1. Ауланған аңның шариғатта етін жеуге болатын аң болуы.
2. Аңшының мұсылман немесе кітап иесі (христиан немесе еврей) болуы. Кітап иелерінің аулаған аңдары – Алланың атын айтып, ауланған жағдайда ғана халал. Иләһи кітап түспеген пұтқа, отқа, жұлдызға табынушылардың аулаған аңдарының етін жеуге болмайды.
3. Аңға оқ атқан уақытта немесе үйретілген ит, құстарды жіберген уақытта «Бисмиллаһ» деп, Алла Тағаланың атын айту. Құран Кәрімде:
«Алла Тағаланың сендерге үйреткен ілімі арқылы үйретіп, тәрбиелеген жыртқыштардың сендер үшін аулаған аңдарын жеңдер және оларды аңға жіберген уақытта Алланың атын айтыңдар…»(Мәида, 5/4).
«Бисмиллаһ» сөзі әдейі айтылмаса, ауланған аңның етін жеу – харам. Ұмытылып айтылмай қалған жағдайда жеуге болады.
4. Ауланған аң тірідей қолға түссе, «Бисмиллаһ» деп бауыздау керек. Тірідей қолға түсіп, кешіктіру себебімен бауыздаусыз өліп кетсе, ол аңның етін жеуге болмайды. Бірақ қатты қансырап өлейін деп жатса, бауыздамаса да болады. Тірідей қолға түскен аңды міндетті түрде бауыздау шарт емес, үшкір, қырлы тас немесе темір сияқты нәрселермен ұрып, кішкене қанын ағызса, жеткілікті.
5. Аңшы, қаруымен атып немесе аңға үйретілген ит, құстары арқылы жаралы қылған аңды қолға түсіру үшін артынан тоқтамастан қадағалап, ізіне түсу керек. Өйткені аңды тірідей қолға түсіріп, бауыздауға мүмкіншілік бар. Ал егер басқа істермен айналысып жүріп, аң көзден таса болғаннан кейін барып, аңды өлген күйде тапса, ол аңның етін жеуге болмайды. Өйткені аң басқа себептермен өлуі де мүмкін.
Бірақ аңның артынан дереу барған күннің өзінде, алған жарақатының салдарынан өліп кетсе немесе бауыздауға үлгермей қалса, бауыздамаса да ол аңның етін жеуге болады.
6. Үйретілген аң иттері сияқты орақ тістері бар жыртқыштар ұстаған аңдардың еттерінен иесінің беруінсіз өздері жемеулері керек. Ал ұстаған аңының етін иесі келмей жатып, өз білгенінше жеп қойса, ұстаған аңының еті бізге харам. Өйткені үйретілген иттің ерекшелігі өзі ұстаған аңның етін жемеуінде.
Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) бұл турасында былай деген:
«Итті жіберген уақытта (аулаған)аңынан жесе, ол аңнан жеме. Өйткені, ол өзі үшін ұстады. Итіңді жіберген уақытта аңды өлтіргеннен кейін өзі жемесе, ол аңды же. Өйткені, ол иесі үшін ұстаған».
Бірақ бүркіт, қаршыға сияқты жыртқыш топшалы құстар ұстаған аңдарының етінен, иелері келмей жатып жеп қойған жағдайда да, ол аңның етін жеуге болады.
Аңға үйретілген ит ұстаған аңының қанын ішсе, немесе иесінің беруімен ұстаған аңының етін жесе, ауланған аңның етінің халалдығына еш зиянын тигізбейді.
7. Аңға үйретілген ит-құстардың, денелерімен соғып немесе тұншықтырып еш жарақаттамастан өлтірген аңдарының етін жеуге болмайды. Өйткені, аңшылықта аңды жарақаттау бауыздаудың орнына жүреді. Міне,сондықтан, ауланған аңда жарақат жоқ болып қан ақпаса, бауыздаусыз арам өлген болып есептеледі.
«Ислам ғылымхалы» атты кітаптан
Sunna.kz