Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ЗУЛХИДЖА – ЗҰЛЫМДЫҚТАН АРЫЛАТЫН АЙ

0 1  392

Қасиетті үстіміздегі зулхиджа айы – Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы. Хақ Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-таситын айрықша мүбәрак ай. Нағыз шынайы мұсылман адам бұл айда – пенделік қылықтардан мейлінше арылып, атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, барынша рухани кемелденіп, жүректі қайта тазартары анық.

Шын мәнінде Алла Тағаланың берген нығметтерінің бірі – біздерге көптеген жақсылықтар мен игіліктерге қол жеткізіп, еселенген мол сауаптарға ие болатын мезгілдер мен айларды  нәсіп етуінде.

Міне, біз қасиетті зулхиджа қажылық айымен қауышып отырмыз.

Исламға дейін жаһилият дәуірінің кезінде арабтар үшін қасиетті айлар құрметті айлар болып есептелетін еді. Осы айларда кірген кезде араб тайпалары өзара соғыс пен жанжалдарын тоқтатып, ешкімге тимеуге тырысатын. Сондықтан бұл айларда араб қауымы өздерін қауіпсіз сезінетін.

Құран Кәрімде баяндалғандай Алланың қасында ерекше құрметке ие болған қасиетті төрт ай бар. Бұл жөнінде Жаратқан Хақ Тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِنْدَ اللَّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْراً فِي كِتَابِ اللَّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ

«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар» (олар: зүлқағъда, зүлхиджә, мұхаррам және ражәб).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Жыл он екі айдан тұрады. Бұлардың төртеуі харам (қасиетті) айлар. Оның үшеуі бірінен кейін бірі келеді. Бұл айлар зүлқағъда, зүлхиджа, мухаррам. Төртіншісі болса, ражәб». Әрбір мұсылман пендеге бұл айларды қадірлей білуі міндет болып табылады.

Алла Тағала Құран Кәрімде зулхиджа айында зұлымдық жасауға, күнәлі істерге бой алдыруға қатаң ескерту жасап:

فَلا تَظْلِمُوا فِيهِنَّ أَنْفُسَكُم

«Бұл айларда өздеріңізге зұлымдық жасамаңыздар», -деп қайтарған. («Тәубе» сүресі, 36-аят). Имам Құртуби өзінің «Жамиғь»-атты еңбегіндегі осы аяттың тәпсірінде: 

     «Алла Тағала бұл төрт айды ерекше еске алып, тіпті, зұлымдық жасау әрқашанда тыйым салынған болсада осы айды дәріптегендіктен зұлымдық  жасауға  бұл айда ерекше тыйым салған»,-деп ескертті.   

Абдулла ибн Аббас (р.ғ.) осы аятқа түсініктеме беріп былай дейді:

«Қасиетті айларда – яғни, Алла Тағала он екі ай бойы күнә істеуден тыйып, кейін сол он екі айдың төртеуін қасиетті етіп, олардың ерекшелігіне нұсқады. Осы себептен бұл төрт айда күнә істеу – ауыр қылмыс, ал игі іс істеу – үлкен іс әрі оның сауабы ерекше ұлық».

Демек, зулхиджа айында жасалған күнәнің жазасы ауыр болады, ал оқылған намаз, тұтылған ораза, берілген садақа секілді кез келген құлшылықтың сауабы еселеніп жазылатыны айтылуда.

Қатада (р.х.) айтады: «Алла Тағала жаратқанның ішінде екі жаратылысты ерекше етті. Яғни, Хақ Тағала періштелердің және пенделердің ішіндегі елшілерді ерекше етті. Сөзден Хақ Тағала – зікірді, жерден – мешіттерді, айлардан – Рамазан айын және қасиетті (төрт) айларды, күндерден – жұманы, түндерден – қадір түнін ерекше етті».

Жаратқан Иеміз жоғарыда айтылған қасиетті зулхиджа айын құлшылықпен өткізуші құлдарынан қылып, қасиетті айлардың сауабын біздерге нәсіп етсін!

 

Нұрлан Рамазанов, 

«С.Ғылмани» мешітінің

Бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.