29 сәуір. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Алматы қаласында «Зекет» қоры қызметкерлері қасиетті Рамазан айында «Жүрек жылуы» акциясы аясында мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлады, деп хабарлайды sunna.kz тілшісі.
Барлық сақтық шараларын сақтай отыра 100 отбасыға таратылған азық-түлік себетінде күнделікті қажетті азық-түлік түрлері бар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚМДБ-на қарасты «Зекет» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық керуені бастау алғаны мәлім.
Айта кетсек, жалпы республика бойынша әр өңірдегі Зекет өкілі мен өкіл имам жергілікті халыққа азық-түлік, бетперде, көкөністер таратуда.
«Осындай қиын сәтте мұқтаждарға қол ұшын созуға әзір тұратын Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Керімбекұлына, ат салысқан барлық мешіт қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, жамағат пен еріктілерге «Зекет» қоры атынан үлкен алғысымызды білдіреміз! Алла сіздерден разы болсын!» дейді «Зекет» қорының өкілдері.
Алдағы уақытта Рамазанның әр күнінде республика бойынша қайырымдылық істер жалғасын табады.