Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Тәрбие тал бесіктен

0 451

Ислам діні кәміл дін болғандықтан адам ғұмырының ағаш бесіктен жер бесікке дейінгі барлық саласы қамтылатынын білеміз.

Әл-Фараби бабамыз айтқанда адамның сапалы болуы үшін білім ғана емес, тәрбие де аса маңызды мәнге ие. Сол үшін де тұлғаның кім болуы алған тәрбиесі арқылы көрініс табатыны белгілі.

«Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны іледі» дейтін аталы сөзден адам тәрбиесінің негізі отюасылық құндылықтар арқылы қаланатынын бағамдаймыз.

Дінімізде де бала тәрбиесіне айырықша маңыз беріледі. Табарани жеткізген мүбәрак мәтінді хадистердің бірінде Жәбір ибн Сумра деген кісі Алланың ақырғы Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) мынадай өсиетін жеткізеді:

عَنْ جَابِرِ بْنِ سُمْرَةَ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لِأَنْ يُؤَدِّبَ أَحَدُكُمْ وَلَدَهُ خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَتَصَدَّقَ كُلَّ يَوْمٍ بِنِصْفِ صَاعٍ عَلَى المَسَاكِينِ».

«Бір адамның баласын әдепке баулуы күн сайын бір уыс бидай не құрма (жарты сағ) садақа бергеннен артық» (Табарани хадистер жинағынан).

Аталмыш хадистен ұрпақ тәрбиесінің садақа сияқты кейбір құлшылық түрлерінен де сауапты жұмыс екенін байқаймыз. Сонымен бірге хадис мазмұны бала тәрбиелеу барысында әдеп мәселесінің маңыздылығын аңғартады.

Дініміздегі бала тәрбиесіне қатысты маңызды бірнеше мәселені атап-атап айтатын мына бір хадистің айтары айырықша:

قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «حَقُّ الْوَلَدِ عَلَى الْوَالِدِ أَنْ يُعَلِّمَهُ الْكِتَابَةَ وَالسِّبَاحَةَ وَالرَّمْيَ، وَأَنْ يُؤَدِّبَهُ طَيِّبًا».
Пайғамбарлар сұлтаны Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!): «Жазу-сызуды, жүзу мен садақ атуды үйрету, жақсы тәрбие беру – Әкенің бала алдындағы міндеті», – деген (Байһақи хадистер жинағынан алынды).

Көріп отырғанымыздай бала тәрбиелеуде кешенді жұмыстар керекті, өмірдің әр тарауында қажетке жарайтын түрлі білім-өнер үйретудің міндет екені жайдан-жай айтылып отырған жоқ. Яғни бала өскенде болашағы үшін кәдеге жарайтын өнер, білім. Адамның сапалық мазмұнын толықтыра түсетін игі қасиеттер.

Бұл хадистен адам өз ұрпағын жан-жақты білімді етіп тәрбиелеуі керек екенін түсінеміз. Бұл мәселені хакім Абай :
Медресеге баламды біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім,-деп баланы оқытудың, ілім үйретудің түпкілікті мәні атақ-абырой емес білімді азамат болуы екені айтылып жоғарыдағы пайғамбарлық танымның мәнін аша түседі.

Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадистердің бірінде былай делінеді:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »تَعَلَّمُوا مِنْ أَنْسَابِكُمْ مَا تَصِلُونَ بِهِ أَرْحَامَكُمْ، فَإِنَّ صِلَةَ الرَّحِمِ مَحَبَّةٌ فِي الْأَهْلِ، مَثْرَاةٌ فِي الْمَالِ، مَنْسَأَةٌ فِي الْأَثَرِ»
«Шежірелеріңнен туыстық қатынастарыңды жалғайтын нәрселерді үйреніңдер. Шындығында, туыстық қатынасты жалғау әулетке сүйіспеншілік, малға өсім, ғұмырға ұзақтық әкеледі» (Ахмет хадистер жинағынан алынды).

Аталмыш мәтінде балаға қоғамдық қарым-қатынасты үйрету жайында айтылып отыр. Адам ешуақытта қоғамнан тысқары өмір сүре алмайды. Сол үшін қоғамдық қатынастардан айланып өтуі мүмкін емес.

Сонымен бірге, балаға имандылық тәрбиесін беру де маңызды. Бұл турасында қасиетті Құран Кәрімде “Тахрим” сүресі 6-аятында былай бұйырылған:
﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَاراً وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ﴾
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар».

Аталған аяттағы «құтқару» жайында Әли ибн Әбутәліп (р.а.): «Оларға ғылым-білім үйрету мен әдепке баулу» екенін айтқан.

Имам Ахметтің «Муснәд» және Әбу Дәуіттің «Сүнән» атты еңбектерінде баяндалуынша Расулулла (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай): «Балаларыңа жеті жастан намаз оқуға бұйырыңдар…», – деген.
Міне, осылайша бала тәриесіне жан-жақты көңіл бөліп, тәрбиелі, парасатты, мол білімді, иманды ұрпақ тәрбиелеудің маңызы айырықша.

Руслан Байзақов
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.