Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Салауаттың он кереметі

0 567

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Қазақтың «салауат» сөзі арабтың «салауатун» сөзінен алынса, ал бұл сөз, өз кезегінде, «соләтун» сөзінен туындаған.

«Соләтун» сөзінің кеңінен қолданыста болған үш ұғымы:

  1. Намаз.
  2. Дұға-тілек.
  3. Алла Тағаланың жақсылығын, игілігін тілеу.

Бізде «салауат» сөзі көбінесе «салауатты» үлгісінде, әрі «жақсы, пайдалы» мағынасында қолданылады. Мысалы, «салауатты өмір салты» (денсаулықты сақтауға бағытталған белсенділік).

Қазақтың «керемет» сөзі де арабтың «караматун» сөзінен туындаған. Екі тілде де бір мағынаны білдіреді: табиғаттан тыс, таңқаларлық нәтиже. Әдетте дінде кереметті әулиелердің іс-әрекетімен байланыстырады.

Имам Ибн Жәузи (рохматуллаһи ғаләйһи) өзінің «Бустанус-солихин уа риядус-самиғин» атты кітабында былай деген: «Алла Тағала сені рахметіне бөлесін! Біздің төреміз Мұхаммедке (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) салауат айтудың он кереметі бар. Соны біл!

Бірінші керемет: бұл салауат – Жәббар Иенің салауаты. (Яғни, мұсылмандардың айтатын салауаты – Алла Тағала оларға үйреткен салауат үлгісі)

Екінші керемет: салауат айту Нәбидің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) шапағатын нәсіп етеді.

Үшінші керемет: салауат айтқан періштелерге ықтида еткен болады. (Яғни, періштелердің істегенін істеген болады)

Төртінші керемет: салауат айту – мұнафықтар мен кәпірлердің ісіне қайшы іс. (Мұнафық пен кәпір Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) салауат айтпайды)

Бесінші керемет: салауат айту қате-кемшіліктен тазартады.

Алтыншы керемет: мұқтаж-қажеттің өтелуіне септігін тигізеді.

Жетінші керемет: пенденің ішкі дүниесі мен ісін нұрландырады. (Яғни, берекелі етеді)

Сегізінші керемет: қабыр азабынан құтқарады.

Тоғызыншы керемет: жәннатқа кіргізеді.

Оныншы керемет: Алла Тағаланың сәлемін нәсіп етеді.

Салауат айту әрбір пенденің қолынан келер іс! Жоғарыда кереметтің әулиелерге тән екенін айттық. Ал әулие көкте құс болып ұшып, жерде жылан болып жорғалан емес, бәлкім шариғат бұйырған сауапты іс істеумен Алла Тағалаға ерекше жақын болған пенде, Хақ Тағаланың досы. Олай болса неге біз де ардақты Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) көп салауат айтумен әулиелер, Алла Тағалаға ерекше жақын пенделердің қатарында болмасқа?!

Абдуссамат МАХАТ

«Астана» медресе-колледжінің ұстазы

Sunna.kz

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.