Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құранның бір кітап болып жинақталуы

0 1  187

Әбу Бәкір кезеңінде жиналуы:

 Хазіреті Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) пайғамбар шағында сахабалар Құранды жазып, жаттап алған еді. Көптеген хатшылардың қолдарында Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) арқылы түзетілген түпнұсқалар бар болған.

Уахи келіп біткен кезде Ол түскен аяттардың яки сүрелерді Құранның қай жеріне қою керектігін нұсқайтын еді. Яғни, бастан-аяқ аят пен сүрелер белгілі бір жүйемен орналасқан болатын. Бірақ барлығы біртұтас етіліп, «Мұсхаф», яғни кітап етілмеген еді.

Өйткені, бір кітап етіп жинау үшін ақырғы уахи келіп, Құранның толық болуы ләзім. Алайда хазіреті Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) пайғамбардың өмірінің ақырына дейін уахи келуі мүмкін болғандықтан, ол тірі күнінде Құран толық бітті деп, бір кітап етіп жинақтай алмайтын еді. Ол соңғы демі бітіп, уахи тоқтағанда ғана Құранның бір кітап етіп жиналуы мүмкін болды. Әрі бұл жағдай шамамен Алла Елшісінің уахидың қашан аяқталатынын білмеуінен туса керек.

Суюти, Қасталани секілді ғалымдар осы мәселені хазіреті Пайғамбардың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) кейбір аяттардың үкімі мен оқылуының Құраннан алыну әмірі (нәсіх етілуін) келуі мүмкін деген оймен күткен деген тұжырым айтады. Сондықтан да, ол өмірден өткеннен кейін ғана уахи тоқталғаны айқындалып, Құран алғашқы халифа хазіреті Әбу Бәкір кезінде бір кітап етіп жиналды.

Құранның оның кезінде жиналып бір кітап етілуінде де бірнеше себептер болған еді. Олар:

1.Хазіреті Пайғамбардың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) тірі күнінде Құран жазылған парақтар бар болғанмен олар мемлекеттік істерде ресми емес еді. Өйткені, ол уақытта хазіреті Пайғамбар бар еді. Сондықтан да Құран мәтінінің сенімді кепілі болған. Бірақ кейіннен келген халифаның мұндай ерекшелігі болмағандықтан жазылған парақтарды екі мұхаба арасына жинап, бір кітап ету қажеттілігі туды.

Өйткені, бұдан кейінгі негізгі қайнар тұтас кітап етіп жазылған Құран болуы керек еді.

2.Халифа Әбу Бәкір «мұсхафты» хазіреті Пайғамбардың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) уахи хатшыларына жаздырған парақтардан жаздыртып алуына болар еді. Бірақ мұндай нәрсенің арты қиыншылыққа соқтырып, мұсылмандар арасында дау туып кетуі ықтимал. Һәм Құранның кейбір түпнұсқаларында кішігірім қателіктер де болуы мүмкін.

Әрі дәл қазір жинап алмаса, сахабалардың кейбірінде ғана болған қысқа түпнұсқалар олар бұл өмірден өткенде солармен бірге жоғалып кетуі де мүмкін. Әрі аз да болса, кейбір оқылуы «нәсіх» болған, яғни үкімі де, оқылуы да жойылған аяттарды білген де, білмегендер де бар. Сондықтан да, осы аяттардың жойылғанын білген мен білмегендер арасында қарама-қайшылық болуы мүмкін. Сондықтан да мәтіндердің бәрін жинап, бір кітап етуі қажет болды. Әрі ол кітапты сахабалардың қолдарындағы жазылған түпнұсқалар мен жаттаған Құрандар арқылы растап әрі кейбір адамдардың жеке қателіктерін дұрыстап, нәтижеде үмбеттің бәрі бірауыздан қабыл еткен «Имам мұсхаф» (негізгі кітап) жазбақ болды.

3.Басқа бір себеп – Ямәмә соғысында көптеген сахабалар шейіт болды. Осы бүлікті ұйымдастырған жалған пайғамбар «Мусәйләмәтул-кәззәб» лақабымен аты шыққан Мусәйләмә деген адам еді. Ол хазіреті Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) пайғамбардың өмірінің ақырына таман өзін пайғамбар жариялап, Құранға еліктеп сөз ұйқастырып, көптеген адамдарды әскер етіп алған еді.

Кейіннен һижраттың он екінші жылында мұсылмандармен соғысты. Оған Құранды жатқа білетін көптеген сахабалар да қатысты. Міне, осы соғыста осы қарилардан жетпіс кісі шейіт болды. Осынау жағдай хазіреті Омарды сақтандырды. Дереу халифа Әбу Бәкірге барып, оған «Құранның жоғалып кетуі қаупі бар. Тез арада түпнұсқаларды жинап, бір кітап етіп ал» деп ұсыныс жасады. Алайда халифа оның осы ұсынысын алғашқыда қабыл ете алмай терең ойға қалды. Өйткені, хазіреті Пайғамбардың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жасамаған ісін жасау оған өте ауыр тиген.

Оның бұлай екі ойлы болуы, егер Құран бір кітап етіп жазылып, көбейтілсе адамдар оны жаттауға немқұрайды болып кетпей ме деген күдік еді. Ақырында, ол Құранды жинауға бел буып, Зәйд ибн Сәбитті шақырып оған Құранды жинауға ұсыныс жасады.

Ол осы мәселені былай баяндайды: «Ямәмә соғысынан кейін мені Әбу Бәкір шақырып алды. Омар да жанында еді. Халифа маған: «Омар маған келіп Ямәмә күні көптеген қари сахабалардың шейіт болғанын, бұлай кете берсе, қарилар қалмай, Құранның кейбір бөлігі жоғалып кетуі мүмкін деп, Құранды бір кітап етіп жинауды ұсынды. Мен «Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жасамаған ісін қалай жасамақпын?» дедім. Ақырында,

Алла Тағала осыны көкейге қондырып, мен оның пікірін мақұлдадым. «Сен жас әрі ой-өрісі кең адамсың.

Сені елдің бәрі жақсы таниды. Сен Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) уахиын жазған адамсың. Ал қазір кідірме. Тез Құранды жина» деді. Мен де «Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жасамаған ісін қалай жасамақпын?» дедім. Халифа: «Алла атымен ант етейін, бұл ісің жақсылық» деді.

Бірақ Алла атымен ант етейін, бір тауды маған тасы деп бұйырса, бұл істен әлдеқайда жеңіл келер еді. Әбу Бәкір де мені көндіруге тырысып, сөзін жалғастыра берді. Ақыры, Алла Тағала ол екеуінің жүрегіне салғандай, менің де көкейіме қондырды. Бұдан кейін мен құрма жапырақтары мен жеңіл ақ тастар, керамика тастарында жазылған Құран нұсқаларын қарилардан жинай бастадым».

Осы жерде Құранның жинау ісі неге Зәйд ибн Сәбитке берілді деген сұрақ тууы мүмкін? Өйткені, сахабалар арасында Абдулла ибн Мәсғуд, Убәй ибн Каб секілді Құранның бастан-аяқ түпнұсқалары бар Құранды жатқа білетін беделді кісілер де бар еді. Демек осынша маңызды істің Зәйд ибн Сәбитке берілуінде кейбір себептер болуы мүмкін. Кейбір Ислам ғалымдары бұл жайлы былай дейді:

1.Зәйд ибн Сәбитті хазіреті Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) пайғамбардың арнайы уахи хатшысы етіп тағайындауы.

2.Зәйд ибн Сәбит сахабалар арасында зеректігімен көзге көрінген. Оның осы зеректігін байқаған Алла Елшісі оған жазу ісінің бақылаушысы міндетін берген. Зәйд ибн Сәбит: «Бірде Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мені Мәдинада көріп қалды. Жанымдағылар менің Нәжжар руынан екенімді айтты. Алла Елшісі сол жерде Құраннан дәл он бес сүре оқыды. Мен де оқылған сүрелерді сол жерде қайталап оқып бердім. Алла Елшісі маған таңғалып: «Еврей әріптерін жазып үйрен», – деді.

Мен оны он бес күнде үйреніп алдым. Бұдан кейін Алла Елшісінің атынан оларға хат жазып, олардан келген хаттарды оған оқитын болдым». Басқа бір хабарда Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) айтуымен Суриани тілін он жеті күнде үйренгені айтылады.

3.Зәйд ибн Сәбиттің Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) тірі күнінде Құранды бастан-аяқ жатқа біліп, қырағаттап өте дұрыс оқи білуі. Алла Елшісі Тәбук ғазауатында Нәжжәр руының байрағын Зәйдке беріп: «Құранды ең жақсы біліп, жатқа білетін Зәйд» деген.

4.«Ақырғы арзаға» қатысуы.

5.Жігіттік шағында болуы. Сондықтан да берілген істі жақсы атқаратын дәрежеде.

6.Ел абыройына бөленіп, сенімділік танытқандығы.

Зейд ибн Сәбит Құранды жинауда түпнұсқалары бар сахабалардан қатаң шарттар талап еткен. Халифа мен Омар оған: «Мешіттің есігінің алдына отырып, саған кімде-кім екі куәгермен Алланың кітабынан бір аят яки сүре әкелсе, оны жаз», – деген. Зәйдтің тәсіліндегі шарттарды былай беруге болады:

1.Қолында Құранның түпнұсқасы бар адам онымен ғана шектелмей жазған Құрандарын жатқа білуі тиіс. Әрі басқа мұсылмандар да оның жатқа білетін Құранның сүре мен аяттарын сөзбе-сөз, айна-қатесіз жатқа білулері қажет.

2.Жазылған түпнұсқалар хазіреті Пайғамбардың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) нұсқауымен жазылып, оқытқан мәтін екендігін екі куәгер дәлелдеу керек.

3.Егер аяттардың оқылуы «мәнсух» (үкімі жойылған) болса жазылмауы тиіс.

Суюти «екі куәгерден» мақсат – әкелген аяттың мәтінін ақырғы арзада хазіреті Пайғамбарға (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) оқылғанына куәлік еткен екі куәгер» дейді.

Осы мәселеде оған хазіреті Омар көмектескен. Бір кітап етіп жиналған осы Құранға Абдулла ибн Мәсғудтың ұсынысымен «Мұсхаф» деп аталды. Бұл мұсхаф «жеті қәріпті» қамтыған.

Жоғарыда айтылғандай Құран жазылған әрі өзінің орналасқан жүйесі бар еді. Бірақ бастан-аяқ бәрі бір кітап етіп жиналмаған.

Хазіреті Омардың қорыққаны да осы еді. Ақырында Зәйд ибн Сәбит парақтарда жазылған түпнұсқаларды негіз етіп, ақырғы арзада оқылған сүрелер мен аяттардың орналасуы тәртібіне қарай жинап, бір кітап етті. Осылайша бір әріп те жоғалмай, сақталды. Бұл іс Хақ Пайғамбары (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бұл өмірден өткен соң алты айдан кейін жасалды. Ол уақытта Алла Елшісінің жанында болған сахабалар тірі еді.

Бұл уақыт ішінде Құранның бір аяты яки әрпі жоғалуы мүмкін емес. Өйткені, көптеген адамдар жатқа білген. Жазылған түпнұсқалар да қолдарында еді. Әрі сахабалар бес уақыт намазда, басқа уақыттарда бір-бірлеріне оқып, аяттар мен сүрелер жайлы ойларын ортаға салатын.

Хазіреті Әбу Бәкір кезінде Құранның жиналуы жазылған түпнұсқаларды бір кітап ету ғана еді. Яғни, тері, құрма ағашы, сүйек, т.б. секілді әр түрлі нәрселерде жазылған Құрандарды қағазға жазып, бір кітап еткен.

Зәйдтің осы ісі бір жылға созылған. Оған хазіреті Омар, Әли, Оспан, Ибн Каб көмектескен. «Мұсхаф» аталған осы кітап алдымен Әбу Бәкірде, ол қайтыс болғанда хазіреті Омар алып сақтап, ол да бұл ғұмырдан өткенде қызы Хафсаның қолында сақталды.

«Мәңгі мұғжиза» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.