Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Күнә іспен мақтану

0 998

Иманға келу  арқылы адам жаңарады, жүзінде нұр бітіп, жаңаша күй кешіп, өмірі әп-сәтте өзгеріп шыға келеді. Осынау ұлы нығметтің дәмін татқан адам ешуақытта бұрынғы күйіне оралуды қаламайды. Алла Тағала ерекше мейірімімен оның шынайы мұсылман болғанға дейінгі күнә амалдарын кешіріп өмірін жаңа парақтан бастауына мүмкіндік береді. Алайда, ол бейбақ болса, ақ парақтан жаңаша өмір бастаудың орнына өткен күнәларын айтып мақтанып, сол ақ параққа дақ түсіруде. Бұл әрекетімен  басқа иманы әлсіз мұсылмандарды күнә істерге итермелейді.

Бұрынғы жасаған күнәларын әңгіме қылу, онымен мақтану адамның толық иман келтірмегенінің белгісі, өйткені түптеп келгенде сол істі қазір жасамаса да сол бір дәурен құрған шақтарын аңсаудың бір нышаны байқалады. Күнә іспен мақтанудың мысалдарына келетін болсақ;

Па шіркін кезінде исламға дейін арақты суша сапыратын едім.

Әттең сен маған осыдан бес жыл бұрын кездеспедің, шаңында да қалмас еді-ау бұл жерде.

Кезінде осы ауданда маған қарсы келетін ешкім болмаушы еді. Бәрі бұрыш-бұрышқа тығылып, бетпе-бет келуге батылдары жетпеуші еді.

Пай, пай жиырма бесімдегі шағымда кез-келген қыз-келіншекті басын шыр көбелек айналдырушы едім.

Казиноға ақша тігіп ұтатын кездерім қайдасың?! дегендей исламда харам етілген амалдарын аңсап отыратын адамдардың жағдайы нендей өкініш.

Алла Тағала Құранда:

 لا يُحِبُّ اللَّهُ الْجَهْرَ بِالسُّوءِ مِنَ الْقَوْلِ إِلاَّ مَنْ ظُلِمَ وَكَانَ اللَّهُ سَمِيعًا عَلِيمًا

«Алла ашық айтылған көңілге дақ түсіретін ауыр сөзді еш ұнатпайды. Тек жазықсыз жапа шеккен адамның ашынғаннан айтқан сөзінің  жөні бөлек. Алла – Самиғ (айтылған сөздің бәрін естуші), һәм Алим (кімнің не айтып, не қойғанын, қандай ниетпен айтқанын жақсы білетін шексіз ілім иесі» [1].

Осы турасында Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ رِضْوَانِ اللَّهِ لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا يَرْفَعُهُ اللَّهُ بِهَا دَرَجَاتٍ ، وَإِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ سَخَطِ اللَّهِ لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا يَهْوِي بِهَا فِي جَهَنَّمَ

«Шынында құлдың бір сөзі оның дәрежесін өсіріп, Алланың ризашылығына бөлесе, бір сөзі үшін тозаққа тасталып, Алланың ашуына душар болады»[2], – дейді.

Басқа бір хадисінде:

إِنَّ أَعْظَمَ النَّاسِ خَطَايَا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَكْثَرَهُمْ خَوْضًا فِي الْبَاطِلِ

«Қияметтегі ең күнәһар адамдар олар – азғындыққа көп кіргендер (көп айтқандар»[3] , – деген екен.

Пенделікпен жасаған күнәсін жарияламау жайында Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бір хадисінде былайша ескертеді:

            كُلُّ أَمَّتِى مُعَافًى إِلاَّ الْمُجَاهِرِينَ ، وَإِنَّ مِنَ المُجاهَرَةِ أَنْ يَعْمَلَ الرَّجُلُ بِاللَّيْلِ عَمَلاً ، ثُمَّ يُصْبِحَ وَقَدْ سَتَرَهُ اللَّهُ ، فَيَقُولَ يَا فُلاَنُ عَمِلْتُ الْبَارِحَةَ كَذَا وَكَذَا ، وَقَدْ بَاتَ يَسْتُرُهُ رَبُّهُ وَيُصْبِحُ يَكْشِفُ سِتْرَ اللهِ عَنْهُ

«Менің үмметімнің барлығы мейірімге бөленеді, тек (өз күнәларын) жария айтушылардан басқа. Мұндай адамдарға түнде күнәсін жасап, бірақ Алла Тағала оның күнәсін жапса, ал таң атқанда ол өзі: «Әй, пәленше, мен мынадай күнә жасадым», – деп айтады. Осылай, ол түнде Раббысының жамылғысының астында болады да, ал таң атқанда Алланың жамылғысын лақтырып тастайды»[4].

Әли ибн Әбу Тәліп ﴾р.а.) былай деген: «Өз күнәсін айтып жүрген адам мен соны естіп басқаларға жеткізген адам да екеуі бірдей күнәһар»[5].

Иман ләззатын сезінген адам, осы халде мәңгі болғанды қалайды, надандық батпағына екінші рет барып кірмейді, ешуақытта надандықпен өткізген өміріне оралғысы келмейтіні секілді өзі жасаған күнәларын да жарияламайды. Өйткені күнәні жариялау онымен мақтану сол күнәні қайта жасағанмен тең. Әрине, бұл ғибрат, өнеге, өкініш мақсатында айтылса, орны бөлек.

Алла Тағала былай деген:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحًا عَسَىٰ رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ

«Уа иман келтіргендер! Шынайы тәубе етіп, Аллаға бет бұрыңдар. Міне, сонда Раббыларың күнә-қателіктеріңді өшірер һәм бәріңді түбіне өзендер ағып жатқан жәннат бақшаларына кіргізер»[6].

Адамның жасаған күнәсін айтып, жария етуі тәубенің қабыл болуы шарттарын бұзады. Мейірімі шексіз Алладан үмітімізді үзбей, жасаған күнәларымыз үшін шынайы тәубе етейік!

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] «Нисә» сүресі, 148-аят.

[2] Бұхари хадистер жинағы

[3] Табарани хадистер жинағы

[4] Бұхари хадистер жинағы

[5] «Файдуль-Къадир» 3/323.

[6] «Тахрим» сүресі, 8-аят.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.