Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақстандық ғалымдар Альцгеймер мен Паркинсонға қарсы дәрі әзірлеп жатыр

0 1  260

Қазақстандық ғалымдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасап жатыр, деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Еуродақ грантын жеңіп алды. Олар Португалия, Нидерланд, Дания, Ресей, Беларусь және Украина ғалымдарымен бірлесіп, дәрі әзірлеушілер тобына кірді.

Дәрілік препаратты дайындау үшін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өсетін түйе тікенегі пайдаланылады.

Отандық зерттеушілер өсімдіктен атеросклероздың (жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруы) бастапқы формасын емдеуде тиімді биологиялық белсенді заттарды алды.

“Өзіміз ашқан жаңалықты Португалияда таныстырдық. Олар қызығушылық танытып, ынтымақтастық ұсынды. Жобаны орындау кезінде флавоноидтардың суда еритін формаларын аламыз. Оларды көміртекті наноматериалдар арқылы модификациялаймыз. Шетелдік ғалымдар жедел тест өткізіп, біз анықтаған наноматериалдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларының дамуына кедергі келтіретінін растады. Науқасты аурудың алғашқы кезеңінде емдеуге көмектеседі”, – дейді Қорқыт Ата университетінің зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов.

Сонымен қатар түйе тікенегінен алынған модификацияланған биологиялық белсенді заттардың жанама әсері жоқ және адам денсаулығы үшін қауіпсіз, дейді ол.

Қызылордалық ғалымдар шетелдік әріптестерімен бірге байқауға қатысу үшін өтініш беріп, Horizon-2020 бағдарламасы бойынша Еуродақтың грантын жеңіп алды. Енді ғылыми топ клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.

Министрлік ақпаратына сәйкес, соңғы үш жылда қызылордалық ғалымдар 60 бірегей ғылыми әзірлемені патенттеді. 10-нан астам инновациялық жобаны коммерцияландыру жоспарда бар.

sputnik.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.