Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ӨЗІНЕ БІЛМЕСТІКТЕН ЖӘНЕ БІЛЕ ТҰРА ҚОЛ ЖҰМСАҒАНДАР ЖАЙЫНДАҒЫ ҚҰРАН АЯТТАРЫ МЕН ХАДИСТЕР

0 1  568

Алла тағала: «Ей иман келтіргендер! Өзара бұзықтықпен малдарыңды жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа. Өздеріңді өлтірмеңдер.  Расында Алла сендерге ерекше мейрімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандықпен, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» (ән-Нисә:29-30) дейді.

Әбу Һурайра Алланың елшісі с.ғ.с.: «Кім әдейі таудан құлап өлетін болса, мәңгілік тұрағы болатын Тозаққа, әрдайым құлап отырады, кім у ішіп өзін өлтіретін болса, мәңгі тұрағы болар Тозақта сол уды ішіп отырады. Кім өзін темірмен өлтірсе мәңгі тұрағы болар Тозақта қолына сол темірді ұстап өзінің қарнына тығып отырады»  – деп айтқанын жеткізеді. (әл-Бухари 5778, Мүслим 175)

Әбу Һурайра тағы бір хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Кім өзін тұншықтырып өлтірсе, Тозақта да өзін буындыруын жалғастырады, өзін бауыздаған адам Тозақта да соны істейді» – деп айтқанын риуаят еткен.

Жоғарыдағы аяттар мен хадистер қандай себептермен болмасын өзіне қол жұмсаудың үзілді-кесілді тыйым салынғанына дәлел болады. Бұл дәлелдерде өзін жаруды «амалия истишһәдия» деп атап, рұқсат етушілерге қарсы жауап болады. Осындай аят, хадистерді оқығаннан кейін қандай иманды адам, оған рұқсат етілгендігі жайлы жүз адам пәтуә берсе де, өзін жарып, өзіне қол жұмсауы мүмкін?!

 Жарылыс жасауды   жиһад деп рұқсат еткендер өздерінің пікірлерінің дұрыстығын дәлелдеу үшін патшаға өзін қалай өлтіруге болатындығы жайында хабардар еткен жас жігіт жайында  айтылған  хадисті келтіреді. (Ол жерде жас жігіт өзіне садақ атып өлген жоқ, кәпірдің қолынан өлді, бұған қоса, адамдар Ислам дінін қабылдады. Шейх Ибн Усәймин былай дейді: «Жас жігіттің оқиғасында адамдарды дінге кіргізу орын алған, жауға қастандық тигізу емес». «Бәбул-мәфтух 20».

 Кейбір сахабалар өлетінін білсе де, жау арасына баса көктеп кіріп кететін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұндай істі сөкпейтін еді. Анығында, олардың еш қайсысы да аман шықпайтынын білсе де, өздеріне қол жұмсамаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына өз басын қауіп-қатер төндіргенге кедергі болмайтын, егер одан Ислам діні мен мұсылмандарға пайда  көріп  тұрған  болса. Ол (с.ғ.с.) тіпті шайқас кезінде болсын өзіне қол жұмсауға тыйым салды. Өз басын қауіп-қатерге тігу  – өзін өлтіруге болатынына дәлел емес.

Тағы бір маңызды мәселе, сахабалар соғыс кезінде жауға шауып өз өмірлеріне  қауіп  төндірді, қартттарға, әйелдерге, балаларға шауып емес.

Ғалымдар «амалия истишһәдия» деп аталатын өзін-өзі өлтіруге тыйым салған. Шейх Ибн  Усәймин кәпірлердің арасында өзін жарған жайында былай деген: «Ақиқатында, менің пікірім, ондайлар өздеріне қол жұмсағандар болып есептеліп, Тозақта азапталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқатында, өзіне қол жұмсап өлген адам, Тозақта азапталады,  және  ол онда мәңгі қалады» – дейді. (әл-Бухари 5778, Мүслим 1109.) Алайда, адам білместігінен, Аллаға жағатын іс істеп жатырмын деп ойлап жасаса, Алла оның қате шешім қабылдап істеген кінәсін кешіреді деген үміттеміз. Бірақ мен бүгінгі таңда жасалып жатқанды құптамаймын, себебі, өзіне қол жұмсаудың бұл түрі жиі орын алуда, сондықтан тура жол адасушылықтан айыру үшін ғалымдардан сұрауы тиіс. Таң қалдыратыны Алла тағала: «Өздеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейрімді» (ән-Нисә:29) деп, тыйым салса да, ол адамдардың өздерін өлтіретіндігі!  Ондайлардың көбісі тек рұқсат етілген немесе тыйым салынған жолмен болсын жауларынан өш алуын қалайды. Сондықтан олар тек өз нәпсісін қанағаттандырғысы келеді». («Кәйфә нуалиджу уақиғана әл-әлиим» 119).))

Бұған қоса, адам тіпті жазықсыз жануарды өлтіргені үшін де жауап береді. Ибн Умардан риуаят етілген хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Егер адам еш хақынсыз тіпті  торғайды немесе одан үлкенін өлтіретін болса, Қиямет күні Алла тағала оны міндетті түрде жауапқа тартады»  – дейді. Сахабалардың: «Иә, Алланың елшісі! Оның хақысы не?» деген сұрағына ол (с.ғ.с.): «Оның басын жұлып лақтырып тастамай,  оны бауыздап жеу» – деп жауап берді. (ән-Нәсәи 7/239, Ахмад 4/389, хадистің сахихтігін ән-Нәсәи, Ибн Хиббән, әл-Хәким, хафиз әл-Мунзири, Ибн Кәсир және шейх әл-Албани мақұлдаған. Және «Сахиху-ттәрғиб» 1/631 қара)

Имам Әбу Бакр ибн әл-Араби былай деген: «Жазықсыз жануарды өлтіру  тыйым  салынғаны анық белгілі. Оны істегенге қауіп бар. Онда адам баласын, мұсылманды, тақуа және салиқалы адамды өлтіру жайында не айтуға болады?!» «Фатхул-бәри» 12/196

Қанат Алшынбаев

«С.Ғылмани» мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.