Аз уақыт ішінде қарыз материалдық қана емес, психикалық болмысты да өзгертіп жіберді.Қарыздың мынадай жанама әсерлері бар:
1. Жалғыздыққа ұшыратады. Қарызды төлемей қоюдың ең оңай әдісі – қашып кету, ұшты-күйлі жоғалу. Кімге болмасын осындай ой келеді. Берешегін беру керек адамды танымағандай, көрмегендей болып, телейонды сондіріп мүлде кетіп қалуға болады. Осымен проблема шешілгендей тәрізді. Бірақ жұрттан қашқанмен, қарыз мида қалады. Осының өзі-ақ қоғамнан оқшаулануға жеткілікті. Қарыз болған адаммен жолықпас үшін той-томалақ пен жиынға бару азаяды. Сіз еріксіз өзгеден алыстап бара жатқаныңызды байқамай қаласыз.
2.Көңіл-күй құбылмалы болады. Әдетте адамдар қарыз алғанда позитив, эмоцияда болады. Оңай келе салатын, проблеманы әп-сәтте шешіп беретін жылдам ақша кімді болмасын қызықтырмай қоймайды. Ол тек проблемадан құтқармайды, жайлы сезім сыйлайды. Әрине, оның салдарын, жауапкершілігін ойламайтын болсаңыз.
Қарыз артық күш жұмсамай, тез табуға болатын көмек құралы болғандықтан, неғұрлым тез қарыз алуға болатын жер іздейміз, қажет ақшаны тез алғымыз келеді. Банктен кредит алуды, ломбардқа бағалы зат қойып, ақшасын алуды немесе досымыздан тезірек қарыз сұрауды ойлаймыз. Бірақ көпшілігінде <<тез келген ақшаны жылдам қайтаруым керек, мына уақытта толық соманы беремін>> деген жоспар бола бермейді. Сондай жоспардың болмауы, яғни жауапкершілікті сезінбеу алғашқы алғашқы позитив эмоцияны негативке алмастырады. Қарыз шошып оянатын түске айнала кетеді.
Айналамдағы адамдардың басым бөлігі қарыз алғанда қазақбайшылыққа салынатындығын жиі көремін. <<Алла қалап, жұмысым жүріп кетсе, берермін. Көпшіліктің ортасында отырмыз ешқайда кетпейміз, қайтарармыз>> деген оймен қарызға кіреді. Жоспарсыз алған қарыздың қайтаратын уақыты келгенде қырық өтірік айтылады. Өкінішке орай, немқұрайлықтың соңы депрессияға апарады.
3. Жалған намыс. Тағы бір жағымсыз күй-жалған эмоция жетегіне кету. Казинода жүріп, қомақты ақша ұтылған сайын іштей қатты ызаландым, ашуға салындым. <<Ұтып аламын, қайтарып аламын>> деген жалғыз намыспен өзімді қамшылай бердім. Бір адамнан, екі адамнан қарыз алып, үсті-үстіне көбейе берді. Қазыр жиі айтылатын, бірақ өлшемі жоқ <<тәкаппарлық, жігіттік серт>> тәрізді жалған сезімнің жетегінде жүріп, қарызға батқанымды байқамай қалдым. Одан ары адам абыройдан айырылып, жұрттан ұят болатынын ойлап, жанталасып қарызданқұтылғысы да келеді. Бірақ ұзақ мерзімді жоспары жоқ, есеп жүргізілмеген соң бастаған іс нәтижесіз болады.
4. Үнкемі уайым, депрессия. Әрине, 15-20 мың теңге қарыз алып, ай соңындағы жалақыдан қайтаруды жоспарласаңыз, дәл осы қарыздың кесірінен депрессияға ұшырай қоймассыз.Бірақ алдыңызда қарызын қайтару керек бірнеше адамның тізімі жатса, оларға беретін сома алты цифр не одан асып кетсе, кем дегенде түнгі ұйқыңыз қашатыны анық.
Адамның санасы төсектің басындағы қоңыраулатқыш тәрізді жұмыс істейді. Қоңыраулатқыш сіз ұйқыдан тұрып, оны өшіргенге тейін шыралдай береді.
Ми да күрмеуі шешілмеген, түйіні тарқамаған, жауапкершілігі бар істеріңіз туралы үнемі сізге дабыл белгісін жіберіп отырады. Сондықтан жабылмаған қарызыңыз, төленбеген кредитіңіз туралы ұмытпайсыз. Жатса да, тұрса да мида жүреді. Күн көзінен еріп кететін қар түйіршіктері тәрізді, басыңызға келген әрбір жақсы ойды уайым мен депрессия жойып жібереді. Оның құнын төмендетеді. Өміоіңіздегі позитивті байқай алмай қалсаңыз, тек қарызға батқаныңызды, күн сайын пайызы өсіп, шығындалып жатқаныңызды ойлай бересіз. Оны жақын арада төлей алмайтын болсаңыз уайымыңыз еселене түседі. Бұл – қарызға батқан кәдімгі борышкер адамның санасы.
Бақытжан Бұқарбайдың «Қарызсыз қазақ» кітабынан
Sunna.kz