Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қызғаныш пен күншілдік

0 989

Бұл екі сипат та адамның жасаған игі істерін жоқ ететін жаман сипат.

Бұл жайында Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Қызғаныштан сақтаныңдар! От отынды өртеп жоқ қылатыны секілді қызғаныш та жақсылықтарды жоқ етеді» деген.

Олай болса күншілдік пен көре алмаушылық өзгені де, оның дүниесі мен бала шағасына да зиян келтіруден бұрын күңшіл адамның өзін адастырып, зардап шектіреді, барлық жасаған ізгі істерінің сауабын жоқ етеді. Сондай-ақ қызғаныш ешуақытта біреудің өмірін өзгерткен емес.

Бақ-берекесін, дүниесін қызғанумен біреуді кедей ете алмайсың. Өйткені оның бақуатты өмір сүруі Алланың жазған тағдыры. Ал сол тағдырды өзгертуге тырысып, оның әдемі, бай, жолының көп болатынын көре алмай, өзінен-өзі азапталып, уайымға салынып жүреді.

Бұл жайында Жүсіп Баласағұн «Күншіл адам – мұңшыл» деп дөп басып айтқан. Ешбір күншіл мұратына жете алмаған. Ешкімнен құрмет көрмеген. Көре алмаушылық жүйкені тоздырады. Өсекке жетелейді. Өмірдің қысқаруына себеп болады.

Олай болса, пенденің қолындағының барлығы пәни екендігін ойла. Алла елшісі (с.а.с.) «Мұсылманның көңілінде иман мен қызғаныш бірге болмайды» дейді және «Өзіңе жақсы көргенді өзгеге тілемейінше толық иман еткен болып саналмайсың» деп, өзің қуанғанда өзгені де ұмытпауды бұйырған. Осылайша өзің қызғаныштан құтылғаның секілді өзгенің қызғанышынан сақтанып жүруің де керек.

Бұл жайлы Алла Тағала «Күншілдердің қызғаныш кесірінен (Аллаға сиынамын)», – деп дұға етуімізді бұйырған. Және біреудің қызғанышына түрткі болмау да өте маңызды.

Егер бай болуың біреудің саған деген қызғанышын арттыратын болса, онда байлығыңды оның көзінше айтпа, тіпті көрсетпе де. Бұған мысал ретінде Яқұп пайғамбардың балалары жайлы айтатын болсақ, оның балалары әдемі де сымбатты болатын. Және бір үйдің балалары болғандықтан топырлап жүретін. Бірде Яқұп осы балаларын Мысыр еліне жібергенде жұрттың көзіне түспеулері үшін Мысыр қаласына жеке-жеке кіруді бұйырған болатын. Бұл жайлы Құранда «Қалаға бір қақпадан кірмей бөлек-бөлек қақпалардан кіріңдер» 88, – деп бұйырған.

Олай болса күншіл мен көре алмаушыларға өзіңдегі барды көрсетпеу де діни тұрғыда орынды. Тіпті қызғаншақтар мен күншілдердің зиянынан сақтану үшін оларға сыйлық беру де керек екен. Бұл жайында «Асқан жақсылықпен қарым-қатынас жаса»89, – деп бұйырған болатын. Көркем мінез-құлық – бақыт, сәттілік, ал жаман мінез – бақытсыздық және сәтсіздік.

«Үміт сәулесі» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.