Етене әріптестерімен емен-жарқын сұхбаттасып, бір жасап қалған журналистер үшін мешіт имамының уағызы да шөл қандырар рухани сусын болды. Құтты қонақтармен бірге Рамазанның 23-ші күніне аяқ басқан «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев отырыс барысында ұлық айдың қадір-қасиеті жайында тағылымды уағыз айтып, тілшілер қауымын тың ойларға жетелей түсті. Құран қиссаларынан мысал келтіре келіп, тілшілер қауымы үшін артылар салмақтың да, жүктелер міндеттің де қай заманда орасан екенін әсерлі жеткізді. Сондай-ақ, қолымыздағы нығметтің қадірін түсініп, бағасын білуге үндеген Бақытжан имамның бұл уағызы да журналистер үшін тағылымға толы болды.
Берекелі отырыс барысында Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай ағамыз да көпшілікке ғибратты әңгіме айтып, отырыс сәнін арттыра түсті. Бүгінгі осындай тағылымды басқосуға ұйытқы болуға республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіне ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.