Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әбу Ханифа мәзһабы, мәні мен маңызы

0 140

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Ислам – он төрт ғасырдан бері бүкіл адамзатты сенімі мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлылық пен тазалыққа шақырып келе жатқан Алла тағаланың бірегей діні. Тарих сахнасына көтерілгеннен бері, өмірдің өзі көрсеткендей, Ислам дінінің ғылым–білім мен өркениеттің сарқылмас кәусар бұлағы екендігін әлем мойындауда.

Ислам әлемге тек қана Орта Азияның өзінен Әбу Насыр әл-Фараби (870–950), Әбу Әли Ибн Сина (980-1037), Әбу Райхан әл-Бируни (973–1050), Ұлықбек (1394-1449), Мұхаммед Заһир ад-Дин Бабыр (1483-1530) мен Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551) секілді кемеңгер ғұламалар мен көрнекті мемлекет қайраткерлерін берді. Олар ғылымның көптеген саласына жол ашты.

Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне он екі ғасырдан аса уақыт өтті. Содан бері халқымыз атақты ислам ғұламасы, фиқһтың (мұсылман заңы) білгірі Нұғман ибн Сәбит (р.а.) (699–767) негізін қалағанХанафи мәзһабын (діни құқықтық мектеп) ұстанып келеді. Осы орайда, әуелі фиқһ пен мәзһабтың ерекшеліктеріне тоқтала кетейік.

Мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта – арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығына «мәзһаб» делінеді. Шариғат үкімдерінің қайнар көзі болып табылатын Құран және хадистің әрбір сөзінің бірнеше астарлы, терең мағыналары, түсу себептері, тіпті кейбір себептерге байланысты хадистердің бір-біріне қарама-қайшы келетін, яки бір қарағанда қарама-қайшы сияқты көрінетін жерлері де бар. Және хадистердің «сахих лизәтиһи», «сахих лиғайриһи», «хасан лизәтиһи», «хасан лиғайриһи», «әлсіз», «жалған» «мутауатир»,«ахад», «мәшһур», «ғариб» сияқты қуаттылық жағынан үкім шығаруда үлкен әсерлі дәрежелері бар.

Құран аяттары мен пайғамбарымыздың астары терең қасиетті хадистерін жалпы халықты былай қойғанда, араб тілін жетік білетін мамандардың өзі ара жігін ажыратып, пәтуа шығаруы мүмкін емес. Белгілі мәселеде пәтуа шығаратын адам алдымен мыңдаған хадистерді саралап, барлық Құран аяттарына мұхият көз жүгіртіп шығуы тиіс.

Мұнымен қоса сол мәселедегі әз сахабалардың айтқан сөздері мен берген пәтуаларын әрі кейінгі келген мүжтаһид ғұламалар мен замандас ғалымдардың көзқарастарын және жергілікті халықтың менталитеті мен жағдайын жақсы білуі қажет. Бұларды кез-келген қарапайым адам тереңнен талдап, аражігін ажыратып, шариғи үкім шығара алмайтындықтан Әбу Ханифа сияқты Құран ілімімен қоса хадис ілімін, мантық-қисын, фиқһ негіздерін, т.б. ислами ілімдерді жетік білген мүжтәһидтің шығарған үкімдерімен жүруге мұқтаж.

Өз бетінше әрекет етуші жолдан адасуы әбден мүмкін. Исламның алғашқы дәуірінде мұсылмандар арасында діни қайшылықтар тумады. Өйткені, хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз қасиетті Құран және өзінің даналығымен мәселенің шешімін айтып, дер кезінде алауыздықтың алдын ала білді.

Бұл туралы Алла тағала мұсылман үмметін: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы ұлықтарыңа бойсұныңдар. Егер өзара бір нәрсеге келісе алмасаңдар, оның жайын Алладан, пайғамбардан сұраңдар. Аллаға, қиямет күніне сенетіндерің рас болса, бұл сендер үшін қайырлы әрі тиімді» («Ниса» сүресі, 59-аят), – деп ескертеді.

Шариғаттың негізгі мәселелері Құран мен хадисте қамтылған. Сондықтан хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ислам қауымына: «Ей, мұсылмандар! Мен сендерге екі нәрсені қалдырып барамын. Егер оларды бекем ұстап, амал етсеңдер, ешқашан адаспайсыңдар. Олар – Алланың кітабы (Құран Кәрім) және Алла елшісінің сүннеті», – деген.

Уақыт өте мұсылмандардың саны көбейе түсті, жаңа мәселелер туындай бастады. Өйткені, өмір мен тіршілік үнемі өзгеріп, өркендеп, жаңарып, дамып отырады. Бұндай жағдайда, сахабалар өз білімдеріне сүйеніп, шариғат шеңберінде ол мәселелерді шешіп отырды.

Мысалы, Әбу Бәкір (р.а.) өзінің халифалық кезінде бір мәселеге байланысты шешім шығарар алдында Құран аяттарына сүйенген, ол мәселенің жауабын аяттардан таба алмай қалған жағдайда, хадистерден іздеген. Ол жерден де таба алмаса, білімді де беделді сахабалардың басын қосып, олармен сол мәселелер туралы кеңесіп, ойларын тыңдап, содан кейін ғана шешім қабылдайтын.

Кейінірек Ислам діні өзге халықтар, ұлыстар арасына таралды. Олар араб тілін де, дінін де білмейтін. Діни үгіт – насихат пен тағылым істерін оларға жеткізу сахабалар үшін оңай емес-тін. Бұл ретте сахабалар ислам дінін бүге-шігесіне дейін үйренемін дегендерге ұстаздық етті. Сол ұстаздар қатарына хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың ұлық төрт халифасы, сондай–ақ Абдулла ибн Масъуд (590–653), Абдулла ибн Омар (612–643), Абдулла ибн Аббас (619–686), Абдулла ибн Әмр ибн Аас (571–664), Зәйд ибн Сәбит (615–665) және Айша (613–678) (р.а.) анамызды жатқызуға болады. Олар  з заманының дара адамдары еді. Абдулла ибн Аббастың (р.а.) үйі «білім ордасы» атанған.

Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз оларға:

«Сахабаларым аспандағы жолшы жұлдыздар іспетті. Олардың қайбіріне ілессеңдер, хақ жолын табасыңдар», – деп сипат берген.

Имам Мәліктің (713–795) «Муатта» атты кітабын оқып шыққан халифа Жағфар Мансур (754–775) оның біліміне ризашылық білдіріп: «Өте құнды еңбек жазыпсыз. Келіңіз, мұсылмандарға ислам дінін тек осы кітап бойынша амал еткізейік», – дегеніне, имам: «Жоқ, олай етуге болмайды.

Расулулланың сахабалары жан-жаққа тарады, олардың барлығы да өздерімен жақсылықты ала барды», – деген екен.

Сахабалардың кезінде түрлі діни көзқарастар пайда болды. Соның салдарынан исламды әртүрлі талдайтын, түрлі-түрлі мәзһабтар (діни құқықтық мектеп, жол) көбейді.

Уақыт өте фиқһ (мұсылман заңы) саласы бойынша Құран аяттарын дұрыс талдау және хадистерді зерттеу арқылы шариғатты дамытып, жалған мектептерге қарсы күресуші, олардың қателіктерін паш етуші Әбу Ханифа (699–767), имам Малик (717–795), имам Шафиғи (767–820), Ахмад ибн Ханбал (780–855) секілді ислам ғұламаларының мәзһабтары дүниеге келді.

Бұлар ислам әлемінде ресми мәзһаб саналып, 1300 жылдан бері өз ұстанымдары бойынша амалдарын жүргізуде. Ол мәзһаб иелерінің әрқайсысы мүжтаһид (білгір) ғалымдар еді. Солардың біріне мойынсұну арқылы осы заманға дейінгі әртүрлі қайшылықтардың жолы кесіліп, алды алынып келеді. Сондықтан бұл төрт мәзһабтың бірін ұстану қазіргі заман талабы да. Өйткені, олар Құран кәрім мен сүннет жолына лайық болғандықтан «әһлус-сүннә уәл-жамаға», яғни хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннет жолын ұстанып, көпшіліктен бөлінбей, бірлікынтымақты жақтаушы қауым мәзһабтары атанды.

Мазһабтардағы айырмашылықтар тек абзал және дұрыс деген сөзде ғана. Яғни, біз өз мәзһабымызды абзал санаймыз да, ал қалған үш мәзһабты дұрыс деп білеміз. Тек біздің мәзһаб дұрыс, қалған үшеуі бұрыс деу адасушылық болып есептеледі.

Соның ішінде біздің Ханафи мазһабымыз тұла бойы адамгершілік пен бүкіл адамзатқа ортақ асыл құндылықтарға бай. Бұл күндері әлем халқының төрттен бірі мұсылман болса, солардың 48% осы мазһабта. Қалған 52% үш мазһаб пен өзге де ағымдарға тиесілі.

Имам Малик мазһабын Африканың бірқатар елі, Имам Шафидің мазһабын Мысыр, Сирия, Малайзия, Индонезия, ал Ахмад ибн Ханбал мазһабын Парсы шығанағы аймағындағы халықтар ұстанады. Әбу Ханифа мазһабы негізінен Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан Түркия, Ресей, Кавказ, Орта Азия мен Қазақстан жұртына кеңінен тараған.

Осы төрт мазһаб ішіндегі жұмсағы әрі халқымыздың жүрегі мен табиғатына, әдет – ғұрпына жақыны, бабаларымыз ежелден таңдаған Әбу Ханифа – Имам Ағзам мазһабы. Исламдағы бір мазһабта болудың артықшылығы – халық біртұтас, ынтымағы мен бірлігі күшті, ұйымшыл болады.

Орта Азия мен Қазақстанда қанша ғасырлардан бері діни алауыздықтың болмай, ұрыс-керіс, даужанжалдан іргесін аулақ салуының да бірден-бір сыры осында. Өйткені, құлшылық амалдарының бір болуы ондай жат пиғылдың тууына жол бермейді.

Әбу Ханифа мазһабы өзге діни мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жеңілдік беруімен әрі демократиялығымен де ерекшеленеді. Біздің жартылай көшпелі халқымыздың бұл мазһабты қабылдауының тағы бір себебі – өз дүниетанымы, болмысы мен діліне оның тонның ішкі бауындай жақындығында.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оның қарауындағы бүкіл мешіттер Әбу Ханифа мазһабы бойынша шариғат ұстанып, соған орай амал етеді. Бұл ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түсуге қызмет ету деген сөз.

Ханафи мазһабының негізін қалап, оны нығайту жолындағы фиқһ ғұламаларының жасаған қызметін дін ғұламалары былай баяндайды: «Фиқһ ілімінің дәнін Абдулла ибн Мәсъуд (р.а.) екті, Имам Әлқама өніп шыққан егінді суарды, Ибраһим ән-Наһаъи піскен астықты жинады, Әбу Ханифа оны диірменге тартты, Имам Әбу Юсуф ұннан қамыр жасады, Имам Мұхаммед нан пісірді. Міне, барлық халық осы күнге дейін Имам Ағзам дайындаған ұннан жасалған нанды жеп келеді».

Негізінде «фиқһ» сөзі «терең, жан-жақты түсіну» деген мағынаны білдіреді. Фиқһ пәні ғибадат, қоғамдағы өзара қарым-қатынас, әдет-ғұрыптардың шариғатқа сәйкес тәртіп – қағидалары мен оның қайнар көзін үйретеді. Бұл саланың маманын фақиһ (мұсылман заңгері) деп атайды.

Әли ибн Әбу Талиб (600–661) пен Абдулла ибн Масъуд (р.а.) (590–653) Куфа қаласында шариғат жөнінде білім беретін орталық құрып, Құран кәрім мен сүннет бойынша тәлім-тәрбие істерін жүргізген алғашқы сахабалар еді. Кейінірек бұл білім ордасын шариғат ілімінің ғалымы, ұлық сахаба Абдулла ибн Масъуд (р.а.) басқарып қалады. Ол туралы хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Ибн Масъудтың айтқандарын бұлжытпай орындаңдар», – деген.

Бұл кісі Куфада Құран Кәрім мен хадис шәріптен сабақ беріп, шариғат ғылымының мамандарын дайындады.

Олардың бірі – Әлқама ибн Кайс (р.а.). Ол – Омар, Әли, Әбу Дәрда (?-652), Айша, Саъд, Хузайфа, Халид, ибн Масъуд және басқа да сахабалардан (р.а.) дәріс тыңдаған әрі хадис риуаят еткен сахаба. Абдулла ибн Масъуд (р.а.): «Менің білімім Әлқаманың білімінен артық емес», – деген екен.

Абдулла ибн Масъуд (р.а.) дүние салғаннан кейін, Әлқама ұстаз болып қалды. Бұдан кейін білім ордасын «Фақиһ әл-Ирақи», яғни «Ирақтың шариғат ілімінің маманы» деген атаққа ие болған Ибраһим ән-Наһаъи басқарды. Ол кісіден кейін Хаммад ибн Сүлеймен (р.а.) Куфаның үлкен ұстазы саналды. Одан соң бұл орынды имамдар сарбазы Әбу Ханифа ән-Нұғман ибн Сәбит (р.а.) иеленді.

Имам Ағзамнан (р.а.) кейін бұл жолды оның шәкірттері – ұстаз Әбу Юсуф пен имам Мұхаммед ұстанды. Олар ұстазының шығарған пәтуаларын хатқа түсіріп, халыққа насихаттаған. Осы кісілер арқылы Ханафи мазһабы жер жүзіне тарады әрі фиқһ саласы кемеліне жете дамыды.

«Ұлық имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа» атты кітаптан алынды.

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.