Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ерекше мәнге ие дәстүр

0 2  060

Аллаға жағам десең – азанды бол,
Ағайынға жағам десең – қазанды бол.

(Қазақ мақалы)

Адам өмірінде қуанышты да, қайғылы да жайлар қатарласа болады. Басына іс түскенде, тұрмыста кездесетін сынақ жағдайда, реніш, күйініш сәттерінде де адамдар бір-біріне көңіл білдіріп, қасынан табылып, ортақтасып, ақыл-кеңес береді.

Ұлтымыздың ежелден келе жатқан бірлігі, ағайын-туыс пен тұтас елдің ұрандасып, баталасып, барлығын да бірге атқарысуы осыған дәлел.Қиындықтарға тап болған адамды жұбату керек. Әз Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) хадис шәрифте «Баласы қайтыс болған адамды жұбатқан кісіге жәннат шапаны беріледі. Қиындыққа ұшыраған адамды жұбатқан кісі оның сауабындай сауап алады».

Амр бин Абәсә (р.а) былай риуаят еткен; Расулулланың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) қасына келдім.

– Йа, Алланың Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) ! Ислам деген не?, – деп сұрадым.

– Жақсы (жылы) сөз және ас беру, – деді.

– Иман деген не?, – деп сұрап едім:

– Сабыр мен самахат (беруі қажет және уәжіп болмаған нәрселерді өз еркімен қуана беру және жақсылық, жомарттық, жылы қарым-қатынас).

Қуанышты сәтте де, қайғылы жағдайда да, басына іс түсіп, қиындыққа тап болғанда, реніш пен күйініште де адам баласы бір-біріне көңіл білдіріп, қиыншылыққа ортақтасып, ақыл-кеңес берген. Ал, ашулы сәтте басу айтқан.

Міне, осындай кездерде ауылы аралас ағайын-туыс көңіл білдіріп, дастарқан жайған. Аталған жағдайларда жайылған дастарқан «көңіл шай» деп аталған. Осы жерде көңіл білдіру мен көңіл айтудың арасын ажырата білу керек. Көңіл білдіру жоғарыдағыдай. Ал көңіл айту – қазалы жағдайда қолданылатын ғұрып. Жомарттық және ас беру ең құнды амалдардың бірі. Хадис шәрифте: «Алла Тағала жомарт кісіге жомарт болып қарайды», «Жомарт кісінің иманы күшті» және «Ең құнды амал – мұсылманға ас беру немесе басқа бір қажетіне көмектесу арқылы оны қуанту» делінген. Күнде ас беруге тырысқан жөн. Рахметі жоқжәне сараң адамдардың жамандығы екі жаһанда да айтылады.

Хадис шәрифте: «Сараң  және рахметі жоқ адам  жәннатқа кірмейді» делінген. Ертеде қазақ халқы үшін шай беру дәстүрі ерекше мәнге ие болған және шай берудің бірқатар түрі болыпты.

Күзем шай

Бабаларымыз істің басталар сәтінде де, ол аяқталған соң да оны атаусыз, ескерусіз қалдырмаған. Мысалы, күзем алынып болған соң, әр үй бір-бірін шайға шақырып, көңілді кеш өткізген. Оның аты – «күзем шай». Малды ауыл осы дәстүрді жалғастыра түссе, бұл да жастарды еңбекке тәрбиелеудің бір көрінісі болар еді.

Келін  шай

Келін түсіргеннен кейін тойға келгендер тарқап, үй иелері оңаша қалған кезде жақындар келін қолынан шай ішуге жиналады. Келгендерге келін қолынан әзірленген дастарқан жайылып, келін шай құяды.

Бұл дәстүрдің екі мағынасы бар. Біріншіден, келіннің үй шаруасына, дастарқан берекесіне ыңғайын байқау. Жас келін мұндайда кесені сылдырлатпай, баппен шай құя отырып, өзін танытады, шеберлігін, ыңғайын байқатады. Екіншіден, келін қолынан ене шалқып, ата шалқайып отырып қызыл күрең шай ішу – бір үлкен жетістік, қуаныш. «Біздің бала ержетіп, келін түсірді, ата-ене атандық, қолымыз ұзарды», – деп мақтанады, өзгелер алдында бедел, мәртебеге ие болады.

Сөйтіп, келін түсіру тойының аяғы оның қолынан шай ішумен аяқталып, жас адам осы үйдің өз адамының бірі қатарында өмірге араласып кетеді.

Тәтті шай

Кейде ата-ананың келісімінсіз, қызды алып қашып үйленетін кездер де болады. Мұндай жағдайда жігіт жағынан құдалардың аяғына жығылуға, яғни, кешірім сұрап, келісімге төрт-бес адам барады. Олар арғы-бергі жақтан сөз қозғап, ата-бабалардың салған жолы деп дәлелдеп, қыздың ата-анасы мен туысқандарының бетін бері қаратып, жігіттің ауылына шақыратын болған, оларға кең дастарқан жайған. Бұл рәсім «тәтті шай» деп аталады. Демек, бұл атына сай, құда-құдағилардың танысу, білісу, келісім, ынтымақ шайы. Мұнда жақсы тілектер айтылып, алдағы той жайы әңгіме болады. Тәтті шай ренжіскен адамдарды татуластыруға беріледі.

Бейсенбі, жұма шай

Бейсенбі, жұма шайлары бір отбасының адамы қайтыс болғанда осы күндеріәруаққа бағышталып жайылатындастарқан. Бұған жақын туған-туыстар, жанашыр адамдар келеді, дұға оқылады. Марқұмның жақсы істері мен мінез-құлықтары да айтылады. Көңіл айтуға кешіккен адамдар да осы күндері келуге тырысқан.

Шашу шай

Қазақ әр науқандағы шаруашылық кезінде немесе жаңа іс басында бас қосып, үй иесі осындай мақсатпен қазанасып, шай дайындайды. Мұндай шашулар сиыр бұзаулап, уыз пісірілгенде, малға ен салғанда, қой қырқымы, жылқы күземі аяқталғандажәне тағы да басқа науқандық шаралар кезінде жасалған. Дастарханнан дәм, босағадан сән, өмірімізден мән кетпесін. Әрбір қонақ құт береке әкелсін!

Рахметолла Байменов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.