Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек

0 560

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Абай хакім «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінде «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек» дейді.

Абайға дейін де, Абайдан кейін де қазақ дүниетанымында қара қылды бөлу ұғымы тек әділдіктің символы ретінде ғана таныс. «Қара қылды қақ жарған» тіркесімен белгілі бұл ұғымда қара қылдың екіге ғана айырылуы туралы теңдік, әділдік, дәлдік ұғымдарымен шешімнің таразы басы тең, үкімі әділ, көмескі қара –құрықтың жоқтығын сипаттайтын тұрақты сөз тіркесі еді. Ал, абайлық түйсік мұны ақылға қолданып, қақ бөлудің орнына қырыққа бөлу танымын енгізеді. Неге?

Әділдік – қашан да адамзатқа ортақ ұлы құндылық. Абай үшін де әділет адами сапаның әлеулгі сипаты, иманан алар пайданың бірі. Қазақ дүниетанымы бұл тұрақты тіркес арқылы билік айтудың қылды қақ жарғандай азапты һәм асқан жауапкершілікті, өте дәлдікті қажет ететін міндет екенін ескертсе, хакім көшпелі өмірдегі әділеттің зәрулігіндей, заман қажетінен туатын тағы бір құндылықтың қылаң беріп келе жатқанын айтып отыр. Ол – өз сөзімен айтқанда адамның «ғылымды құдіретке» айналуы.

Заман қажеті демекші, жаңа көзқарастардың кезі келгенін шындап сезінген Абай («Жаңа жылдың басшысы – ол, Мен ескінің арты едім» деген сөзін еске оралтыңыз) ғылыми танымы арқылы адамзат үшін жаңа әлемнің есігі ашылатынын, сол кезде ненің басты қажеттілікке айналатынын біліп отырды.

Ұлттық дүниетанымның да жаңа белеске, тың серпіліске ие болуы керектігін, сондай бұрылысты сәт келгенін заман ауқымына тамыршы хакім  жақсы білген. «Мен жасымда, жігіттер, топтан астым, Менменсіген талайдың көңілін бастым. Қасыма ерген жігітке олжа салып, Бір күнде сегіз қызды алып қаштым» (Иманжүсіп) өлеңіндегі «топтан асудың» менменсіген көңілді басу, қасына ерген жігітке қыздан олжа салу емес, келер замандағы жаңаша формациясы ғылым-біліммен болатынын дүп басып отыр.

Төлеу Көбдіковтың естелігінде: «Шай ішіп отырғанда Мырзақан Абайдың жаңа салдырған күміс тісінің жайын сұрады. Абай қартайған адамдарға Семейде осындай тіс салдырып алуға болатынын, бұл да өнер-ғылымның көп пайдасының бірі екенін, отарба, шойынжол, суда жүзетін кеме, не керемет ғылым жайын ұзақ әңгіме қылып кетті», деп Абайдың ғылыми танымынан сыр суыртпақтайын жолдарды жазып қалдырады.

Ал, Абайдың сол ортаға айтқан мына сөзінен хакімнің ғылыми танымның деңгейін бағамдауға болады; «Сіздер мұны тамаша ғып таңырқап отырсыздар. Бұл тіс деген – ұсақ нәрсе. Адам баласының табатын өнері, білімі әлі көп. Құдай Тағаланың адамнан асып жаратқан мақұлығы жоқ. Адам баласына жансызға жан салуға рұқсат жоқ, одан басқаның бәрінің де кілті бар. Өнер-білімнің кілті жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Әлі балықша суға жүзіп жүргенін де көресіңдер, құс болып, қанат қағып аспанда ұшып жүргенді де  көресіңдер. Және дүние мұнымен тұрмайды, өзгерісі болады. Адам баласы осы күнгі балалардың мал өсіріп, «сенен мен артық бай боламын» деп таласқан бәсеке байлығындай, «өнерге сенен мен артылам» деп өнер арттыруға тырысады. Мал, байлық бәсекесі болмайды, өнер, білім бәсекесі болады. Осы күні көз салатын да бар, бұлардың бәрі ұсақ өнер. Келешектегі болашақты әрбір тәжірибеден көріп, сезіп отырамыз. Бірақ кейіндеу болады, оны біз көрмейміз, біздің баламыз, баламыздың баласы көрсе көрер, – деді».

Осы танымның куәсі Т. Көбдіков бұл әңгімені толық жеткізе алмағанын айтып; «Онда ұшқалақ, жас кезім ғой, Абайдың айтқан мың сөзінен бір сөзін ғана ұғамын» дейді.

Жоғарыда айтқан Абайдың ғылыми болжалдары айнымай келгеніне куә болып отырмыз. Расында, нейротехнология, смарт интернет, цифрлық технология, баламалы өндіріс, импланттық технология, жасанды интелект заманында аталмыш сөзідің тіке мағынасының өзі ғылым үшін алынбас қамал болудан қалды. Бүгінгі таңдағы наноматериалдар бұл сөздің ақиқат екенін аңғартады. Айталық, графон – құрыштан екі жүз есе берік, адам шашынан миллион есе жіңішке құрлыстық нано-талшық. Соған қарамастан жылу мен энергияның тамаша өткізгіші. Сондықтан да, граммен есептегенде жер бетіндегі ең қымбат материал. Оның әрбір микромерті мың АҚШ доллары тұрады екен. Графонның өмірге келуі нарықтағы құн көзқарасының басқаша мазмұнға ие болуына мүмкіндік жасады. Абайдың да әділдікке бағытталған тұрақты сөз тіркесін қалып ете отырып, негізгі құндылықтың басымдығын, ойдың салмағын ғылым мен этикаға жіберуі, қалыптасқан танымдардың орнын заманның жаңа танымдары иелейтінін аңғартса керек.

Ал, енді Абай не үшін қара қылды қақ жаратын адамды «ақылды» деп сипаттайды?

Индустриалдық революция кезеңінде ғылыми этика мәселесі алдыңғы орынға шықты. Бұл үрдіс жыл өткен сайын өзекті болмақ. Болмаса, Милтон-Кинста азық-түлік жеткізу қызметінде жүрген роботтар не тасымалдауға қызмет етіп кететі, Далластағы қалалық кардиологиялық ауруханада көмеші қызметкер Мокси роботының басқа не істеп кететіні, Еуропада пациент бөлмелерін дезинфекциялайтын роботтардың қандай функцияларды атқарып кететіні қадағаланбаса басқа мақсаттағы тапсырмалар мен зиянды заттар тасымалдауы бек мүмкін. Сол сияқты, жау деп тапқан нысандарына шабуыл жасауға қауқарлы Изарилдың Хароп дрондары мен әлемді таң қалдырған Түркияның Bayraktar әскери дрондары қай жерді бомдылап, кімді өлтіретіні белгісіз дүние. Расында, ғылыми этика сақталмаса, Нолидегі Немо бақшасында және сол сияқты болашақта ашылар баламалы ауылшаруашылық өнімдер бақшасында нелер өсірілетінін де ешкім айта алмайды. Ал, Жапонияның Кодай Дзи храмындағы белгілі әрекеттерге қабілетті, аудиторияны зерттеп алдын-ала жазылған уағыздарды айта білетін Миндар роботы дұрыс бағдарланбаса, белгілі нормаларды сақтамаса адамдарды неге шақырып, қандай жолға бастайтыны беймалым ғой.

Қашанда гуманизм қағидаттарына негізделмеген ғылыми-техникалық прогрестер адам өмірін ойрандауы бек мүмкін. Әсіресе, ғылымда айтылып жүрген «үшінші тіршілік иелері» дұрыс ниетті адамдар тарапынан тура бағдарланбаса, техникалық икемділігі басқаша сипатқа ие болса не болуы мүмкін? Отбасылық роботтар адамдарды өлтіретін жендет, қырғындаушы құрал, ротобттар соғыс немесе терроризм, экстремизм көмекшілеріне айналып кете баруы ғажап емес қой. Хакім осының алдын алу үшін ғалым ғана емес, ақылдың, яғни, этикалық нормалардың аса қажет болатынын ерте білсе керек. Сондықтан да «Ғылымды қара қылды қырыққа бөлмек» деп отырған жоқ. Кейіпкердің атын әрі ғылымы бар, әрі ақылы күшті «ақылды» деп қояды. Ал, хакім ақыл-ойының жемісі болған Шаһкәрім қажы бүй дейді:

Шын залымға берме ғылым,

Ол алар да оқ қылар.

Қаруым дер, кісі атып жер,

Ол ғылымды хайла етер.

… Дүниені түзеуші,

Һәм бұзушы – бір ғалым.

Әрі залым, әрі ғалым,

Ел түбіне сол жетер, – дейді.

Демек, «ақылды» сөзі тіркеске кездейсоқ кірмеген, мақсатты түрде таңдап алынған деуге болады. Сөз басында «сол кезде ненің басты қажеттілікке айналатынын біліп отырды» деуіміздің бір астары осында. Шынында, Абай «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек» тіркесі арқылы  әр қазақтың алдына ғылым туралы үлкен талап қойды, жол нұсқады, ұлттың болашағы немен байланысты екенін меңзеді. Алдағы уақытта ғылымсыз ұлт та, мемлекет те дегдар болмайтынын дүп басып айтты. Орта ғасырдағы Бағдаттың тарихи статусының бүгінгі таңда Силикон алқабына көшуі бұл танымның шындығын дәлелдеп отыр. Алайда, сөз танымнан кенжелеген біз бұл тіркестің мәнін түсінбей, Абай нұсқаған нысанаға жете алмағандықтан ұлт ретінде де, мемлекет ретінде де «тұтынушы» деңгейінде отырмыз.

Ғылым мен ақылдың күшін мұншалық нанымды сипаттау үшін Абай қазақ дүниетанымында бар «Қара қылды қақ жару» тіркесінен тұлғалық және мазмұндық қалып алады. Яғни, біздің ата таным мен классикалық ойлау формасы негізінде де әлемдік деңгейде тұщымды ой айтуға болатынын дәлелдеп береді.

Оразбек САПАРХАН

abai.kz

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.