19 ақпан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғимаратында мүфтияттың асханасы ашылып, пайдалануға берілді. Шараға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Елшісі Мұхаммед Ахмед әл-Жабер мырза және Діни басқарманың бөлім басшылары мен мамандары қатысты, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.Мүфтияттың асханасы БАӘ елшілігінің жәрдемімен жабдықталды. Асхананы қажетті құрылғылармен қамтамасыз етуге Әмірліктер тарапы қолдау көрсетті.
Елшіліктің қолдауын айрықша атап өткен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазақ халқында: «Елдестірмек елшіден» деген нақыл сөз бар. Екі елдің байланысын арттыратын тұлға қашан да елші болған. Сіз өз тарапыңыздан біздің бастамаларымызға қолдау көрсетіп келесіз. Осы ретте Сізге және елшілік қызметкерлеріне өзімнің және Қазақстан мұсылмандары атынан алғыс білдіремін» дей келе Мұхаммед Ахмед әл-Жабер мырзаның иығына шапан жапты.
Өз кезегінде елші Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы бауырластық байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын атап, ризашылығын білдірді.