Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Адасушылыққа апаратын мәселелер

0 1  097

(жалғасы, басқы мына сілтемеде)

Адасушылыққа апаратын қалған 17 мәселенің басты-бастылары төмендегідей болып келеді:

1.Әлем мәңгілік, жоқ болып кетпейді (дініміз бойынша Алла Тағаладан өзге еш нәрсе мәңгілік емес).

2.Алланың ілім, құдірет деген сипаттары жоқ (суннит мұсылмандардың көзқарасы бойынша, Алланың зати және субути сипаттары бар. Аллаһтың өздігінен бар болуы, еш нәрсеге мұқтаж болмауы мен мәңгілік болуы зати сипаттары болып табылады да ілім, құдірет, басар секілді сипаттары субути сипаттарына жатады).

3.Жарықтың күннен еріксіз шыққаны тәрізді, әлем де Алладан шыққан. Қалайша күннен жарық сәуле өздігінен шықса, әлем де Алладан сол секілді өздігінен пайда болған. Күнмен бірге жарықтың да болатыны секілді, Алламен бірге әлем де болады (Алла Тағала Құранда аспан мен жерді алты күнде жаратқандығын айтады. Олай болса, әлем Алладан шыққан болмайды, Алла оны жаратқан болады).

4.Адамның рухы мәңгілік, ол ешқашан жоқ болып кетпейді (асылында, мәңгілік тек Алла Тағала ғана).

5.Аспан әлемі тірі болып, қозғалыс әрекетімен Аллаға ғибадат етеді, әрі мойынсұнады (Сүлеймен Улыдаг, Фуат Кавукчу. Келам дерслери, Истанбул, 1977, 45-46-бет; Бекир Топалоглу. Келам илми гириш, Истанбул, 1996, 29-30-бет).

Жоғарыдағы күпірлікке апаратын үш мәселені ислами тұрғыдан ашып, талдайық:

1.Алланың зати сипаттарының біреуі «Қидәм». Қидәмнің мағынасы – бастауы жоқ. Аллаһ әуелден бері бар және бұл сипат тек Аллаһқа ғана тән. Әуелде, минус шексіздікте Алладан басқа ештеңе жоқ еді. Аятта да бұл мәселені былай келтіреді:

 «Ол Аллаһ әуелгі әрі соңғы»(57. Хадид-3). Ал әлем болса Алланың жаратуымен кейіннен болған материя. Сондықтан әлем ешқашан әуелгі бола алмайды. Себебі, әлемнің жаратылуына байланысты Құранда көптеген аяттар бар екендігі баршамызға мәлім.

Мысалы:

«Көктер мен жерді жоқтан бар етуші»(6. Әнғам-101).

«Күдіксіз Раббыларың сондай Алла көктер мен жерді алты күнде жаратқан. Сонан кейін ғаршынымеңгерген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және күн мен айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату мен бұйрық беру Соған тән»(7. Ағраф-54), (10. Юнус-3).

«Ол Алла, қайсыларың жақсы амал істейді деп, сынау үшін көктер мен жерді алты күнде жаратты»(11. Худ-7).

«Әуелде көк пен жер біртұтас еді. Біз екеуінің арасын ажыраттық, жанды мақұлықтың барлығын судан жараттық. Кәпірлер осыны қалай білмейді. Оған неге сенбейді?» (21. Әнбия-30).

Осы айтылған аяттардан шығатын қорытынды, әлем кейіннен 6 күнде жаратылған, оның ешқандай да әу бастан бері болмағандығы айдан анық (қосымша мағлұмат үшін мына аяттарды қараңыз: Хижыр-85; Нахыл-3; Фурқан-59; Фуссилат-11; Қаф-38; Хадид-4).

2.Алланың жузи нәрселерді білмеуі мүмкін емес.

Өйткені, Алла бүкіл мақлұқатты жаратқандықтан барлық нәрсені біледі. Яғни болғанды, болатынды, ашықты, жасырынды, құпияны, адамның не істегенін, керек десеңіз жер бетіндегі бір ағаштан түскен жапырақты да біледі.

Себебі, Аллаһтың «алим» деген сипаты бар. Аятта бұл мәселені былай келтіреді: «ғайыптың (көместің) кілттері Соның жанында. Оны Ол өзі ғана біледі. Және құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де Алла оны біледі» (6. Әнғам – 59). Ендеше, Алла қалайша жузи (кішкентай, бөлік пен бөлшектерді) нәрсені біле алмайды дейміз? Әлбетте, бұл қисынсыз тұжырым. Басқалай болған жағдайда Алланың сипаттарына нұқсандық келтірген болып шығамыз.

3.Өлгеннен кейін қайта тірілудің тәнмен емес, жанмен болатындығын айту шынында да аса қауіпті күпірлік. Өйткені, ислам дінінің иман негіздерінің бірі – өлгеннен кейін қайта тірілуге иман ету болып табылады. О дүниеде адамның әрі тәнімен, әрі жанымен тірілетіндігін баяндайтын көптеген аят пен хадистер бар. Қайта тірілудің тәнмен, әрі жанмен болатындығына мына аят айқын дәлел бола алады:

«Олар өздерінің қалай жаратылғанымен жұмыстары жоқ. «Міне, мына шіріген сүйектерді кім тірілтеді?» – деп бізге дәлел айтпақшы болады. Сен оларға айт: «Оны тірілтетін (сол адамды) әу баста жаратқан құдіретті Алла. Ол бар нәрсені біліп тұрады»(36.Ясин 78-79).

«Негізінен ондай аяттарымызға қарсы шыққандарды жедел тозаққа саламыз да, олардың терілері жанған сайын азапты татулары үшін, оны басқа терілерге ауыстырамыз. Шәксіз Алла тым үстем, хикмет иесі»(4.Ниса-56).

Екінші айтылған аят тозақтағы адамның халін бейнелеген кезде оның тозақ отында жазалануы тәнімен, әрі жанымен болатындығын ашық түрде білдіруде. Иә, бұл аяттың түсуіне Меккелік мүшріктер себеп болған еді. Олар Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, о дүниедегі азаптың болмайтындығын, әрі болған күннің өзінде отқа бір-ақ рет жанған соң, азапталмаймыз деп, ақырет өмірін жоққа шығарған еді. Сонда Алла Тағала өзіне қарсы келушілердің тозақта бір рет жанып, азаптан құтылып кете алмайтындығын, керісінше жанған тәнге ет пен тері қайта кигізу арқылы одан әрі азаптайтындығын, бұл үдеріс пенденің жазасы біткенге дейін мәңгілік жалғаса беретіндігін осы аят арқылы ескертеді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.