Related Posts
Мемлекет басшысы жиынды ашып, бүгінгі басқосу ислам тарихында ерекше із қалдыратынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы ежелгі заманнан тамыр тартатынын айтты.
«Біздің байтақ даламызға Ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Еліміз ислам мен батыс өркениеттері арасындағы достық диалогқа дәнекер болып отыр», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы мұсылман үмбеті бетпе-бет келіп отырған қазіргі сын-қатерлерге тоқталды.
«Біріншіден, экстремистік және террористік ұйымдар кеңінен етек алуда. Олардың лаңкестік әрекеттерінің нәтижесінде, бірінші кезекте мұсылман әлемі елдерінің азаматтары зардап шегіп отыр. Екіншіден, исламофобиялық пікір қоғам ішінде кең таралуда. Батыс елдерінде мұсылмандарға қарсы қылмыстық әрекеттер жыл сайын көбейіп келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Мьянмада болған жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, барлық тарапты бұл проблеманы БҰҰ алаңындағы диалог аясында тек бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Мемлекет басшысы үшінші мәселе ретінде 1,5 миллиардтан астам адамды біріктіретін ислам әлеміндегі ауызбіршіліктің болмай отырғанын атап өтті.
«Төртіншіден, әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдері көш соңында қалуда. Кейбір сыншылар ислам дүниесінің артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Алайда бұл ақиқатқа мүлде жанаспайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін күш біріктіруіміз қажет екенін атап өтіп, ортақ ғылыми-инновациялық қор құруды ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдеріндегі ғалымдардың ізденістеріне қолдау көрсетудің маңыздылығына назар аударып, ұйым аясында ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлес үшін сыйлық тағайындау туралы шешім қабылданғанын айтты.
«Инновациялық кластерлер ғылымды қамтитын орнықты экономиканы қалыптастырудың негізі болып саналады. Қазақстан осындай кластерлерді Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында белсенді дамытуда. Ислам ынтымақтастығы ұйымының барлық елдерінің ғалымдары мен зерттеушілерін осы жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ғылым мен инновацияны исламдық қаржыландырудың рөлін арттыру маңызды екенін атап өтті.
«Біз «ЭКСПО-2017» көрмесін өткіздік. Енді оның аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Сіздерді ислам қаржысы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға шақырамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жасыл технологияларды дамыту мәселесіне тоқталып, жасыл технология мен инвестицияны дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды.
«Біздің елдеріміз үшін аграрлық саладағы ынтымақтастық аса маңызды. Бәріміз бірлесіп аграрлық ғылымды дамытып, жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Бұл тек ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға емес, бұдан да тығыз интеграция мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ислам әлеміндегі маңызды экономикалық мәселелерді шешу үшін Ислам ұйымының жетекші 15 мемлекетін біріктіретін бейресми қоғамдастық құруды ұсынды.
Мемлекет басшысы алдыңғы қатарлы Батыс елдерімен ғылым және технологияларды дамыту мәселелері бойынша байланыстар орнату қажет екенін атап өтті.
«Біз көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда дінаралық келісімді сақтаудың қазақстандық тәжірибесін бөлісуге әзірміз. Сондай-ақ бәріңізді 2018 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезіне шақырамын», – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Таяу Шығыста және ислам әлемі елдерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға шақырды.
«Сөз соңында, ұрпақтарымыз ислам әлемінің бірлігіне, ынтымақтастығы мен болашағына арналған бүгінгі тарихи форумға жоғары баға береді деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ саммиттің пленарлық отырысында Түркия Республикасының Президенті Р.Ердоған, Пәкістан Ислам Республикасының Президенті М.Хусейн, Мавритания Ислам Республикасының Президенті Мохаммед ульд Әбдел-Әзиз, Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёев, Гвинея Президенті А.Конде, Иран Ислам Республикасының Президенті Х.Рухани, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин сөз сөйледі.