Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сопылық жолы

0 4  729

Сопылық немесе суфизм мәселесі – қазіргі кездегі қоғамда қызу талқыға салынып, нақты бір шешімге келмеген мәселелердің бірі. Бірі сопылық жол ешбір кемшіліксіз ақиқат жолы, оны әрбір адам ұстану қажет десе, енді бір топтар сопыларды көрсе, діндегі адасқан ағымды көргендей тітіркене қарайды, тағы бір топ сопылықты Құран, сүннетке сәйкес адасқан сопылық ретінде қарастырады….

Сопылық исламдағы үш негіздің (ислам, иман, ихсан) бірі –  ихсанның амалға асуын реттейтін жүйе. Фиқһ шариғат ілімін қамтыса, ақида иман негіздерін жүйеге келтіреді, сопылық болса иманның ихсан дәрежесіне жетелейтін тәрбие мектебі.  Оның негізгі қағидасы:

أَنْ تَعْبُدَ اللَّهَ كَأَنَّكَ تَرَاهُ فَإِنْ لَمْ تَكُنْ تَرَاهُ فَإِنَّهُ يَرَاكَ

Алла тағалаға Ол көріп тұрғандай құлшылық жасау, сен Оны көрмесең де Ол сені көруде[1]. Қарапайым құлдың Алла тағаланы тануы үшін оның разылығына бөленуге апаратын хидаят жолы. Тасаууф[2] ілімін басқаша тазару ілімі, мінез-құлық ілімі деп те атайды.

Сопылық немесе тасаууфты тілдік жағынан талдайтын болсақ, ғалымдар арасында көптеген пікірлер, ұстанымдар бар, олардың ең көп тарағаны:

– Cуфа «الصُّوفة» өздерін құлшылыққа арнаған адамдар[3] кейбір деректерде қағба жанында қажыларға қызмет көрсететін адамдарға айтылған.

– Cифа «الصِّفَة» яғни тасаууф дегеніміз көркем мінез-құлықтармен сипатталу, жаман мінез атаулыдан қашық болу.

– Суффа «الصُّفَّة» Бұл атау пайғамбарымыздың (с.а.у) дәуіріндегі пайғамбар мешітін мекендеген үй-күйі жоқ пақыр кедейлерге қатысты айтылады. Олар пайғамбарымыз (с.а.у) бөлген садақамен өмір сүрген мұсылмандар.

– Саф «الصَّف» Олар өздерін әр кез барлық жақсы амалдарда алғашқылардан, яғни бірінші саптан болуға шақырады.

– Суф  «الصُّوف» яғни жүн деген мағынаны білдіреді.

– Сафаа «الصَّفَاءُ», яғни тазалық, пәктік деген мағыналарды білдіреді.

Бұл сөздердің ішінде тілдік құрылымға сәйкес ең жақын варианты «суф»,  «الصُّوف» сөзі, өйткені ежелгі уақытта жүннен тоқылған киімдер тақуалықтың, қарапайымдылықтың белгісі ретінде саналып келген. Кей деректерде алғашқы сопылардың киімі жүннен тоқылғаны келтіріледі.

Шариғаттағы мағынасында бірнеше анықтамаларға тоқталғанды жөн көрдік.

Зәкәрия әл-Әнсари: Тасаууф – ол мәңгілік бақытқа жету үшін мінез-құлық пен нәпсіні тазартатын, адамды іштей сырттай өсіретін ілімге қатысты айтылады.[4]

Шейх Ахмад Заруқ: Жүректерді тек Аллаға ғана бағындыратын ілімді мақсат етеміз.[5]

Доктор Мухаммад Жамил Ғази: Тасаууф сөзінің ескі грек тіліндегі «сафия» сөзінен енген деген пікірді ұстанды. Сафия хикмет деген мағынаны білдіреді.[6]

Жүнейд: Тасаууф дегеніміз – бүкіл жақсы мінез атаулыны іске қосып, жаман мінездерді тастау.[7]

Әбу әл-Хасан әш-Шәзили: Тасаууф нәпсіні құлшылыққа тәрбиелеу, Алланың үкімдерін іске асыру.[8]

Ибн Ажиба: Тасаууф – Алла алдындағы есеп үшін жасалатын амалдарға тәрбиелейді және ішкі дүниені барлық жаман мінездерден тазартып, орнына жақсы мінездерді толықтырады. Бұған жету жолы: бірінші – ілім, екінші –амал, үшінші – дарын.[9]

Сопылық жол ислам әлемінде алғашқы ғасырлардан бастап, жеке адамдардың Аллаға құлшылық әрекеттерінен басталды. Уақыт өте бұл бір жүйеге келіп, үлкен сопылық жолдарға айналды, соның нәтижесінде сопылық мектептер пайда болды.

Осы жолды ұстанған исламның атақты ғалымдарын мысалға келтірсек: алғашқылары атақты табиғин Хасан әл-Басри, Шамсу әт-Табризи, Жәләлуддин әр-Руми, Имам Науауи, әл-Ғазали, т.б сондай-ақ әскер басшылардың ішінде Салахуддин  әл-Аюби, Мухаммад әл-Фатих, Омар әл-Мухтар, Иззуддин әл-Қассам осы жолды ұстанған.

Тасаууфтың негізі:

Тасаууфтың негізі адамның құлшылық ғибадат арқылы барлық күнә әрекеттерден алыстау, өзінің нәпсісін тәрбиелеу арқылы рухани тұрғыда көтерілуді айтады. Бұл Пайғамбарымыздың (с.а.у) және сахабалардың дәуіріне қайтады. Кейбір зерттеушілер тасаууфтың негізі буддизм, христиан дінінен бастау алады деген пікірді ұстанады. Дегенмен мұсылман сопылары исламдағы сопылықтың басқа дінмен ешқандай байланысы жоқ екеніне бірауыздан келіскен.[10]

Сопылық сөзінің пайда болуы

Әл-Қушайридің айтуы бойынша мұсылмандар пайғамбарымыздың (с.а.у) уақытында өзара атақ- абыройда бөлінбей тек пайғамбардың (с.а.у) сахабалары деген ұлы атауға ие болған. Одан кейінгі табиғин[11] және атбағут[12] табиғиндердің дәуірінде адамдарды «зуһад» яғни тақуалар «ъуббад» (көп құлшылық жасаушылар) деп атаған.[13]

Мухаммад Садиқ әл-Ғамаари сопылардың алғашқылары Мысырдағы Александрия қаласында өздерін сопылар деп атаған топтардан бастау алғанын айтады. Басқа бір деректе Масғуди «Mируаж әз-заһаб» кітабында келген риуаят бойынша Аббасситтердің атақты халифаларының бірі Мамунның кезінде қарауылы Әли ибн Салих әл-Хаджиб оның құзіретіне кіріп: «Ей мұсылмандардың әміршісі есік сыртында аппақ киімді бір адам тұр, сізге кіруді  қалайды, (Халифа бұл сөзінен оның сопы екенін байқады)[14] делінген.

Сопылықтың ғылым ретінде пайда болуы

Сахабалар, табиғиндердің дәуірінен кейін ислам дініне көптеген ұлттардың кіруінің нәтижесінде жаңа ғылым түрлері оған дейін белгілі болмаған ілімдер фиқһ, таухид, хадис, тафсир, мантық, мирас, пайда болып, бұл ілімдерге ерекше көңіл бөлінді. Адамдар құлшылықтан, тақуалықтан ауытқи бастады. Адамдарды рухани тұрғыда тәрбиелейтін бір жүйе, тәртіп қажет болды. Сол себепті оған дейінгі тасаууф ілім ретінде жазылып, тасаууф мектептерінің пайда болуына апарды.[15]

Алғашқы тасаууф ғылымында жазылған кітаптар:

Әл-Харис әл-Мухасибидің (243 жылы һижра бойынша қайтыс болған) «Буд у мән әнәәбә илә Алла», «Әдәәбу ән-нуфус», «Рисәләту әт-тауаһһум» кітабтары.

Әбу Сағид әл-Харраздың (277 жылы һижра бойынша қайтыс болған) «Aт-тариқ иләә Алла» кітабы.

Әбу Абдурахман әс-Салмидің (325 жылы һижра бойынша қайтыс болған) «Әдәәбу ас-Суфия» кітабы.

Әбу Насыр Абдулла ибн Әли әс-Сирадж әт-Тусидің (378 жылы һижра бойынша қайтыс болған) «Әл-лимағ фи әт-тасаууф» кітабы.

Әбу Бакір әл-Килаабазидің (380 жылы һижра бойынша қайтыс болған) «Әт-тағарруф әләә мазһаби әһлу әт-тасаууф» кітабы.

Әбу Талиб әл-Мәккидің (386 жылы һижра бойынша қайтыс болған) «Қуту әл-қулуб фи муғамалати әл-әлмахбуб» кітабы.

Әбу Қасым әл-Қушайрдің (465 жылы һижра бойынша қайтыс болған)  «Әр-Рисалату әл-Қушайрия» кітібы.[16]

Әбу Хамид әл-Ғазалидің «(505 жылы һижра бойынша қайтыс болған) «Ихия улуму әд-дин», «әл-Арбағина фи усул әд-дин», т.б.

Бұл ғалымдардың еңбектері сопылық жолға ауқымды деңгейде өз үлесін қосып, сілкініс бергенімен, жаңа сатыға Имам Ғазали және оның кітабы «Ихия улуму әд-дин» көтерді. Бұл кітаптың ерекшелігі иман, ислам шарттарының астарлы тұстарын ашып, құлдың құлшылыққа деген ықыласын арттырды.

Сол секілді фиқһ ғалымдарының ішінде Абдул Қадир әл-Жайлани және оның шәкірттері сопылықты діни тәрбие мектебі ретінде қалыптастырған. Осы орайда мектеп негізі Құран аяттарынан, хадистерге сүйеніп, шариғат шеңберінен ауытқымады. Бұған сол кездегі сопылыққа қарсы әрекет жасаған қазіргі уаһабизм ағымының ғалымдарының бірі – Ибн Таймия сопылықтың бұл түрін қолдағаны жайында әсіресе, олардың ғалымдары әл-Жайлани, Ахмад әр-Рафаағиді мұсылмандардың діни тәрбиешісі ретінде бағалағаны жөнінде дерек бар.[17]

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] Бұхари хадистер жинағы, №49

[2] Сопылық жолының басқаша атауы

[3] Муғжам әл-уасит

[4] «Рисаләт әл-Қушайрия, 7-бет

[5] Ахмад Заруқтың «Қауағид әт-тасаууф» кітабының 2-беті.

[6] Доктор Мухаммад Жамил Ғазидің «әс-Суфия әл-уаджһу әл-Ахар» кітабының 47-беті

[7] Мустафа әл-Маданидің «ән-Нусра ән-Набауия» кітабының 22- беті.

[8] Хадид Сақардың «Нуру әт-Тахқиқ» кітабының 93-беті.

[9] Ахмад ибн Ажиба әл-Хуснидің «Миғраж әт-ташаууф илә хақааиқи ат-тассауф» 4-бет.

[10] Абдул Қадыр Исаның «Хақаиқ ан Тасаууф» кітабының 30-беті

[11] Пайғамбарымыздың (с.а.у) сахабаларын көргендер және оларға ергендер.

[12] Табиғиндердің дәуірінен кейінгі келетін дәуір ғалымдары

[13] Хажи Халифаның «Кашфу аззунун ан Асмаа әл-кутуб уа әл-фунун» кітабының 1-томы, 414 -бет

[14] Мухаммад Садиқ әл-Ғаммаридің «Әл-интисар литариқ әс-суфия» кітабының 17-18 беттер.

[15] Доктор Ахмад Алуштың «тасаууф мин әл-уажһати әт-тарихия» кітабшасынан

[16] Тасаууф ғылымындағы атақты кітаптар

[17] Ибн Таймияның «Фатауа кубра» кітабының 10-томы, 516-517 беттер.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.