Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуі

0 1  042

Ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмір ғибраты өте көп. Ол кісінің (с.ғ.с.) әрбір ісі, позициясы, ұстанымы, сөзі, – бәрі де күллі адамзат баласы үшін үлгі болып саналады. Тіпті өмірге келуінің өзі өнегеге толы.

Пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) 571 жылы мұсылманша Рабиул-әууәл айының 12 жұлдызында, милади көкек айының 20-сына сәйкес келетін дүйсенбі күнінің таң сәріде қасиетті Мекке шаһарында дүние есігін ашқан.

Әкесінің аты – Абдулла, анасының аты – Әмина. Ардақты әкесі ол жарық дүниеге келмес бұрын қайтыс болған. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) әкесінің ерте қайтыс болып, әкесіз ержетуінің өзі хикметке толы іс еді. Яғни, ғалымдар бұл істің өнегесін Алланың сөзі болған Құранды және Ислам дінің үкімдерін әкесінен үйренді деген жаладан аман сақтап, оның (с.ғ.с.) Алланың қорғауымен, тәрбиесінде ержеткендігін айғақтайтындығын айтады.

Адамзаттың ұстазы болған тұлғаның дүниеге келісімен,  көп істеріне тірек болған, жанашыр атасы Әбдімүттәліп үлкен ас беріп, той жасап, жаңа туған немересінің есімін өзгеше мағынадағы «Мұхаммед» деп қояды. Аталмыш аттың мағынасы да ерекше еді. Айталық, «мақтаулы» деген түбірден тарайтындықтан айырықша есім болатын. Атасы бұл есімді жер мен көкте мақтаулы жан болсын деп қояды. Бұл туралы сира еңбектерінде мынандай баяндалады:

«Немереңе қандай ат қойдың?» деп сұрағандарға, «Мұхаммед деп қойдым» дейді.

Олар:

«Аталарыңның арасында мұндай ат жоқ еді, бұндай есім қоюыңның мәнісі не?» деп сұрайды.

Сонда Әбдімүттәліп:

«Көкте Алланың, жерде халықтың мақтанышы болсын деген үмітпен қойдым» деп жауап береді.

Мұның өзінде де адам баласы үшін өнеге бар екенін байқаймыз. Яғни, әрбір сәби дүниеге келсе жақсы ниетпен, әдемі, мағыналы есімдер қою керек екен.

Расулулла (с.ғ.с.) өмірге келген сол күні жер ғаламшарында бұрын-соңды болмаған төмендегідей таңғажайып оқиғалар орын алды.

1.Ол дүниеге келгенде әлем өзгеше нұрға бөленді.

2.Сол түні Иран жеріндегі Кисра патшаның сарайындағы 14 бағана құлады.

3.Сауа көлі тартылып, құрғап қалды.

4.Отқа табынушылардың мың жылдан бері жанып тұрған оттары сөнді.

Ардақты Пайғамбар, адамзат ұстазы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан күні болған тағажайыптардың да өзіндік хикметі, өнегесі бар еді. Аталған уақиғалар келешекте Иран империясының үстемдігі жойлатындығын, Византия империясының құлдырайтындығы мен отқа табынушылықтың тамырымен жойылатындығының белгілері еді.

Айтқандай-ақ, көп ұзамай бұл істер орындалды да,  адамзат қоғамы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірінің әрбір сәті өнегеге толы екендігіне куә болды.

Бекзат Ақжігітов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.