Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Карантиндегі жанұя жарасымы

0 1  040

Қазіргі таңда елімізде жұқпалы індеттің таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдайдан кейін жанұялық өмірге де кішігірім өзгерістер енгені мәлім.

Алғашқыда түсініспеушіліктен және әртүрлі бейресми жалған мәліметтерден кейбір отбасылардың, азаматтардың кішігірім уайымға салынып қалағаны рас. Бірақ, уақыт өте келе халқымыздың бойындағы шыдамдылық, төзімділік, парасаттылық қасиеттері оянып еліміз сабырға келді.

Халқымыз заманында небір нәубет жылдарды бастан өткізді. Алланың арқасында еліміз қиын-қыстау, аласапыран кезеңдерді өткеріп, бүгінгі бейбіт, жайма-шуақ, азат, егеменді заманға да жетті. Сол үшін де қазіргі кішігірім қиындықтарды да азаматтарымыз оңайлықпен еңсереді, еңсеруде. Осы орайда отбасындағы тіршіліктің тынысына, көңіл-күйіне әйелдердің әсері басым екені айдан анық. Өйткені үйдегі дастарханның иесі де, бала-шағаның негізгі сұранысы да нәзік жандыларға түседі. Халқымыз сондықтан да «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген. Өйткені келешекте ел басқарар азамат та, ақын да, батыр да бәрі осы әйелдің бесіктен бастап тәрбиесін алып өспек.

Сондықтан да осындай қиын-қыстау уағында бұл жағдайды да әйелдер дұрыс жағына пайдалана алуы керек. Пайдаланып жатқандары да баршылық, тәубе. Мұндай карантин Ислам тарихында да болған. Бұл кішкене сынақтан да аман есен өтерміз, өтіп жатырмыз. Әрбір нәрсенің екі жағы бар. Кез-келген нәрсенің соңында қайыры бар.

Алла Тағала Құранда: «Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216 аят) деген. Сонымен қатар, Құранның «Инширах» сүресінің 5-6-аяттарында: «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар» делінеді. Сол үшін қазіргі жағдайдың бір жағынан қиындығы болса, екінші жағынан көптеген пайдасы, жақсы жағы да болып жатыр. Мәселен, көптеген отағалары, отаналары сары бала мен қара қазанның қамы деп жұмыстан қолы босамай, бала-шағасына, бір-біріне көңіл бөле алмай кетсе, осы күні карантин режимімен мәжбүрлі түрде үйде, отбасымен бірге болып, үйде мәре-сәре болып, тәлім-тәрбиемен айналысып отыр.

Ерлі-зайыптылар бір-біріне деген жаңа бір сүйіспеншілік, жылулық, жанашырлықпен сырласып бірге өткен күндер мен жылдарды саралап, өз-өздеріне есеп беріп рухани жаңғырып, жаңарып жатыр.

Бұл карантин құлшылыққа да көңіл бөліп, емін-еркін, асығып-үсікпей байыппен намаз оқуға, Ережеп, Шағбан айларында ораза ұстап, нәпіл ғибадаттарын арттырып, Құранды хатым етіп, түнгі таһажуд намаздарын оқып, иманын күшейтіп, тақуалыққа тереңдеп алуға да үлкен мүмкіндік болды.

Исламда нәпсі тәрбиесі деген бар. Тап қазіргі уақыт – сол нәпсі тәрбиесімен айналысуға таптырмас мүмкіндік. Төрткүл әлемге аты әйгілі имам Әл-Ғазали осы нәпсі тәрбиесімен айналысу үшін атақты Низамия медресесінің ректорлығын тастап, 10 жылға жуық халықтан оқшауланып кетіп еді. Қолымыздағы «Ихия и-улумуддин», «Кимияы сағадат» сияқты құнды еңбектерін осы нәпсі тәрбиесінен кейін жазған. Және Исламда Рамазан айының соңғы он күнін ер азаматтар мешітте оқшауланып иғтикафта өткізу – пайғамбар сүннеті. Ал қазіргі жағдай бізге сол нәпсі тәрбиесімен айналысуға өте ыңғайлы боп тұр.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сонда оған (яғни нәпсіге) жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт. Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да. Әлдекім оны кірлетсе, қор болды» («Шәмс» сүресі, 8-9 аяттар) деуі арқылы мұсылман баласы мейлі ол ер, мейлі әйел болсын, нәпсі тәрбиесімен айналысуы қажетті екендігіне тоқталды.

Карантиндегі отбасы мәселелеріне қайта оралсақ, бұл уақытта жанұя мүшелері балалармен түрлі пайдалы ойындар ойнап, білімін шыңдап, кітап оқуға, бір-бірімен уақыт өткізуге үлкен мүмкіндік алды. Былайғы уақытта таңның атысы, күннің батысы бала-шағасын кешке ғана көріп, тамақ ішіп шаршап ұйқыға кетуші еді. Енді міне, ұйқы да қанық, көңіл де тоқ. Әбігерлік, уайым-қайғы да сейіліп, бір-бірімен мәре-сәре болып уақыт өткізуге кең мүмкіндік бар.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандардың иман тұрғысынан ең үстемі – мінезі ең жақсы болғаны және отбасына ең жақсы, ең мейірімді мәміледе болғаны» деген (Тирмизи). Демек бұл оқшаулану (карантин) пайғамбар өсиетін іске асыруға, отбасыға жақсылық жасау арқылы Алла разылығын алуға мол мүмкіндік болып отыр. Жанұяға көңіл бөлудің өзі де үлкен құлшылық, сауапты іс. Осы орайда ҚМДБ Әйел-қыздар секторы да ел басына күн туған уақытта қарап қалмай, қолдан келгенінше халыққа жан-жақты қайырымдылық, отбасылық кеңес т.б. жағынан көмек көрсетіп келеді.

Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап сектордың өңірлердегі өкілдері, әйел ұстаздары өз қолымен бетперде тігіп, мыңдаған дана етіп таратты. Демеушілер тартып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға азық-түлік пен қайырымдылық көмегін ұйымдастырды. Қазіргі таңда көпбалалы отбасыға пәтер алып беру мәселесімен де айналысып жатқан жайы бар. Нәзік жанды ұстаздар осындай қиын-қыстау уақытта әлеуметтік желілер арқылы онлайн дәрістер, уағыздар, кеңестер ұйымдастырып, карантин уақытын мейлінше жеңілдетуге өз үлесін қосып жатыр. Осы орайда, Рамазан айында еліміздің және әлем жұртшылығының жаман індеттен тезірек айығып шығуын Алладан тілейміз! Рамазан айы құтты болсын!

Ақбөпе ТІЛЕГЕНОВА,

ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.