Уағыз және насихат жұмыстарын жетілдіруге бағытталған жиын барысында көптеген мәселелер ортаға салынды. Ең бірінші уағыз тақырыптарының маңыздылығы сөз болды. Қажылыққа аттанбас бұрын ҚМДБ жанынан уағыздар топтамасы құрастырылып шыққан болатын. Дегенмен, биылғы қажылардың сауаттылығын арттыру мақсатында тақырыптардың сан алуандығы сапаны көтеруге септігін тигізуде.
Бұған дейін Меккеге бірнеше рет келген білікті имамдар тәжірибелерімен бөлісті. Ең бастысы жамағатты жалықтырып алмау жөні ескерілмек. Оның үстіне мұнда әлемнің әр түкпірінен келген мұсылмандар жүргендіктен, біздегі қажылардың басқа уағызшыларға еріп кетпеуі бақылауда болмақ.
Сонымен қатар сыртқы дәстүрлі емес исламнан сақтану шараларына да көңіл бөлу тапсырылды. Сапаны көтеру мақсатында келер жылы қажылыққа келетін жолбасшы гидтерді іріктеу мәселесі де жолға қойылмақ. Бұған Қазақстан қажылық миссиясы жаңаша көзқараспен іске кірісетінін жеткізді.
Айта кетсек, қажылық кезінде туындаған түрлі сауалдарға байланысты ортақ әлеуметтік желі арқылы топ құрылып, шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары тез арада жауап беруде. Бұл өз кезегінде уағызшылардың да жұмысын жеңілдете түспек.