Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мәйітті арулап аттандыру

0 5  544

Ислам дінінде жаназаның жуылуынан бастап, жерленуіне дейінгі істелетін амалдар (тәжһиз), дайындық жасау дегенді білдіреді. Дүниеден өткен марқұм ең қысқа мерзімде жуылып, кебінделіп және жаназасы оқылып жер қойнына жерленуі керек. Бұл мәселе күллі фиқһ кітаптарындағы жаназа бөлімінің негізгі тақырыбы болып табылады. Мәйітті жуу – оны ғұсылдандыру дегенді білдіреді. Дүниеден озған кісіге қатысты жасалатын алғашқы іс те – осы ғұсылдандыру. Яки марқұмның артындағы жақындарына мәйітті жуу – парыз кифая амалы.

Мәйітті жуындыруға бірнеше кісі кірсе, қалған кісілердің мойнынан жауапкершілік жүгі түседі. Бұл жердегі маңызды мәселе – мәйіттің жуылуы, әрі мұсылмандардың мойнындағы міндеттің түсірілуі. Мәйітті бір мәрте жуу – парыз, бірнеше қайталап жуу – сауапты іс. Фиқһ ғалымдарының барлығы мәйітті жуудың міндеттілігіне бір ауыздан келіскен. Мәйітті жуудың тарихы Адам атадан бастау алады. Риуаят бойынша Адам ата қайтыс болған кезде оның денесін періштелер жуған. Сосын олар оның ұлына: «Міне, осы сендердің өлілерің үшін жасалатын сүннет іс», деген. Мұндағы сүннет сөзі уәжіпті білдіреді. Сол Адам атадан бастап қазірге дейін адамзат мәйітті жууды бір-бірінен үйреніп келеді. Бұл істі тәрк еткен адам ежелден келе жатқан жолды тастап, кінәлі болады (Алауддин әл-Касанидің «Бәдәи ас-санаиғ» кітабынан). Қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүріне үңілсек, кісі қайтса қаралы хабар тез тарап, естіген дүйім жұрт көңіл айтуға жақындары мәйіт алдындағы міндеттерді атқаруға асығатын болған. Қазалы үйге құрмет жасалып, қаралы ауылда ойын-сауық той-думан өткізілмейді.

Қазақтың аса көрнекті ағартушысы Ы.Алтынсарин «Өлген адамды қазақтар əдетте үш-төрт сағаттан артық, ал көп дегенде жарты тəуліктен артық сақтамайды» дейді. Ақ жауып арулап қою – қайтыс болған адамның мәйітін жуып, тазалап ақ кебінге орап жерлеу. Ақ жауып арулау дегендегі арулау «тазарту» деген ұғымды аңғартады. Арулау сөзі түп қазақ тілінде «таза» деген мағынаны білдіретін ару атауымен түбірлес. Өлікті ақ түсті матамен орап ақпен жабу рәсімінің көпмәнділік (полисемантикалық) сипаты бар. Этномәдени ұғымның санасында ақ түс тазалықтың, пәктіктің нышаны, адам мәңгілікке «ақ», «таза» болып аттануға тиіс. Сонымен қатар, өлікке ақ жабу «анықтың» ғайып болуы, «бардың» жоққа айналуы дегенге меңзейді. Шәкәрім қажы: «Адам жоқтан пайда болады да, ақырында жоққа айналады. Адам өмірі екі жоқтың арасы», деген екен. Шариғатымызда шәһид адам жуылмай жерленеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ұхұд соғысында қаза болған шәһидтер хақында: «Оларды денелеріндегі қандарымен бірге (жумай) жерлеңдер, Әр жара, әр қан қиямет күні атырапқа әтір иісін жаяды», – деп айтқан. Осылайша Ұхұд соғысында қаза тапқандарды жумады, жаназа намазын оқыған жоқ. Дәстүрге келсек, өлім хабарын естіп, ет-бауыр туыстар, жаназаға шақырылған  адамдардың бас-аяғы түгенделе салысымен «сүйекке түсу» мəселесі сөз болады. Бұрын сүйекке əр рудың өкілдерінен бір-бір адам кіретін, ал, қайтыс болған адам сүйегіне кімді кіргізу туралы алдын ала айтып кетсе, оның тілегі міндетті түрде орындалды. Адамдар сүйекші болып хабарланғаннан кейін бəрі бірден өліктің жанына жиналады. Өлікті кейде сүйекшілер емес, туысқандарының ішінен ниет білдіргендер жуады. Сүйекті қалыптасқан дəстүр бойынша 5 адам жуындырады. Біреуі су құйып тұрса, екіншісі молданың көрсетуімен дене бөліктерін жуады, ал қалғандары денені ұстап, аударып тұруға көмектеседі. Əйелді тек əйелдер жуындырады. Шариғат бойынша, мәйіттің әуреті (кіндік пен тізенің арасы) жуындыратын кезде және жуындырып жатқанда жабық болуы тиіс. Тіпті, мәйіттің әурет жеріне жалаң қол тигізу немесе оған қарау – харам. Себебі мәйіт әуретіне қарау тірі адам әуретіне қараумен бірдей. Сол сияқты әйел кісінің әйелді жууы кезінде әуретіне қарауы да – харам болып табылады.

Қазақ халқының дәстүріне сүйенсек, марқұмға құрмет ежелден-ақ ерекше болған. «Арым – жанымның садақасы» деп білген бабаларымыз ұят ұғымына терең мән беріп, шариғат қойған талаптарды қатаң сақтаған. Мәйіттің әуретіне қарамауға, арнайы матамен жауып, жуындыру барысындағы әдептеріне дейін ерекше көңіл бөлген. Әсіресе, «Абыройын жапқыш» деп марқұмның әурет жеріне бір шаршы ақ кездеме жауып қоятын болған. Шариғат бойынша мәйітті жуатын кісі қолына шүберек орап алып, мәйіттің әурет жерін жуып тазалайды.Демек қолды шүберекпен орау – уәжіп. Ханафи мәзһабында дүниеден өткен әйелді күйеуінің жууына болмайды. Егер күйеуі қайтыс болса, онда әйелі жуа алады. Қазақы салт-дәстүріміз шариғат негізінен еш алыстамаған. Жаназа рәсіміндегі талап негізі секілді, дәстүрімізде де ерді ер адамдар, әйел кісіні әйел адамдар жуады. Мәйіттің аузы мен мұрнына су құю мүмкін болмағандықтан бас бармақ пен сұқ саусақты шүберекпен орап, оны сулап, мәйіттің аузына, қызыл иегіне және мұрнына мәсіх тарту (қолды сулап сүрту, сипау) – мұстахаб. Бұл аузы мен мұрнын шаю орнына жүреді. Бабаларымыз жақсы амалға, сауапты істерге шынайы ықыласпен ден қойған. Мәйітті жуындыру, дәретін алғызу сауабы мол амал. Осыны ескерген сүйекшілер мәйітке кірерден алдын жақсылап, түгелдеп дәрет алады. Жөн білетін, шариғат талабын меңгерген кісінің жөн сілтеуіне аса құлақ түрген.

Мәйіт үш рет басынан аяғына дейін жуылуы керек. Жуындыратын суға иіссу (алкогольсіз) немесе соған ұқсас иіс май араластырып жуу – мұстахаб. Ақырғы рет иіс сабынмен жуу да – мұстахаб. Мәйітті барлық уақытта жылы сумен жуған абзал. Мәйітті жууға лайықты кісі – ең жақын туысы. Мәйітті жуатын адам әдепті де тақуа болуы – мұстахаб. «Әл-Аламгирия пәтуасында» да осылай делінген. Мәйітті жуу кезінде мәйіттің кемшілігін (иістенгені, немесе басқа да кемшіліктерін) айтпау қажет. Бұған қатысты ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім мәйітті жуындырса, оған қатысты аманатты атқарса, одан көрген нәрсесін жасырса, күнәларынан анасынан туған күндегідей тазарып шығады» (Ибн Мәжә риуаяты). Мәйітті жуындыруға түсетін адамның жүніп не етеккір күйде болуы – мәкруһ. Мәйітті жуып болғаннан кейін, кебіндемей тұрып, мәйіт денесін құрғатып сүрту қажет. Ислам шариғатында мәйіттің сақалы, шашы таралмайды. Сондай-ақ мәйіттің шашы, тырнағы алынбайды, сақал-мұрты қысқартылмайды, қолтығы мен әурет жерлеріндегі түктерін тазалауға болмайды. Мәйіт қайтыс болғанда, қандай күйде болса, сол күйінше жуып, жерленеді. Мәйіт биіктеу орынға жатқызылады. Жуу кезінде жуатын және оларға көмектесетін кісілерден басқа ол жерде өзге адамдар болмауы – сүннет. Жуатын кісі қолын шүберекпен орап немесе медициналық қолғап киіп, сумен мәйіт әуретінің алды-артын жуып истинжа (үлкен және кіші дәрет секілді ластықтардан тазарту) жасайды. Қазақ салтында кейбір көкірегі ояу, көзі ашық,білімді адамдар дүние салар алдында өз сүйегін ұстату (жудыру) және оларға не беріп, не қою ісіне дейін айтып орналастырып кетеді. Тіпті, кейбір дос-жаранқұрдас адамдар «бұрын өлгеніміздің сүйегін артта қалғанымыз арулап,өз қолымызбен жерлеп,қалған бала-шаға мен мал-мүлікке бас-көз боламыз» деп серттесіп қояды. Егер, жоғарыдағыдай өсиет пен уәде-серт болмаса, қалыптасқан дағды марқұмды арулауға 5-7 адам түседі. Оған әулеттен және ру ішіндегі ата балалары мен құда-жекжаттар қатыстырылады. Біреуі су құйып тұрса, екіншісі молданың көрсетуімен дене бөліктерін жуады, ал қалғандары денені ұстап, аударып тұруға көмектеседі. Əйелді тек əйелдер жуындырады. Өлікті қолмен жумайды, таза қолғап киіп жуындырады.

Мәйітті кебіндеу – мұсылмандар үшін парыз кифая. («Әл-Аламгирия», «Фатхул-Қадир»). Кебін мәйіт денесін түгел жауып тұруы керек. Мәйіт ер яки әйел болсын, егер кебін келте болса, мұсылмандар мойнынан парыз түспейді. Кебін ақысы мәйіттің өз мал-мүлкі есебінен алынуы – уәжіп. Мал-мүлкі болмаса, кебін ақысын туыстары мен одан жақсылық көрген кісілер төлейді. Қайтыс болған әйелдің кебін шығыны күйеуіне міндет («Раддул-мухтар»). Туыстарының кебіндеуге жағдайы болмаса, мұсылман жамағатына, яғни жағдайы бар кісіге жүктеледі. Кебін үкімі сияқты мәйітті арулап жерлеу рәсімі де қауымға міндет. Кебіннің жақсысы – ақ түстісі, бірақ ол дәке (марло) сияқты жұқа болмауы тиіс. Оның жаңа немесе ескі болуы шарт емес. Жуындыру аяқталған соң, өлікті ақ матаға орайды, ол «кебін» немесе «ақірет» киімі деп аталады. Дəстүр бойынша ер адамдарға кебінді үш қабаттан кигізеді. Ал, «əйелдердің жағдайы аздап басқаша. Ер адамдарда үш қабат кебіннен кеудесі көрінсе бұл ештеңе емес, ал əйелдер үшін бұл күнə. Негізінен əйелдердің бүкіл денесі, бетінен басқа жəне қолдың  буындары арабша гоурат, немесе əбүйір. Əбүйірді ашу ұят, күнə. Сондықтан да əйелдердің кебіні еркектердіңкіндей 3 қабаттан емес, 5 қабаттан тұрады. Сүйекке түскен адамдарға марқұмның киім-кешегін тарқатып береді, қазіргі күндерде жаңа киім қою дəстүрге айналып отыр. Денені «арулаған « жерді жиыстырып, тазалайды, үстіне тас не топырақ үйіп белгі жасайды, ол жерді біраз уақытқа дейін ешкім баспау керек. Мәйітті кебіндеу – мұсылмандар үшін парыз кифая. («Әл-Аламгирия», «Фатхул-Қадир»). Кебін мәйіт денесін түгел жауып тұруы керек. Мәйіт ер яки әйел болсын, егер кебін келте болса, мұсылмандар мойнынан парыз түспейді. Кебін ақысы мәйіттің өз мал-мүлкі есебінен алынуы – уәжіп. Мал-мүлкі болмаса, кебін ақысын туыстары мен одан жақсылық көрген кісілер төлейді. Қайтыс болған әйелдің кебін шығыны күйеуіне міндет («Раддул-мухтар»). Туыстарының кебіндеуге жағдайы болмаса, мұсылман жамағатына, яғни жағдайы бар кісіге жүктеледі. Кебін үкімі сияқты мәйітті арулап жерлеу рәсімі де қауымға міндет.

Материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.