Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«Ихсан» ілімі туралы түсінік

0 776

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Ардақты пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өнеге тұтып, сүннеті туралы сөз қозғаған кезде, көбінесе құлшылықтарға қатысты ұстанымдарға көңіл бөліп жатамыз. Дегенмен, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті тек ғибадат мәселесімен шектелмей, біздің өміріміздің барлық салаларын қамтитынын ұмытпағанымыз жөн.

Ислам діні – бұл әрекет қана емес, істер мен іс-әрекеттердің қайнар көзі болып табылатын ерекше рухани күй. Осы рухани күйдің негізі – ихсан ілімі.

Ихсан – өте кең ұғым және оны сөзбе-сөз аудару мүмкін емес. Оның мағынасы артықшылық, кемелдік, ізгілік дегенді білдіреді. Ихсан бұл белгілі-бір істі ең жақсы түрде, ережелері мен нұсқауларын толық орындау арқылы жасауды білдіреді.

Бұл ұғымның «Ислам түсіндірме сөздігіндегі» анықтамасына келсек: 1) Құдайға ұнамды іс. 2) Діни жоралғыларды (міндеттерді) орындау барысында мұсылманның шынайылық танытуы.

Бірінші анықтамаға келсек, қай істе болсын мұсылман адам Алланың разылығына ұмтылуы керек. Мүміннің бүкіл өмірі – кемелділікке ұмтылуға негізделген және оған барлық істерді ізгі түрде орындауға деген ұмтылыс берілген. Сондай-ақ, мұсылман адамға үлкен жауапкершілік жүктелген және ол жасаған барлық ісінде ізгілікке ұмтылуы керек. Бұл дегеніміз барлық амалды, іс-әрекетті ықыласпен және жауапкершілікпен орындау арқылы Алланың разылығына жетуді көздеу.

Яғни, мұсылман қай жұмысқа (діни болсын, дүнәуи болсын) кіріссе де, оның мәнін түсінбей жұмысқа кіріспеуі керек. Ол өзінің ең жақсы қасиеттерін көрсетпейінше және қолынан келген нәрсенің барлығын жасамайынша, өзіне риза болмауы тиіс.

Екінші анықтамаға  пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) және Жәбірейіл періштенің арасындағы оқиға негізделген хадис сәйкес: «Ихсан дегеніміз – Алланы көріп тұрғаныңдай оған кұлшылық етуің. Себебі сен Оны көрмесең де, шүбәсіз, Ол сені көруде».

Алланың адам баласының кез-келген іс-әрекетінен бөлек, ішкі ниетін, жан дүниесін білуі ақиқат. Сол себепті, кез-келген ісімізді, құлшылық болсын, күнделікті қызметіміз болсын барынша ықыласпен Алланың разылығы үшін орындауға ұмтылғанымыз абзал.

Алланың барлық нәрсені білетіндігі жөнінде Құранда:

«Ол сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратып, сосын ғаршыны игерді. Ол, жерге кірген нәрсені әрі одан шыққан нәрсені және көктен түскен нәрсені, оған көтерілген нәрсені біледі. Сондай-ақ Ол, қайда болсаңдар да сендермен бірге. Алла не істегендеріңді толық көруші» («Хадид» сүресі, 4-ші аят), деп айтылады.

Ендігі жерде, ғибратты оқиғаға кезек беріп, біздің алдымыздағы адамдар өмірінен өнеге іздесек.

Абдулла ибн Динар былай деп баяндайды: Бірде мен Хаттабтың ұлы Омармен (р.а.) бірге жолға шығып бір жерге келіп тоқтағанымызда таудан түсіп келе жатқан бір бақташы жанымызға келді.

Омар (р.а.) оған:

«Ей, бақташы! мына қойларыңның ішінен біреуін маған сатшы», дегенде әлгі бақташы: «Мен бір құл бақташымын, бұлардың иесі бар», дейді.

Омар (р.а.) оған: «Қожайыныңа оны қасқыр жеп кетті деп, айтарсың» дейді. Бақташы болса оған: «Алла бәрін көріп тұрған жоқ па?» деп, жауап береді.

Омар (р.а.) оның сөзінен әсерленіп, көзіне жас алды. Құлмен бірге қожайынның алдына барды да оны сатып алып, азат қылады.

Соңынан әлгі құлға: «Мына сөзің сені дүниеде құлдықтан азат етті, енді ақыретте азаптан құтқаруын үміт етем», деген екен.

Көріп отырғанымыздай, қарапайым бақташы Құдайдың өзін бақылап отырғандығын жан-тәнімен сезініп, қызметіне барынша адалдық танытып отыр. Бұл оқиға – ихсан ұстанымының тек діни құлшылықпен ғана емес, күнделікті өмірмен де тығыз байланысты болуы керектігінің айқын көрінісі.

Алла біздің әрбір әрекетімізді ізгі ниетпен, шынайы ықыласпен, сондай-ақ көркем, кемел түрінде орындауымызды нәсіп етсін! Әмин!

Сәбит Ережепов

«Әлжан ана» мешітінің наиб имамы

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.