Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти қажылық бойынша келіссөз өткізді (ФОТО)

0 1  239

23 қаңтар. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz –Сауд Арабия Королдігінде 2020 жылғы қажылық маусымының ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары бойынша ресми кездесулер өтті, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.

Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз бастаған делегация Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрінің орынбасары Абдулфаттаһ бен Сүлеймен Машшаттың қабылдауында болды.

Кездесуге ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров, Қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің басқарма басшысы Досымжан Нұрбаев, Бас мүфтидің кеңесшілері Балтабай Мекежанов, Бижігіт Қойшиев, Қазақстанның Жидда қаласындағы консулдық басшысы Талғат Шалданбай, ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов және Баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі Мұрат Әбдіхалықов қатысты.

Басқосуда Қажылық және ұмра министрінің орынбасары Абдулфаттаһ бен Сүлеймен Машшат Қазақстан Қажылық миссиясының былтырғы атқарған жұмыстарына оң баға беріп, 2020 жылға Қазақстанның қажылары үшін 3000 қажыға орын бөлінгенін хабарлады. Яғни, биыл Қазақстаннан 3000 адам қажылық парызын өтей алады.

Сондай-ақ басқосуда биылғы қажылық маусымының ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары, виза шығару, әуе тасымалдау, қажылардың денсаулығы мен жол қауіпсіздігі секілді мәселелер талқыланды. Жүздесу соңында ҚМДБ тарапынан төраға, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, САК Қажылық және умра министрлігі тарапынан вице-министр Абдулфаттаһ бен Сүлеймен Машшат тараптардың міндеттері мен мақсаттарын айқындайтын келісім құжатына қол қойды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.