Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бүгінгі ұрпақтың үлкен міндеті

0 505

Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым дамып, адамзат адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілген.

Шөліркеген даладай қуаңсып, суалған көлдей құлазыған мекендер мұсылманшылықтың аяқ басуымен көгалды шалғын, көк майсалы жерге айналды.

Мұсылмандық Орта Азияға, оның ішінде қазақ еліне біздің дәуіріміздің VIII ғасырында ене бастады. 751 жылы Талас бойында қарақытайлар мен мұсылмандар арасындағы шешуші шайқаста мұсылмандардың жеңісі бүкіл Орта Азиялық аймаққа Ислам дінінің ғана емес, сондай-ақ оның мәдениетінің де еркін таралуына жол ашты.

Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына үлкен ислам өркениеті келді. Ғылым, білім жанданды. Көптеген қалалар салынды. Онда медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді. Жергілікті халық арасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири секілді өз шығармаларында гуманизмді марапаттаған терең ойлы ғұламалар шықты.

Олар тек қана қазақ елі немесе Орта Азия ғана емес, бүкіл мұсылман шығысы мәдениетінің мақтанышына айналды. Олардың есімдерімен көшелер мен даңғылдар, университеттер мен институттар аталады.

Біз олармен мақтанамыз. Олар қалдырған игі мұраларды үлгі етеміз. Бабалар мұрасы бізді қашан да рухтандырып отырады. Біз өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз.

Солай бола тұрса да, соңғы кездерге дейін қазақтар көшпелі болды, жазу-сызу дамымады, олардың арасында мұсылмандық жақсы тарамаған деген жаңсақ пікір қоғамымызда үстем боп келді. Соның салдарынан ұлы далада туып өсіп, дүниежүзілік өркениетке үлес қосқан көптеген мұсылман ғалым бабаларымыздың аттары ғасыр парақтарында қалып қойды.

Жаратқан бізге тәуелсіздік сыйлап, өз елімізге тән рухани, діни, мәдени жәдігерлерімізді қайта жаңғыртуға қол жеткізіп, олардың біразын анықтап маңдайымыз жарқырап жатқаны да бар. Иә, ілгеріде өткен бабаларымыз бізге рухани мол мұра қалдырып кетті.

Оларды игеріп қана қоймай, зерделеп, қастерлеуіміз керек. Өйткені Ислам – қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-санасының мызғымас бөлігі, тірегі. Тіпті Ислам дәстүрлерінсіз қазақ мәдениетін елестете де алмаймыз. Сол себепті әркезде де Ислам біздің рухани дамуымыздың негізгі ұйытқысы боп келді және де солай бола бермек.

Патшалық Ресей кезінде «бұратана халықтардың өткені, яғни ежелгі мәдениеті жоқ» делінсе, Кеңес дәуірінде «олардың көзін Қазан төңкерісі ашты» деген жалған идеология үстемдік етті. Сол себепті де біз халқымыздың көптеген жақсы қасиеттерінен, рухани мұрасының біразынан айрылып қалдық.

Әйтсе де біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тарихы тым тереңде жатыр. Әдебиетіміз бен мәдениетіміз ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрпымыз бен мінез-құлқымыз, халықтық болмысымыз, өмір салтымыз, тәрбиеміз, менталитетіміз де Қазан төңкерісі әкелген жасанды арзан құндылықтарға емес, Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан.

Олай болса Ислам біз үшін тек дін ғана емес, рухани мұрамыздың қайнар көзі, тіпті елдігіміз, бүгінгі тәуелсіздігіміз де.

Тарихқа үңілсек, Ислам деген даңғыл жолдың Құраннан кейінгі негізі Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) хадистері мен сүннеті аясында қаланғаны шындық. Ал осы даңғыл жолдың жолаушылары – мұсылмандарға хадис пен сүннеттің әсері өте зор. Мұның ең жарқын үлгісін алғашқы мұсылмандардан көруге болады.

Осы алып көштің ішіне қазақ халқы да өз ықыласымен қосылып, мұсылмандық өмір салтына Құран мен сүннет дәстүрлерін нақыштай білген. Ата-бабадан қалған жәдігерлердің ішкі сырына үңіліп, тілін түсіне білген жан әлгі нақыштардың ізін айқын көре алады.

Осы орайда ата-бабамыздың тыныс-тіршілігін кейінгі ұрпаққа таныту, халқымыздың өмір белестеріндегі хадис пен сүннеттің орнын зерттеу – бүгінгі күннің талабы. Қолыңыздағы кітап – осындай ізгі мақсаттан туған дүние.

Кітапта қазақ даласына Ислам дінінің сіңуі, халықтың дүниетанымымен сабақтасуы мынадай екі тарауға бөліп қарастырылған:

І. Мұхаммед (с.ғ.с.) және хадис пен сүннеттің мұсылмандардың өміріндегі маңызы

ІІ. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі хадиспен сүннеттің рөлі.

Сондай-ақ Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йасауи, Ахмет Иүгінеки сынды қазақ даласында дүниеге келген үш алыптың шығармаларына талдау жасалып, ондағы исламмен қабысқан ойлар мен кестелі сөздері екшеленген.

Мұсылман ойшылдары ретінде ала отырып, халықтың рухани келбетін айшықтауда әрі діни ағартуеңбектерінде қолданған хадистерін анықтауға, сол кезеңде қазақ жерінде өмір сүрген халықтың хадис пен сүннет жайлы пайымын баяндауға тырысқан.

Мәселен, Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» кітабында «Пейіл бұрдым енді оның жолына» деп Алла елшісінің (с.а.с.) жолы адамдарды бақытқа жетелейтінін, «Сүйдім сөзін, сендім ділі оңына» дей отырып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері мен сүннетін ұстануды халыққа уағыздайды.

Ахмет Иүгінеки болса «Ақиқат сыйында» «Білімді ізде, жалықпа, хақ Расул айтқан: «Білімді Қытайда болса да іздеңіз», – деп» деген сөзімен Пайғамбарымыздың «Білімді Қытайда болса да іздеңіз» деген хадисін меңзеген. Ал Ахмет Йасауи болса «Диуани хикметінде» «Ұят барда иман бар», – Расул айтты»; «Кәззаптар – үмбетім емес» деді Расул сізге» деген өлең жолдарымен «Ұят – иманның бір бөлшегі», «Бізді алдаған бізден емес (яғни, үмбетім емес)» деген хадистердің ішкі мазмұнын ел ішінде өлең түрінде кеңінен насихаттаған.

Міне, осы алыптардан бергі қазақ даласындағы дарқан даналардың қай-қайсысын алсаңыз да олардың хадис пен сүннетке көп көңіл бөлгені, құрметпен қарағаны байқалады. Одан берідегі ақын-жыраулар, ақындар, «Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, мүмин болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ», – деген ғұлама Абай Пайғамбардың хақтығын растап, содан үлгі-өнеге алуға шақырған.

Түркі халықтары Ислам дінін VIII ғасырда қабылдай бастаған. Тіпті келе-келе Ислам діні Қарахан, Ғазнауи, Селжұқ, Хорезмшаһ, Алтын Орда сияқты мемлекеттердің ресми дініне айналған. Қазақ даласында исламның кең тарауына атсалысқандар қатары көп болды. Солардың қатарында Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари, Ахмет Иүгінеки, Ахмет Йасауи, Бақырғани секілді алып тұлғаларды атауға болады. Кейіннен бұл дәстүр шешендік сөздер, жыраулар поэзиясына т.б. жалғасты.

Қазақ даласында басқа діндердің болғандығы тарихи шындық десек те, олар қазақ болмысына жат болғандықтан Ислам діні секілді таралып, сіңіп кете алмады. Аталарымыз осыдан мың жылдай бұрын тек қана Исламды таңдаған.

Олай болса сол асыл діннен бізді ешкім ажырата алмайды. Ол біздің қанымызда, жанымызда. Ислам діні – біздің өмір салтымыз. Мәдениетіміздің терең тамыры. Біз Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «тегіміз – түрік, дініміз – Ислам» екенін ешқашан ұмытпаймыз. Сол себепті рухани мұрамызды да осы тұрғыдан зерделеу қажет деп есептейміз. Олай болса Исламның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтау, оны игеру, қорғау, ілгері дамыту, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүріне қаншалықты сіңісті болғанын зерделеу – бүгінгі ұрпақтың үлкен міндеті.

«Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» кітабынан.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.