Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ислам ақидасының ерекшеліктері (VІ)

0 778

Ислам  ақидасы  Алланың  сипаттары  жайында  да орта  жолды  ұстанады.  Яғни,  яхудилер  секілді  Алланы адамға (Алла сақтасын!) ұқсатудан аулақ. Сонымен бірге, мұсылмандық сенім Алланы нұқсан сипаттардан пәк деп қабыл  етеді. Алланы  басқа  бір  бейнеге  ұқсату  мүмкін емес, өйткені Ол жаратылған ешқандай затқа ұқсамайды.

Себебі, бұл жайт Құранда:

«Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла әр нәрсені естуші, толық көруші»(«Шура» сүресі, 11-аят), – деп, айдан анық айтылады.

Исламның ақида жүйесі өзге сенімдегілермен қарым-қатынаста да орта жолды ұстана отырып, олардың сенімдеріне қолшоқпар да болмайды һәм оларды даттамайды.

Өйткені, бұл жол – ең дара, ең тура, ең үлгілі және ең шынайы жол. Сондықтан ешкімнің сеніміне қосылмайды.

«Менің тура жолым осы. Сол жолмен жүріңдер, бұрыс жолға түспеңдер. Олар сендерді Құдай жолынан тайдырады. Тозақтан сақтануларың үшін сендерге Алла осы  істерді  өсиет  етеді»(«Әнғам» сүресі, 153-аят).

«(Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Онда Аллаға тәуекел қыл. Өйткені, сен нағыз таза  дін  жолындасың»(«Нәміл» сүресі, 79-аят).

«(Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сен сондай өзіңе уахи етілген Құранға жабыс. Сен шын мәнінде тура жолдасың»(«Зухруф» сүресі, 43-аят) аяттары өзге сенімге жалтақтаудың қажеті жоқ екендігін, әрі ең  тура  жол  исламның  бұйырған  шынайы  жолы  екенін паш етеді.

«(Мұхаммед  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Міне  сол  үшін  ақиқатқа шақыр, бұйырылғандай мықты тұр. Олардың ойларына ілеспе және оларға: Алла келтірген кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділдік қылуға бұйырдым. Алла біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың, біздің ісіміз – бізге, сендердің істерің – сендерге тән. Біздің өзара тайталасуымыздың жөні жоқ.

(Қиямет күні) біздің басымызды бір жерге қосатын Алла. Соңғы баратын жеріміз де Аллаһтың құзыры»(«Шура» сүресі, 15-аят).

«Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән, де» («Кафирун» сүресі, 6-аят). «(Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Егер сені өтірікші етуден танбаса, онда: «Менің іс-әрекетім өзім үшін де, сендердің іс-әрекеттерің өздерің үшін. Менің ісімнен сендер  аулақсыңдар, мен де сендердің істеріңнен аулақпын»,- деп айт»(«Юнус» сүресі, 41-аят)  аяттары біздерге өзге дін иелерімен қалай қатынас жасау мен мәміле жасау керектігін үйретеді.

Демек, өзге дін иелеріне қарсы ешқандай орашолақ әрекетке бармағанымыз абзал екен.  Ең  дұрысы,  өзге  жолды  ұстанған  жандарға  айтар бір ғана мәселе бар. Ол өзге діндегілерді хақ дін исламға үндеу:

«Рас! Мен мұсылмандарданмын деп Аллаға шақыра отырып, ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?»  («Фуссилат» сүресі, 33-аят).  Сонымен бірге, ислам әмәнда күштеп, зорлап дінге кіргізуге қарсы.

Құранда сенім еркіндігі жайлы:

«Бұл хақиқат (Құран) Раббыларыңнан»  де.  Сонда  кім  қаласа  сенсін,  кім қаласа қарсы келсін»(«Кәһф» сүресі, 29-аят), – деп, анық ескертілген.

Олай болса, Жаратушыға деген сенім – әркімнің өз қалауында.  Алла  және  бір  аятта  былай  дейді:

«Дінде зорлық жоқ. Расында туралық азғындықтан ажыратылды»(«Бақара» сүресі, 256-аят).

Ислам ақидасы пайғамбарларға иман ету мәселесінде де орта жолды ұстанады. Ешқандай пайғамбарды құдай дәрежесіне  көтермейтіні  өз  алдына,  сол  секілді  ешбір пайғамбарды ең төмен адам деңгейіне де түсірмейді. Ислами ақиданың қағидасы бойынша пайғамбарлар да адам.

Бірақ, Алла оларға уахи беру арқылы мәртебесін көтерді және үлкен күнә істеуден қорғап, Өз бақылауына алып, оларды барлық жағынан адамдарға үлгі етті.

«Иман негіздері» кітабынан.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.