Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мәзһабтардың иман жайындағы көзқарастары (1)

0 1  183

Ислам  тарихындағы  көптеген  мәзхабтардың әрқайсысының ұстанатын жолы мен өзгелерден айыратын ерекшеліктері бар. Сол ерекшеліктердің бастысы иман мәселесінде түрлі пікірлер айтуында. Яғни, иман етуді әр мәзхаб әртүрлі түсінеді. Енді сол мәзхабтардың иман ету жолдарына жеке-жеке тоқталып, әһли сүннет тұрғысынан қарағанда қандай айырмашылықтары бар екендігін айтып өтеміз.

а) Иман – жүрекпен бекіту (тасдиқы) дегендердің пікірлері

Әшғари мен Матуриди каламшылары бойынша, иман, иман етілуі керек нәрселерді жүрекпен тасдиқ ету (бекіту) арқылы болады. Бұл пікірді қолдайтын ғалымдар қатарында Бақиллани (өл.403/1013), Жууайни

(өл.478/1085), Ғаззали (өл.505/1111), Әбул Майн Нәсәфи (өл.508/1115), Шахристани (өл.548/1153) және Амиди (өл.631/1233) сынды ғалымдар бар еді. Бұл ғалымдар иман – жүректің қуаттауы деген пікірді дәлелдеу үшін көптеген аят пен хадисті негіз ретінде келтірген.

Аяттан келтірген дәлелдері:

«Әй,  пайғамбар! Ауыздарымен: «Сендік» деп, жүректері сенбегендер мен Яхудилерден күпірде жарысқандар сені кейітпесін» («Майда» сүресі, 41-аят).

«Бәдәуилер «Иман келтірдік» деді. Мұхаммед оларға айт: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда «Мұсылман болдық» деңдер. Өйткені иман жүректеріңе кірмеді»(«Хужурат» сүресі, 14-аят).

Бұл екі аятта жүректерінде иманы жоқ кісілердің мумин бола алмайтындығы айтылады дейді. Сонымен қатар, бұл мәселеде мына аяттар да айқын дәлел болатындығын білдіреді:

«Кімде кім әуелі Аллаға сеніп, кейін оның көңілін күпірлік билеп кетсе (өз еркімен солай етсе) ол Құдайдың қаһарына ұшырайды, ауыр азап шегеді. Ал егер біреудің мәжбүр етуімен, еріксіз істегендер болса, жүректегі сенімі бекем болса, (ол күнәға саналмайды)»(«Нахыл» сүресі, 106-аят).

«Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған әрі оларды өз жағынан бір нұрмен қолдаған»(«Мужадәлә» сүресі, 22-аят).

Ал хадистен келтірген дәлелдері төмендегідей:

1. Жоғарыда айтып кеткен Усама ибн Зәйд (өл.54/674) оқиғасына байланысты айтылған хадис. Усама ибн Зәйд ибн Харис бір жорық кезінде мүшріктермен қақтығысады. Сонда Усама ибн Зәйд шайқас үстінде бір адамның басын алмақ болғанда әлгі адам: «Лә иләһә иллаллаһ (Алладан басқа құдай жоқ)», – дейді. Усама оның бұл айтқан сөзіне мән берместен басын шауып тастайды. Себебі, оны әлгі тұтқын өлімнен қорыққандықтан айтты деп пайымдайды.

Усама жорықтан оралған соң болған оқиға жайлы Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) айтқанда, Алла Елшісі ашулыкейіппен:

«Өлтірген адамның рас айтып, айтпағанын қайдан білесің? Әлде оның жүрегін жарып көрдің бе?- дейді» (Муслим, Иман-41; Әбу Дәуіт, Жиһад-95; Ибн Мажа, Фитән-1).

2. Әбу Хурайраның (өл.59/679) риуаяты бойынша сахабалардан бір топ кісі Пайғамбарымызға келіп былай дейді:

– Ішімізден сондай бір нәрселер сезінеміз. Мұны айтудың өзін үлкен күнә деп санаймыз. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!):

– Шынында да сондай бір нәрсе сезініп жатырсыздар ма? – деді. Олар:

– Иә, – деп жауап берген кезде, Расулулла (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!):

– Бұл иманның дәл өзі, – деп жауап қайтарды. (Муслим, Иман – 60).

Бұл хадис иманның жүрекке қатысты бір жайт екендігін білдіреді.

3. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) көптеген хадистерінде жүрегінде бидайдай яки титтей иманы болған кісілердің соңында жәннәтқа кіретіндігін айтып кеткен. Сондықтан иман жүректің ісі, жүрекпен қуатталса жеткілікті деп есептейді Матуриди мен Әшғари каламшылары.

Жоғарыда иман мәселесінде айтып өткеніміздей, Ханафи мәзхабы бойынша мұндай иман жеткіліксіз болып есептеледі. Себебі, адам сенген нәрсесін тілімен айтпайынша діни тұрғыдан оның кім екендігін біле алмайды.

Олай болатын болса иман етудің бұл жолы Ханафилар үшін толық болып есептелмейді.

б) Иман – сенілуі қажет негіздерді жүрекпен білу (мағрифат) дегендердің көзқарастары

Жәхм ибн Сафуан (өл.128/745) жағынан құрылған Жахмия мәзхабы бойынша, иман жүректің мағрифатынан тұрады. Яғни, жүрекпен тасдиқ етпестен (қуаттамай-ақ) Алланы және Хазіреті Пайғамбардың айтқан хабарларын жүрекпен білсе, сезсе жеткілікті деп есептейді. Бұл дегеніміз, сіз иман негіздерін жай жүрегіңізбен сезініп, біліп жүрсеңіз болғаны деген ұғымды білдіреді.

Имам Матуриди бұл пікірге мүлдем қарсы: «Иман жүректің біліп қана қоюынан тұрмайды. Себебі, мағрифат сөзінің антонимі – надандық. Ал иман сөзінің антонимі – күпірлік. Егер иман мағрифаттан тұратын болса, надандық, сауатсыздық күпірлік болуы керек еді. Нәтижеде әрбір сауатсыз кісінің кәпір, әрбір ғалым кісінің мумин болуы тиіс. Бірақ, бұл мүмкін емес».

Захири Ибн Хазым (өл.456/1064) бұл мәселе жайында өте орынды жауап береді: «Иман жүректің мағрифаты (танып білуі) болғанда яхуди мен христиандардың Хазіреті Пайғамбарды, шайтанның Алланы білгендіктері үшін мумин болулары керек еді. Бірақ бұл Құран аяттарына қайшы келуде», – дейді.

Шынында да яхуди және христиан оқымыстылары Хазіреті Пайғамбарды дүниеге келмес бұрын білді. Оның қандай ерекшеліктері мен қасиеттері болатындығын бес саусағындай білгені сол, тіпті өз балаларынан артық танитын еді. Мысалы, Пайғамбарымыздың 12 жасында көкесі Әбу Тәліппен Сирияға сауда мақсатымен сапарға барғанда Бахира есімді монахтың Пайғамбарымыздың болашақ соңғы пайғамбар екендігін Әбу Тәліпке айтып, оны яхудилерден таса ұстау қажеттігін ескертеді.

«Иман негіздері» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.