Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ: Діндарды ділмәр етудің 10 жолы

0 1  667

Мұрат ақыннан қалған мұра

Әдетте біз ділмәрды, яғни шешенді (оратор) тоқтамай сөйлейтін, сөзден сүрінбейтін тұлға деп ойлайды екенбіз. Аузы аузына жұқпай сөйлесе, біз үшін сол адам оратор екен. Асылында солай ма? Жоқ. Олай емес екен. Шешен адам – өзгелерді бар болмысымен, сөзімен әрі ісімен баурап алатын, оларды бір ойдың төңірегінде қанағаттандыра білетін қабілетке ие тұлға. Цициронның: «Жақсы шешен болғың келсе, алдымен жақсы адам бол», – дейтіні сондықтан. Цицирон негізін қалап кеткен шешендік сөздің 5 түрі бар:
1. Әлеуметтік-саяси шешендік;
2. Академиялық шешендік;
3. Әлеуметтік-тұрмыстық шешендік;
4. Сот ісінде қолданылатын шешендік;
5. Діни шешендік.
Біздің де сөз еткелі отырған мәселе – діни шешендік. Цициронның «Діни шешендік» деп ат қойып, айдар тағуы тегін емес-ау. Жә, Цициронды тым асыра «ұлықтап» кеттік қой. Асылында бұл кешегі пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.), ар мен намысты ту еткен текті аталарамыз – Жиренше, Бөлтірік шешендерден, Сырым Датұлы батыр бабамыздан, Шалкиіз, Бұхар жырау, Дулат, Мұраттан қалған мұра, берісі Абай, Шәкәрім, Ахмет сынды ақын-жыраулардан жеткен өнер ғой. Ендеше, діндарға да шешен болу қажет екенін түсіндіріп отырудың өзі артық деп білеміз. Себебі, діндардың жамағаты – халық. Халық пен бізді байланыстыратын құрал – сөз, ізгі іс, қайырлы амал, жақсы мәміле, сыпайы қарым-қатынас.
Діндардың дикциясы дұрыс па?
Бұл тақырып төңірегінде мәселе көтеруге бір оқиға түрткі болып еді. Өткен жолы есімі елге белгілі, бір жазушы ағамыз: «Бір имам керек еді. Қайтыс болған әжеміздің жылдық асын беріп жатырмыз…» деп, өтініш айтты. Мүйізі қарағайдай қаламгер, қоғам қайраткері хабарласып тұрған соң әп-сәтте Орталық мешіттің имамы Нұрбекке телефон шалдық. Ол бір имамды бекітіп берді. Әлгі жазушы ағамызға хабарласып, өтінішінің орындалғанын жеткіздік. Айтқанымыз сол еді, ол бізге: «Әй, бауырым, таңдаған имамың қалай өзі? Дикциясы (мақамы, сөйлеу мәнері) дұрыс па? Жұрттан ұят боп қалмасын», – демесі бар ма. Не дерімді де білмеймін. «А-а-а-а, жақсы ол, ол жақсы», – дей беріппін сасқанымнан. Өйткені, шақырушылар тарапынан мұндай талап бұрын-соңды қойыла бермейтін. Ойланып қалдық. «Расында да имамдарымыздың дикциясы дұрыс па екен?» – деген сұраққа құлай бердік. Біреу келісер, біреу келіспес, біз шешендік өнер діндарларға да аса қажет деген тоқтамға келдік. Өйткені, сұраныс солай. Халықтың талабы бұл. Бәскеге қабілетті имам деген түсінік пен терминді жиі естиміз, жиі көреміз. Сонымен, аз-кем ізденгеніміз, көрген-естігеніміз бар, тақырыпқа сай жиған-тергенімізді өздеріңізбен бөлісуге бекідік. Кейбіреулер кәдесіне жаратар бәлкім. Сонымен, діндар қайтіп ділмәр болмақ? Өзгелерді өзіне қайтіп қарата алмақ?
«Ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең…»
1. Шешен болу үшін ең алдымен сөйлеп емес, ойлап үйрену керек. Ойлану – ұлы істердің баспалдағы. Адам ойында бар асыл дүниесін сөйлеу арқылы жеткізбек. Ойы жоқтың – сөз жоқ деуге мәжбүрміз. Сөзімізді халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің нақылымен түйіндесек: «Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең,Ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең.Ой – уайымнан туады. Мақсатымыз бен жоспарымызды ұдайы уайымдасақ, онда ілгерілеу, қозғалыс байқалады.   
2. Сөзді, уағызды яки баяндаманы жылы жүзбен, жылы шыраймен бастау. Сізді танымайтын ортаның алдына шыққан кездегі алғашқы секундтар аса маңызды екенін қаперде ұстаңыз. Кейбір ғалымдар ділмәр алғашқы 7 секундта қалай көрінсе, жұрттың ойында ұдайы солай қалуы мүмкін екенін айтады. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесің мұсылман дінінен шығады», – дейді халық даналығы. Жылы сөз жүрек елжіретеді.   
3. Елдің назарын өзімізге аудару үшін ең әуелі сөзімізді олар қолдайтын құндылықтардан немесе мәселеден бастағанымыз абзал. Мысалы: «Құранымыз бір, пайғамбарымыз бір, онда неге бөлінеміз?» – дегендей, ортақ сөздер арқылы ортақ мақсатқа үндеу, т.б.Әсіресе, тұлғаларамыздың сөзінен мысал келтіру. Абайдың, би-шешендеріміздің сөзіне құлақ аспайтын қазақ жоқ шығар, сірә.
4. Тыңдарманмен қарым-қатынасты бұзып алмау үшін «сіздер» деп емес, «біз» деп бірінші жақпен сөйлегеніміз жөн. Өйткені, мәселе бәрімізге қатысты. Мысалы, өзімізді кейде күнәдан пәк сезініп: «Сіздер жиі күнә жасап қоясыздар, сіздер түзеліңіздер, Алладан кешірім сұраңыздар», – деген сөздерді жиі айтамыз. Бұл кейбіреулердің келіспеушілігін тудырып: «Алдымен өзін түзеп алмай ма?» – деген сөздің суырылып шуғуына өзге емес, өзіміз себепші болып қаламыз. Осылайша, өз сөзіміздің тұтқынына айналамыз.
«Енді жұмадан қалмаймын»
5. Сөйлейтін сөзімізге тыңғылықты дайындық қажет. Сөзімізді мол мәліметпен, мақал-мәтелмен, өлең-жырмен, қызықты оқиғамен, діни қиссалармен тұздықтап отыруымыз аса маңызды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Вудро Вильсон: «10 минуттық әңгімеге дайындық үшін маған бір апта керек, 15 минут сөлеу үшін – үш күн, жарты сағаттық сөзге – екі күн, ал бір сағат сөз сөйле десе, қазір-ақ айтып беремін», – депті. Әзіл болса да – зіл. Біз бұдан «аз сөз – алтын, көп сөз – көмір» екенін ұғамыз. 
6. Білімді дамыту, қабілетті арттыру, өз-өзін жетілдіру. Газет-журнал, кітап оқу, интернетті пайдалану, т.б. Мешіттің бір имамы уағызында әйгілі физик Максвеллдің мысалын келтіріпті. Сонда жұма намазға барған физика саласының ғалымы: «Имам Максвеллді айтты. Бұдан былай жұмадан қалмаймын», – деген екен. Алматыда болған тағы бір оқиға: имам жұма уағызында ажырасқан адамдардың санын нақты дәлел-дәйектермен тұздықтаса керек. Жұмаға қатысқан «Хабар» арнасының журналисі: «Мына имам мықты екен. Біз біле бермейтін мәліметтерді келтірді. Күшті әсер алдым», – деп, жүрген жерде имамдар туралы пікірімен бөліседі екен.
Мүфтидің мотивациясы
Гректің маңдайалды шешендерінің бірі Демосфен ел алдында алғаш сөйлегенде жұрттың бәрі әжуалап күліпті. Күліп қана қоймай, ақайлап наразылық білдірген жағдайлар орын алған. Өйткені, оның тілінің мүкістігі болған. Міңгірлеп сөйлейтін түсініксіз сөзін жою үшін аузына қиыршық тастарды толтырып алып, ақындардың өлеңдерінен үзінділер оқыпты. Өзін-өзі ұзақ фразаларды демалмастан айтуға бейімдеген.  
7. Бар мәселені оңай шешілетіндей етіп сөйлегеніміз дұрыс. Тыңдаушыға рухани көмек беріп, болашаққа деген құлшынысын арттыруымыз қажет. Бұл ретте Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының айтатын жақсы мысалы бар. «Ағым деген ағын су секілді. Бір күні ағады да кетеді. Ең бастысы біз үшін бауырмалдық қатынас қымбат. Ол да қазақтың бір перзенті ғой. Бүгін адасса, ертең алтын қазығына қайта айналып келеді. Олар да ет пен сүйектен жаратылған. Жүрегі жібіп, ортамызға оралатынына сенемін», – дейді мүфти әркез уағыздарында. «Жастарымыз діннен безіп, дәстүрге қарсы шығып жатыр. Бұл не деген сұмдық?» – деп азды-көпті ашу шығарып жүргендер үшін бұл басу, байыпты пікір, үкілі үміт. Түрлі мотивацияларды пайдалану дегеніміз осы. 
8. Өзгелерді білімсіз, парасатсыз санамау. Расында да, аудитория арасында өмірлік тәжірибесі мол, көпті көрген, ілімі толысқан білімпаздар отыруы ғажап емес. Тыңдарманды білімсіз санау – адам өресінің төмендігін айғақтайтын сипат.
«Тізесі шыққан тіркес»
9. Өзіне әрі сөзіне сенімді болу. Өзіне сенімсіз адамды көрермен бірден айырады. «Жаңағы», «яғни», «не ғой», «мысалы», «сосын», «мммм», «нетіп» деген сөздерден арылған абзал. Мұны кейбір тілшілер қалжыңға басып: «Тізесі шыққан тіркес», – дейді. Енді күлуге рұқсат. Маңыз берер тағы бір жайт: рет пен жүйе. Кейде тақырыптан ауытқып, «мен не деймін, домбырам не дейді»-нің кебін киеміз. Негізгі мәселені сөз етуге келгенде уақыт шіркін өз мәресіне жетіп, өзіміз де біртүрлі, тыңдарман да біртүрлі екіұдай сезімде қаламыз. Әрбір сөз футболдағы әр ойыншының рөлін атқаруы ләзім. 11 ойыншының мақсаты қарсыластың қақпасына гол соғу болса, біздің әрбір сөзіміз тыңдарманды игі амалға жетелеп яки жақсы ойлауға әсер ету.          
10. Сөз ырғағына мән беру. Сандарды, мәліметтерді айтқанда, ақырын әрі анық жеткізген жөн. Маңызды сөздерге басымдық беру қажет. Бұл – астын сызып айту деген сөз. Жағдайға, болған оқиғаға (қуаныш немесе көңілсіз жағдай болсын) орай дауыс ырғағын құбылту, көтеру яки бәсеңдету адам жанын тебірендірмей қоймайды. Көңілді оқиғаны көңілсіз дауыспен жеткізу дұрыс емес немесе керісінше…
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
Әуелде сөз еткен оқиғаға қайта қайырылсақ. Әлгі жазушы ағамыз әжесінің жылдық асын өткізіп болғаннан кейін телефон шалып, алғысын білдірді. «Имамның дикциясы дұрыс екен. Бізге ұнады. Өз орнын біліп, сөз саптады. Сөзі дұрыс екен. Рахмет, айналайын!» – деді. Ішіміз жылып қалды. Тек «барлық имам осылай болса ғой, шіркін» деген ой мазалады бізді. Алла нәсіп етсе, оған да жетеміз. Ежелгі Рим шешені Квинтилиан: «Шешенге деген сенім туғызатын үш нәрсе бар: парасат, ізгілік, сыйластық», – депті. Біздің де айтпағымыз осы еді.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ баспасөз хатшысы 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.