Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әл-Азһар туралы не білеміз?

0 1  614

Әл-Азһар  – Мысыр елінде Фатими халифалары тұрғызған ең алғашқы сәулетті туынды. Фатими мемлекетінің астанасы Каирде бой көтерген ең әуелгі мешіт. Рухани орталықтың құрылыс жұмыстары 359һ. 24-жумадул-әууал/ 970 жылы 4-сәуірде басталған. Құрылысы біткен соң 361һ.7-рамазан/ 971жылы 22-маусымда мешіт есіктері құлшылық үшін ашылды.

Мешіт – әл-Азһар емес, Каир мешіті деп аталды. Фатими мемлекеті билік тұсында осы атаумен танылған. Соңыра, мешіт бүгінде әлемге танымал әл-Азһар деген атауға өзгертілді. Әл-Азһар мешіті жер бетіндегі ең көне Ислам мешіттерінің бірегейі болып табылады.

Мысыр астанасында бой көтерген сәулет туындысына әл-Азһар атауы берілуінің бірнеше себептері бар. Тарихшылар тізбектеген атаулардың ең дұрысы, «мемлекетті құрушы әулетке тиесілі» деп көрсеткені. Фатими мемлекетін құрушылар өз шежіресін Пайғамбардың (с.ғ.с.) кенже қызы Фатимаға (р.а.) негіздейді. Ал, Фатима анамыздың тағы бір есімі – Фатима Заһра. Заһра – гүл. Міне, осы есімнен әл-Азһар сөзі туындайды.

Әл-Азһар мешіті

Әл-Азһар мешітінің көлемі бастапқыда үш діңмаңдайшадан (жабық галереядан) тұрды. Ең үлкені құбыла тарапында орналасқан жабық галерея. Ал, екі діңмаңдайша қос қапталдан тұрғызылды. Ғимараттың әуелгі аумағы бүгінгі мешіттің тең жартысындай болды. Көп өтпей-ақ, мешіттің кеңейту жұмыстары жүргізу барысында бірқатар жаңа жабық галереялар, дәрісханалар мен азанханалар қосылды. Жабық галереялардың басым бөлігінде жеке михрабтары болды. Осылайша, мешіттің бастапқы құрылысы түбегейлі өзгеріске ұшырады. Әл-Азһар мешіті рухани және ағартушылық орда болумен қатар, Фатими мемлекеті дәуірінің ең көрнекті Ислами өнер туындысына айналды.

Аюбилер заманында мешітке жіті көңіл бөлінбеді. Мамлүктер дәуірінде мешіт қайта қолға алынып, әмірші Иззуд-дин Айтұмар ғимаратты толықтай қайта қалпына келтірді. Тұрғындар меншіктеп алған мешітке тиесілі ғимараттарды қайта алды. Жиналған қайырымдылық қаржыға мешітті жоғары дәрежеде жөндеп, сән-салтанатты түрде намаз оқушыларға қақпаларын айқара ашты. Осылайша, 665һ. 18-рабиул-әууалда/1266 жылы 19-қарашада жұма намазы оқылып, мешіт күретамырына қан жүгіре бастады.

709һ./1309 жылы Насыр Мұхаммед Қалаун билігі тұсында әмірші Алауд-дин Тайбарыс «Тайбарыс медресесін» тұрғызды. Мектеп әл-Азһар мешіті қарамағында болып, онда білім дәрістері жүргізілді. Әмірші мектепке ерекше қамқорлық жасап, сәулетін жоғары деңгейге жеткізді.

30 жыл өткен соң әмірші Алауд-дин Ақбұға 740һ./1340 жылы «Ақбұға медресесін» салдырды. Ақбұға – сұлтан Насыр Мұхаммед бин Қалаунның әмірлерінің бірі еді. Қомақты қаржы жұмсалып салынған медресе ислам сәулет өнерінің айрықша туындысына айналды.

Мәмлүктер заманының бірегейі дара басшысы Қайтбай Махмұди сұлтан 873һ./1468 жылы әл-Азһардың солтүстік-шығыс беткейіндегі қақпаны бұзып, қазіргі таңдағы қақпаны салды. Жанынан Каир шаһарында теңдесі жоқ азанхана тұрғызды.

Бұдан соң, мешіттің ең үлкен құрылыс жұмысы 1167һ./1753 жылы жүргізілді. Ал, 1992 жылы жер сілкінісінен кейін мешітте қайта жөндеу және реконструкция жұмыстары жүргізілді.

Әл-Азһар университеті

Әл-Азһар мешіті ашылған күннен білім ордасына айналды. 365һ. сафар айы/975 жылы алғашқы ғылыми дәріс өтті. Қази-қузат (қазилардың басшысы) Әбу Хасан Әли бин Нұғман дүйім жұртқа әкесінің мұхтасарын оқып берді. Бұл әл-Азһар мешітіндегі алғашқы ғылыми алқа еді. Мұнан соң, Фатимиттер уәзірі Яқуб бин Калис бір топ фиқһ ғалымдарын дәріс беруге бекітті. Оларға жалақы тағайындап, мешіт маңайынан баспанамен қамтамасыз етті. Осы кезден бастап әл-Азһар мешіті алғаш рет жүйелі түрде білім беру ошағына айналды.

Аюбилер кезеңінде оқу жүйесі өзгерді. Әһли-сүннет мектебіне сай фиқһ және хадис ілімдері кеңінен оқытыла бастады. Білім беруші шейхтар және ілімге құштар студенттер жан-жақтан ағылып жатты. Алайда, бұл толқын көп ұзамай бәсеңдеп қалды. Ал мәмлүктер билігі келумен қатар білім беру қайта қарқын алды. Мәмлүк сұлтаны Заһир Бибарыс заманынан бастап әл-Азһарға айрықша ден қойылды. Ал, Осман сұлтандығы салтанат құрған ғасырларда (923-1213һ./1517-1789 жылдары) әл-Азһар халифалардың назарындағы орталықтарының бірі еді. Орталықтың құрылысымен қатар дәріс оқитын ғалымдарға да айрықша көңіл бөлінді. Әл-Азһар оқу ордасына шариғат және тіл ғылымдарымен бірге астраномия, математика, алгебра және инженерия ғылымдары да оқытылды.

Әл-Азһардың білім беру жүйесі

Бастапқыда оқу орнына түсушілерге оқу-жазуды білуі, есеп-қисаптың негізін меңгеруі және Құран жаттауы талап етілген. Бірақ, студентке жас ерекшелігіне қатысты шектеу қойылмады. Шәкірт ғалымдардың алқасына (курс) қатысып жүріп, қай ұстаздың алқасына баратынын өзі таңдайтын. Оқу бағдарламасы бойынша шариғи пәндерден фиқһ, хадис, әдеп, таухид, мантық және кәләм ғылымы оқытылатын.

Әл-Азһар шейхы

Мұндай мансап Осман халифалығы кезінде пайда болды. Осыған дейін, ғұламалар ішінен ең үлкенін сайлау немесе тағайындаудың ресми жүйесі қалыптаспаған еді. Бұған аса мән берілмеді. Ең бастысы білім беру және ғылымды дамыту болды. Әл-Азһарда университет пен мешіттің қаржылық, әкімшілік мәселесіне жауапты бақылаушы болды. Алайда, бұл қызметкердің университет пен мешіттің ғылыми мәселесімен ешбір қатысы жоқ тұлға еді. Аталмыш қызметкер Мәмлүктер дәуірінде бекітілген. Оның негізгі міндеті университеттің оқытушы құрамы мен қызметкерлерін басқару және қаржылық мәселені шешу еді.

Тарихшылардың айтуынша, әл-Азһар шейхы мансабына тағайындалған ең бірінші ғалым Мұхаммед бин Абдулла  Хураши Мәлики (1101һ.-1690ж. қайтыс болған) еді.

Әл-Азһардың дамуы

1288һ.-1872жылы Худауи Исмаил кезінде студенттерге біліктілік беру жүйесі жайлы заң қабылданды. Бұл жоғары оқу орны дипломын алу үшін студент он бір пәннен емтихан тапсыруы қажет еді. Ол фиқһ, усул, хадис, тәпсір, таухид, синтаксис (наху), морфология (сарф), шешендік өнер (мағани, баян, бадиъ) және логика (мантық).

Емтихан тапсырушы студент ұстаздың орнына тұрып емтихан алушы шейхтарға сабақ өтеді. Сабақ барысында шейхтар шариғаттың түрлі саласы бойынша сұрақ қояды. Емтихан сағаттап жалғасуы мүмкін. Емтиханды тек намаз оқу үшін немесе түскі ас үшін ғана тоқтататын. Шейхтар алқасы студенттің біліміне үш түрлі деңгеймен баға беретін. Жоғары деңгей алған студент барлық пән немесе көбінен дәріс беруге ижаза (ғылыми рұқсат) беріледі. Екінші деңгейлі студент орташа кітаптар бойынша ұстаздық етуіне рұқсат. Үшінші деңгейлі көрсеткішпен шыққан студент кішкентай кітаптардан дәріс беруіне құқылы. Ал, емтиханнан құлаған студент қайта білім алады. Сонымен бірге, екінші және үшінші деңгей көрсеткен студенттер де қайта білімін шыңдауға мүмкіндік беріледі. Бұл ғылым ордасының қарыштап дамуына жасалған алғашқы заң еді.

Келесі үлкен қадам 1314һ.-1896 жылы шығарылған заңмен байланысты. Бұл оқуға қабылданушы студенттің жас ерекшелігіне қатысты еді. Әл-Азһарға түсуші студент 15 жастан төмен болмауы талап етіледі. Сонымен қатар, оқу-жазуды толықтай білетін, Құран жаттаған болуы тиіс.

Сондай-ақ, оқу бағдарламасына бірқатар пәндер енгізілді. Олар: ахлақ, хадис терминологиясы, математика, алгебра, аруд (метрика – өлең өлшемін зерттейтін ғылым), ислам тарихы, шығармашылық, геометрия, география. Осы заң аясында әл-Азһардың диплом түрлері пайда болды. Әл-Азһарда сегіз жыл оқыған студентке «әһлия» дипломы берілді. Бұл біліктілікті алған маман мешіт имамы және уағызшы боп қызмет ете алады. Ал, он екі жыл тәлім алған студентке «алия» дипломы берілді. Бұл дәреже біліктілік иесіне әл-Азһарда ұстаз болуына мүмкіндік берді.

Ғұламалар ұйымы

1239һ.-1911жылы Салим Бишри шейх тарапынан «Үлкен ғұламалар ұйымы» заңы бекітілді. Ұйым ең беделді отыз ғалымнан құралды. әл-Азһар қарамағынан аталмыш ұйымға мүше ғалымдарға мынадай талап қойылды:

1.Ғалымның жасы қырық бестен кем болмауы;

2.Ұстаздық өтілі әл-Азһар немесе басқа ЖОО-да он жылдан кем болмауы. Соның ішінде төрт жыл жоғары бөлімде дәріс оқыған болуы;

3.Тақуалық және діндарлықпен белгілі болуы;

4.Атақ-абыройына сын болатындай өмірінде мін болмауы.

Аталмыш ұйым атауы шейх Марағи кезінде: «Үлкен ғұламалар қауымдастығы» боп өзгерді.

Әл-Азһар университетінің пайда болуы

1349һ.-1930 жылы жоғарыдағы заңдар барысында әл-Азһарда (мешітте) оқу жылы он бес жылға дейін ұзартылды. Бұл өз кезегінде үш кезеңнен тұрды. Әр кезеңнің өзіне тән жүйесі мен оқу бағдарламасы болды. Бастауыш оқуы – төрт жыл, орта оқуы – бес жыл еді. Негізгі үш факультет құрылды, олар: усул-дин (дін негіздері), шариғат және араб тілі.

Ал, 1381һ.11-мухаррам айында/1961 жылы 5-шілдеде шығарылған заң аясында әл-Азһар университетінің факультеттер саны артық үлкен оқу ғалым ордасына айналды. Бастапқыдағы үш факультетке: Қарым-қатынас және әкімшілік факультеті, Инженерия факультеті, Медицина факультеті, Егін шаруашылығы факультеті қосылды. Бұған қоса, университеті жанынан әйелдерге арналған бөлім ашылды. Бұл медицина, сауда-саттық, Ислам ғылымдары және Араб тілі ғылымдары, әлеуметтану және психология факультеттері бар өздігінше дербес университет болды.

Сонымен қатар, әл-Азһар шейхы басқаратын Жоғарғы кеңес құрылды. Кеңестің міндетіне әл-Азһар университетінің жалпы жоспары мен саясатын бекіту кірді. Жоғарғы кеңес Ғұламалар ұйымы орнына Ислами зерттеу ұйымын құрды. Ұйым құрамына барлық мазһаб өкілдерінен құралған елу ғалым кірді. Бір ерекшелігі елу ғалымның жиырмаға жуығы мысырлық емес ғалымдар.

Міне, қазіргі таңда аталмыш оқу ордасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тығыз ғылыми байланыс орнатқан. Әл-Азһар ғалымдарын әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы ұстаздық етуде шақырады. Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университеті осының бір айғағы. 

Руслан ҚАМБАРОВ,

исламтанушы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.