Тоқа ішінде Алтайдың ұрылары мал әкетіп, бітімге Атығай Арық би мен Тоқа Шоң би шығыпты.
Шоң би ірі денелі адам болса керек те, Арық би күйкі кішкене, ажарсыз адам екен. Шоң сөз бастап:
– Арқаның арық биі сапарыңыз оң болсын, еліңіз жүдеп шыққан екен, – депті.
Сонда Арық би:
– Әлей болсын! Аққу құстың төресі, жеке жүріп оттамас. Аса ердің жақсысы бұралқы сөзді бұлдамас. Мен арық болсам, елімнің жоғын жоқтап жүдеп келген болармын. Өлеңді жерде өгіз семіз, ұрылы жердің биі семіз деген бар, семіз болатын ретіңіз бар ғой, – депті.
Шоң би сөзге келмей, жанындағы адамдарына:
– Мына бидің малын беріңдер, оған қоса жолын да беріңдер, – деп даусыз бітімін айтыпты.
“Иман” журналының 2022 жылғы №6 санынан
sunna.kz