмет жолы шынайы бейнеленген.

Үшінші орынға «Ұстаз» атты мақала (авторы – Олжас Әбдіхалық) лайық деп танылды. Бұған ұстаз мен шәкірт арасындағы рухани байланыс арқау болған. Ұстаз арқылы дін қызметкерінің тұлғалық сипаттарын ашуға тырысқан. Ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара құрметке негізделген қарым-қатынас қашан да өзекті. Материалдың ішінара диалог арқылы өрбуі де оның ұтымдылығы деуге болады.

Ынталандыруға үш мақала ұсынылды:

«Ғибратты ғұмыр» (Бағдат Дәуітханұлы), «Алғашқы медресе Меркіде ашылды» (Гүлдана Тоқбаева) және «Рухани орда – мүфтият» (Жайдары Қалибек).

«Ғибратты ғұмыр» атты материалда диалог жанры сәтті таңдап алынған. Онда шетелден келген қандас бауырымыздың дін қызметіне арнаған өмір жолы баяндалады. Жас жігіт түрлі қиыншылыққа ұшырап, сырқат екеніне де мойымай дін жолында аянбай табандылықпен қызмет еткені көпшілікке үлгі. Оқиға желісі оқырманды қызықтырып, тартады. Қоғамда жетім баланың күйін кешіп, әлеуметтік жағынан қағажу көріп жатқан имам-молдалар мен олардың отбасы жәйі әлі де өзектілігін жоймай келеді.

«Алғашқы медресе Меркіде ашылды» атты мақалада Кеңес Одағы кезеңіндегі ел мұсылмандарының сүреңсіз жәйі мен тәуелсіздік алған соң Діни басқарманың құрылып, алғашқы медресесінің ашылу тарихы баяндалады. Алғашқы діни оқу орнын ашардағы дін қызметкерінің қажыр-қайратын ашуға ұмтылыс бар. Оқиғалар желісі шынайы болғанымен, бірізділік байқалмайды.

«Рухани орда – мүфтият» атты мақалада Діни басқарманың құрылу тарихына бірсыдырғы сипаттама берілген. Өзгелерінен аят-хадистерді қолдануымен ерекшеленеді.

Бұл материалдардың бірқатары өңделіп журналымызда ретіне қарай жарияланады.

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.