Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әрбір амалдың қайтарымы болатындығына шүбәсіз сену

0 507

Хазірет Әбу Бәкірдің Алланың елшісіне шүбәсіз иманы Әбу Әсма былай әңгімелейді: «Бірде Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымызбен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге түстеніп отырғанда, «Кімде-кім тозаң түйірінің ауырлығындай бір жақсылық жасаса, соның қайырымын көреді. Кімде-кім тозаң түйірінің ауырлығындай жамандыққа барса, соның жазасын алады» (Зілзала 99/7-8) деген аят түсті.

Әбу Бәкір (р.а.) алдындағы асын былай ысырып: «Уа, Расулалла! Өз қолымызбен істеген әр жамандығымызды ақыретте өз мойнымызбен көтереміз бе?» – деді. Алланың елшісі: «Осы дүниеде көңіліңе қаяу салған, меселіңді қайтарып, жігеріңді құм қылған, еңсеңді езген кез келген қиындық істеген жамандықтарыңның жауабы мен жазасы болып табылады. Ал жақсылықтарыңның қайырымы ақыретте беріледі», – деді».

Әбу Бәкір (р.а.) былай баяндайды: «Бір күні Алла елшісінің қасында отырған болатынмын. «Бастарыңа келген әр қиындық жасаған күнәларыңның (елемеушілік пен кемшіліктер) кесірінен келген сол қиындықтарың арқылы Алла күнәларыңның көбісін кешіреді» (Шура, 42/30) деген аяты түскеннен кейін Алланың елшісі: «Әбу Бәкір, маған түскен аятты оқып берейін бе?» – деп сұрады. Мен: «Оқы, уа, Алланың елшісі», – дедім. Оқығаннан кейін, есімнен танып қалдым. Алланың елшісі: «Саған не болды, Әбу Бәкір?» – деп сұрады. Сонда мен: «Уа, Алланың елшісі! Қайсымыз жамандық жасамадық? Жасағандарымыздың жазасын, әлбетте, тартамыз!» – дедім. Алланың елшісі: «Уа, Әбу Бәкір! Сен және сен секілді мүміндер Раббыларыңмен қауышқанша, мына дүниеден қиындық көріп өтесіңдер. Осылайша жаман әдет, жат қылықтан пайда болған жамандықтарыңды ақыретке арқалап кетпейтін боласыңдар. Ал кәпірлердің жазасын Алла қиямет күні үйіп-төгіп бір-ақ береді», – деді».

Хазірет Омардың амалдардың қайтарымы болатындығына шүбәсіз сенуі

Мұхаммед ибн Мүнтәшир былай әңгімелейді: «Бір адам Омар ибн Хаттабқа (р.а.): «Мен Алланың кітабындағы ең қорқынышты анық аятты білемін», – деген еді, хазірет Омар (р.а.) оны қамшысымен түртіп: «Ол аятты тапқанға дейін неге соншалықты ізденіп жүрсің?» – деді де, оның жауабын күтпей кетіп қалды.

Ертеңіне хазірет Омар (р.а.) оған: «Кеше қай аятты меңзеп едің?» – деді. Әлгі адам: «Алланың уәде еткен осы сыйы не сендердің қалауларыңмен, не кітапқа сенетіндердің қалауларымен беріледі. Кім жамандық жасаса, соның жазасын алады және Алладан басқа өзін азаптан құтқаратын қорғаушы да, көмекші де таба алмайды» (Ниса, 4/123) деген аятты оқып: «Демек жамандық жасаған барлық адам жазасын алмай қоймайды», – деді.

Омар (р.а.): «Бұл аят түскенде, құла дүзде қалғандай құлазығанымыз соншалық – жеген асымыздың да, ішкен сусынымыздың да дәмін сезбейтін күйге жеттік. Содан кейін Алла құтылудың жолын көрсетіп, мына аятты түсірді «Кімде-кім жамандық жасап немесе күнә істеп, нәпсісіне зұлымдық жасаса, сосын Алладан кешірім сұраса, Алланың Ғафур және Рахим (кешірімділігі және мейірімі мол) екендігін көреді» (Ниса, 4/110)», – деді».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.