Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құран оқудың әдебі

0 1  975

Алла Тағала Құран жайында:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَىٰ وَالْفُرْقَانِ

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» («Бақара» сүресі, 185-аяты) деп бұл кітаптың адамзат үшін тура жол және ақ пен қараны айыратын басшылық екенін айтады. Ал, басқа да Құран аяттарында бұл кітаптың тақуаларға жол сілтеуші, терең сырлы, шипалы, т.б. екені жайында баяндалады.

Әрі Құран оқу мұсылмандар үшін құлшылықтың маңызды бір түрі. Құранның адам баласының өміріндегі маңыздылығын шындап білген Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисінің бірінде былай дейді:

«Сендердің ең жақсыларың – Құран оқығандарың және оны басқаға үйреткендерің». Яғни, адамның ең үлкен жақсылығы жоғарыдағыдай сипаттағы иләһи кітапты оқып, оның терең сырын, алуан ғылымын, неше түрлі хикметін үйреніп, басқаларға да үйрету деген сөз.

Мүбәрак мәтінді хадис-шарифтердің бірінде Расулулла (с.ғ.с.) Құранның маңызы жайында былай депті: «Адамдардың жүрегінде Құран болмаса, ол тот басқан темірге айналады. Оны кетірудің бір ғана жолы – Құран оқу және өлімді еске алу». Міне, Құранның тағы бір қасиеті, маңызы.

Айта берсек Құранның хикметі біздің бір мақаламызға сыйа қоймас. Ендеше, біздің айтқалы отырғанымыз осындай қасиетке толы кітаптың оқулы үшін де бірқатар әдептің бар екені жайында.

Ғалымдарымыздың айтуынша, Құран оқудың әдептері ішкі және сыртқы әдептер деген екі түрді қамтиды.

Сыртқы әдептеріне мыналар жатады:
– толық дәретте болу (ғұсылы болмаса Құран оқуға да, ұстауға да болмайды);

– Құран оқудан ілгері ауыз тазалау;

– «Аузу билләһи минаш-шайтанир-ражим» және «Бисмилләһир-рахманир-рахим» дұғаларымен бастау;

– жүзімізді құбылаға қаратып, намазда отырғандай отырып, Құранды көкірек тұсына жақын ұстау;

– таза, ұятты жерлер толық жабылатындай киім кию;

–  асықпай, әдемі мақаммен, мәнерлеп оқу;

– тәжуид ережелерін сақтау;

– мағынасына ой жүгіртіп оқу;

– тоқтауға тура келген жағдайда аятты аяғына дейін оқып, сосын тоқтау;

– оқуды аяқтағанда «Садақаллаһул-азим» деп айту

Ал, ішкі әдебінің бастылары мыналар:

 – Ықыласты болу. Яғни, бір Алланың ризашылығы үшін оқу;

– Алланың ұлылығын сезіну;

– құлшылық ниетімен оқу;

– жай кітап емес, Алла Тағаланың сөзі екендігін шын жүрекпен сезініп, санамен түсіну.

Дулат Қадырұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің азаншысы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.