Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҒАСЫР ЖАСАҒАН ЕЛАНАСЫ АУЫЗАШАР БЕРДІ (фото)

0 1  857

Қазақстандағы Ислам діннің көркеюіне өлшеусіз еңбек сіңірген дін қайреткері, қази Сәдуақас қажы Ғылманидың төл перзенті, бүгінде ғасыр жасап отырған сүйегі асыл, көргені мол кейуана Үкіжан Сәдуақасқызы Елорда жұртшылығына ауызашар берді. Еланасының киелі дастарқанына зиялы қауым өкілдері мен Ғылмани әулетінің туыс-жегжаттары жиналды.

Атамыш дастарқан басында ҚР ҰҒА академигі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы және филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов қатарлы ғалымдар арнайы қатысып, жиналған жұртшылыққа дін мен ғылымның, дәстүр мен діннің сабақтастықтары жайлы салиқалы сөз сөйледі. Сонымен қатар, тектінің тұяғы жетпіс жасқа толып отырған Самат ағамызға ғалымдар иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Сондай-ақ, елордалық «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Нұрлан Рамазанов дін жолында елеулі еңбек еткен Ғылмани рухына және барша өмірден өткен дін қайраткерлеріне Құран оқып, дұға бағыштады.

Өткен заманның сұм-сұрқылтайы қуғын-сүргін, аштықты көзімен көрген, көкірегі қазынаға толы Үкіжан апа жиналған жұртшылыққа аналық ақ батасын беріп, келесі Рамазанға аман жетуді тіледі.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.