Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Намаз оқуға болмайтын уақыттар

0 25  329

Мұстахап уақыттар

Намаз уақыттарының қай бөлігі мұстахап немесе абзал екені Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тікелей іс жүзінде орындауы мен хадистерінде белгіленген. Олар:

Таң (бамдат) намазын төңірекке жарық түсіп, айнала көрінген уақытта оқу жөнінде Хазіреті Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Таң намазын жарықта оқыңдар. Өйткені, мұның сауабы өте үлкен»( Тирмизи, Салат, 3; Дарими, Салат, 21.).

Бесін намазын жазда кешіктіріп, салқын уақытта оқу – мұстахап. Қыста болса, бесін намазды уақыты кіре оқу – мұстахап. Әнас (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі қатты суықта бесін намазын ерте оқитын, жазда салқын түскенге дейін кешіктіретін»( Бухари, Жум’а 17.).

Екінті намазының парызын төрт мезгілде де күннің көзді алмайтындай сарғыш тартқанға дейін кешіктіру – мұстахап.

Ақшам намазын кірісімен оқу – мұстахап. Азан мен қамат арасында тек қана үш аят оқылатындай уақыт бөлінеді. Өйткені, ақшам намазын кешіктіру – мәкрүһ. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді «Ақшам намазын жұлдыздар көрінгенге дейін кешіктірмесе, үмбетім берекетте»( Әбу Дәәуд, Салат, 6; Ибн Мажә; Салат; 7.).

Құптан намазын түннің алғашқы үштен біріне дейін кешіктіру – мұстахап. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Үмбетіме қиын болмағанда, құптан намазын түннің үштен біріне дейін кешіктіруді әмір етер едім» (Тирмизи, Мәуақит, 10.).

Үтір намазын түнде ояна алатынына сенген адам түннің ақырына дейін кешіктіру – мұстахап. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Түннің ақырына

дейін ояна алмайтындығынан қорыққан адам, үтір намазын түннің алғашқы уақытында оқысын. Түннің ақырында ояна алатынына көзі жеткен адам болса, үтірді түннің соңында оқысын. Себебі, түнгі намаз – періштелер қатысатын намаз.

Мәкрүһ уақыттар

Парыз намаздар үшін мұстахап уақыттар болғанындай, жалпы намаз оқудың мәкрүһ уақыттары да бар. Бұлар екіге бөлінеді. Біреуінде ешқандай намаз оқуға болмайды. Екіншісі – нәпіл намаз оқуға болмайтын, бірақ қаза намаз оқуға болатын уақыт.

Ешбір намаз оқылмайтын уақыттың өзі үшке бөлінеді:

  • Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт.
  • Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады.
  • Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек екінті намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.

Бұл үш уақытта ешқандай қаза намазы да, жаназа намазы да оқылмайды. Бұл уақыттарда тиләуат сәждесі да жасалмайды. Тиләуат сәждесі жасай қалған қүнде де, оны кейіннен қайтадан өтеу тиіс. Нәпіл намаз оқылса, оны кейіннен өтеу тиіс емес. Ол – мәкрүһ ретінде іске асады. Бірақ кейіннен қазасын өтеу – абзал.

Бұл уақытта намаз оқуға салынған тыйым – күнге табынғандарға ұқсамау үшін берілген. Бұл үш уақыт жайлы Уқба ибн Амир әл-Жуһани (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш уақытта бізге намаз оқу мен өлілерімізді жерлеуімізге тыйым салды: Күн шығып көтерілгенге дейін, күн дәл тас төбеге шығып, төмен түсе бастағанға дейін және күн батуға бет алған уақытта» (Муслим, Мусафирин, 293; Әбу Дәәуд, Жәнаиз, 51; Тирмизи, Жәнаиз, 41.).

Нәпіл намаз оқудың мәкрүһ уақыты

Таң атқан уақытта сол таң намазының сүннетінен басқа ешқандай нәпіл намазы оқылмайды. Хадисте: «Бамдат намазынан бұрын және бамдат намазы кірген кезде, бамдат намазының екі рәкат сүннетінен басқа намаз жоқ» (Ханбәл, II, 104.) – делінген.

Төмендегі уақыттарды нәпіл намаз оқуға болмайды:

  • Бамдат (таң) намазын оқығаннан кейін күн шыққанға дейін;
  • Екінті намазын оқығаннан кейін күн батқанға дейін;
  • Ақшам намазының парызынан бұрын;
  • Айт намаздарынан бұрын үйде де, мешітте де;
  • Айт намазынан кейін мешітте;
  • Арафат пен Муздәлифәда қосып оқыған екі намаздың арасында;
  • Парыз намазының уақыты бітуге шақ қалғанда;
  • Парызға тұрып, тәкбір (қамат) айтылып жатқанда.

Ал таң намазының сүннеті бұлардан тыс. Яғни, басқа сүннеттерден қарағанда бұл сүннет әлдеқайда маңызды болғаны үшін оқылуға тиіс. Алла Елшісі былай дейді: «Бамдат (таң) намазының екі рәкат сүннеті дүние мен оның ішіндегі барлық нәрседен артық» (Муслим, Мусафирин, 96-97.), – делінген.

Жұма күні имам мінберге шығып хұтба оқып, жұма намазы біткенге дейін нәпіл намаз оқуға болмайды. Хадисте: «Жұма күні имам хұтба оқып жатқанда, мұсылман адам жанындағы адамға тіпті «тыныш» дегенінің өзі қателік» (Бухари, Жум, а, 36; Муслим, Жум, а, 12.) – делінген.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.