Ғұлама бабамыз әл-Фараби: «Сөз тапқырлық – жақсы адамшылық қасиет және мұның өзі әзілді орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе», – деу арқылы орнымен айтылған әзілдің кісі бойындағы ізгі қасиеттердің біріне жататынын меңзейді. Әзіл өз кезегінде тамаққа қосылған тұз мөлшеріндей болғанда әңгіменің дәмін келтірмек. Артық айтылған жағдайда, тұзы көп тамақ секілді жарамсыз болып қалуы мүмкін. Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.) жолдасының аяқ киімін тығып қойған адамды көреді. Ал ол кісі аяқ киімді іздеп, әбігерге түседі. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кім мұсылманның үрейін ұшырса, қияметте Алла оның үрейін ұшырады», «Мұсылманның мұсылманды қорқытуына тыйым салынған»[1], – деген. Бұдан алар тұжырым исламда орынсыз әзілдеу оның шеңберін біле алмау ашу-ызаның тұтануына итермелеуі мүмкін.
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» демекші, сөз қадірін білу ол нағыз парасаттылық. Әзілдеу барысында адамның түр-келбеті туралы әзілдеуден сақ болу қажет. Өйткені әзілдеудің бұл түрі Алла Тағаланың жаратқанын келеке еткеніңіз болып саналады. Алла Тағала Құран Кәрімде:
لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ
«Адам баласын ең көркем бейнеде жараттық»,[2] – дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бауырыңа күлуші болма, Алла Тағала оған мейірімділік етіп, сені пәлеге ұшыратуы мүмкін»[3], – деген. Әзілге оңтайлы уақыт, орын таңдай білу сүннет. Әзілдің әдебін сақтай білгенде ғана құлшылық жасаған болып саналамыз. Адамдардың кемшілігін емес, керісінше мәртебесін көтеретін сөздерді айтып үйреніңіз. Олай жасау сізді Алланың алдында дәрежеңізді көтереді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) үлкен кісілермен де жылы әзілдескен. Бірде қарт әйел келіп: «Мен де жұмақтағылардың қатарынан болғым келеді, дұға етіңізші» деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Жәннатта қарт кісілер болмайды», – деп әзілдейді. Мұны тура мағынада түсінген әйел жылап кетіп қалады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол кісіге айтыңыздаршы, әйелдер қартайған түрінде емес, Алла оларды уыздай жас күйінде жұмаққа кіргізеді», – деп түсіндіреді[4].
Кей жағдайда адамдар күлдіру үшін жалған айтып жатады. Әрине бұлай сөйлеуге болмайды себебі Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Адамдарды күлдіру үшін өтірік айтқан адамға нендей өкініш. Оған өкініш болсын! Өкініш болсын!»[5], – деген. Адам бұл әдетін қоймаса өзгелердің алдында сайқымазақ, әзілкеш обрызы қалыптасуы мүмкін. Ондай адам қоғамда өзін тұлға ретінде таныта алмайды. Омар (Алла одан разы болсын): «Адамның әзілі көбейсе, оның абыройы түседі», – деген. Сол секілді күлегеш болу адамның ақыреттік жағдайынан бейқам екенінің белгісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
اُذْكُرُوا الْمَوْتَ، أَمَّا وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَوْ تَعْلَمُونَ مَا أَعْلَمُ لَضَحِكْتُمْ قَلِيلًا وَلَبَكَيْتُمْ كَثِيرًا
«Өлімді еске алыңдар жаным құзырында болған Алламен ант етейін, егер сендер мен білген нәрсені білсеңдер аз күліп көп жылар едіңдер»[6], – деді.
Яғни, әзілдің артынан әзіл жалғасып, адамды желіктірсе, шынайы өмірдің мәнін ұмыттырып, қияметте қасіретке ұшырағандардан болуы мүмкін.
Қоғамның өткір мәселелерін көтеріп, соны әзіл түрінде жеткізетін әзіл-сықақ театрлары бар. Бұл өз кезегінде оң нәтиже беріп, халықтың санасын оятатын кездері болып тұрады. Ал егер жеке тұлғаны, белгілі бір ұлтты мазақ ететін болса, әзіл шеңберінен шыққаны.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әзілдері:
عَنْ عائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْها قَالَتْ “خَرَجْتُ مَعَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي بَعْضِ أَسْفارِهِ، وَأَنَا جَارِيَةٌ لَمْ أَحْمِلْ اللَّحْمَ وَلَمْ أَبْدنْ، فَقَالَ لِلنَّاسِ : اقْدِمُوا فَتَقَدَّمُوا، ثُمَّ قَال لِي : تَعَالي حَتّى أُسابِقَكِ فَسَبَقْتُهُ، فَسَكَتَ عَنِّي حَتَّى إِذَا حَمِلْتُ اللَّحْمَ وَبَدُنْتُ خَرَجْتُ مَعَهُ فِي بَعْضِ أَسْفَارِهِ، فَقَالَ لِلنَّاسِ: تَقَدَّمُوا فَتَقَدَّمُوا، ثُمَّ قَالَ لِي : تَعَالِي أُسابِقَكِ فَسَبَقَنِي، فَجَعَلَ يَضْحَكُ وَهُوَ يَقُولُ هَذَا بِتِلْكَ” رَوَاهُ أَحْمد
Айша анамыздан жеткен риуаятта: «Бір күні Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) сапарға шықтым. Мен ол кезде бойыма ет жинамаған арықша келген қыз едім. Ол (с.ғ.с.) адамдарға: «Алға жүре беріңдер», –деді. Адамдар ұзап кеткеннен кейін маған: «Кел жарысайық», – деді. Ол жолы мен одан (с.ғ.с.) озған едім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үндемеді. Біраз уақыттан кейін (ол кезде мен бойыма ет жинаған аздап салмақ қосқан кезім) тағы сапарға шығып, адамдарға: «Алға жүре беріңдер», –деді. Адамдар ұзап кеткеннен кейін маған: «Кел жарысайық», – деді. Бұл жолы ол менен озып кетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) маған қарап: «Бұл өткендегі жеңілгенім үшін», – деп, күлді[7].
Енді бір хадисте:
أَنّ رجلاً اِسْتَحْمَلَ رَسُول اللهِ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَالَ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلّمَ: “إِنّي حامِلُكَ عَلَى وَلَدِ نَاقَةٍ”. فَقَالَ: يا رَسُولَ اللهِ، مَا أَصْنَعُ بِوَلَدِ النّاقّةِ؟ فَقَالَ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلّمَ: “وَهَلْ تِلْدُ الِإبْلُ إِلَّا النُّوقَ
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде түйеге отырғызуын сұраған адамға: «Мен сені түйенің ботасына отырғызайын» деп жауап берген. Әлгі кісі: «Мен түйенің ботасына қалай отырамын?» – деген түсінбестік толы сөзіне: «Түйе – түйеден тумай ма, әр түйе бір түйенің ботасы емес пе?» – деп әзілдескені бар[8] .
Әзілдің шарттары:
Бірінші: Алланың дінін әзілге айналдырмау.
Екінші: Ақиқатпен әзілдеу.
Үшінші: Үрейлендіруден аулақ болу.
Төртінші: Мөлшерден асып кетпеу.
Бесінші: Адамның жағдайынан хабардар болу.
Алтыншы: Әзілге уақыт пен орынды таңдай білу.
Сөзімізді қорытындылай келе, қазіргі кездегі қазақ тойларына тоқталғым келеді. Тойлардағы әзілдің тым арзан болып бара жатқаны алаңдатады. Тойларда анайы байқаулар мен ойындар ұйымдастырылып, асабаның келеке әңгімелері мен ұятсыз әзілдері тойлардың берекесін кетіруде. Тіпті youtube арналарында «Қазақ тойларындағы «приколдар» дегендей жеке арналар да көбейіп барады. Хәкім Абай: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген екен.
Тойларда ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты апалар, санасы енді қалыптасып жатқан балалар көп болмай ма?! Еуропада, Америкада мұндай дәстүрлі емес өнер түрі, өздерін еркектен гөрі әйелге көбірек жатқызатын трансвистеттердің театрлары мен клубтары балалар мен қарапайым халық көрмейтін жабық, алшақ жерлерде болады. Ал біздің үлкен сахналарымыз, әзіл-ысқақ театрларымыз, телеарналарымыз бен тойларымыз әйел боп киініп, «халықты күлкіге қарқ етем» деп күнін көріп жүрген арзанқол артистерге толып барады. Бұл тәрбие емес, арсыздықтың бір көрінісі. Еркектің ел қорғаған батырға, қорғаушыға сай келбетіне қаяу түсіріп, өсіп келе жатқан ұл балалардың психикасына кері әсер ететін жайт.
Бүгінгі қазақ тойларында болып жатқан жайттар заңға да, моральдық-этикалық ұстанымдарға да, адами қасиеттерге де қайшы.
Ең өкініштісі – мұндай анайы видеолардың көбіне-көп ішімдік қойылған тойларда түсірілетіні байқалады. Қазақтың ұлттық діліне қарсы видеоларды көрген азаматтардың көбі сыни пікірлерін айта келе, мұндай арсыздықтардың қазақ тойларында қайталанбасы үшін, біріншіден, дұрыс асаба таңдауды, екіншіден, үйдегі үлкен кісілермен ақылдасуға кеңес береді. Расында да, дәстүрлі айтыскер ақындар мен театр саңлақтары жүргізетін тойларда мұндай арсыздық орын алмайды, ғибратты әңгімелер, нәпсіні қоздырмайтын әуендер, көңілге жылулық сыйлайтын, жастарды жақындастыратын байқаулар мен қариялардың ақ батасы беріліп жатады. Сондықтан той жасағалы жатқан жастар өмірде бір-ақ рет болатын ең бақытты күнге қаяу түспес үшін ғибратты ой айтатын асабаны таңдаумен қатар, «шоу жасаймыз» дейтін ивент-агенттіктерінен бойын аулақ ұстағаны жөн-ау. Себебі той видеолары күні ертең балалар мен немерелерге көрсетуге ұят болмайтындай дәрежеде үлгілі де өнегелі болуы керек[9].
Хамзат Әділбеков
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы
[1] Әбу Дауд хадистер жинағы
[2] «Тин» сүресі, 4-аят
[3] Тирмизи хадистер жинағы
[4] Тирмизи хадистер жинағы.
[5] Тирмизи хадистер жинағы.
[6] Ибн Әби Дүния
[7] Ахмад хадистер жинағы
[8] Әбу Дәуд хадистер жинағы.
[9] http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/kazak-toylaryinyin-kadr-kashtyi-ma-86239/